АЛАШТЫҢ «АҚ ЖОЛЫ» (конкурс)
БИЫЛ 20 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫН АТАП ӨТІП ЖАТҚАН «АҚ ЖОЛ» ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ПАРТИЯСЫ ӨЗ БАСТАУЫН АЛАШ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНЕН БАСТАУ АЛАДЫ. АЛ, ӨТКЕНСІЗ КЕЛЕШЕК ЖОҚ. ЕНДЕШЕ, БҰЛ ЖОЛЫ БІЗ АЛАШ ТАҚЫРЫБЫНА КЕҢІРЕК ТОҚТАЛҒАНДЫ ЖӨН КӨРДІК…
Батыс алашордашы мұғалімдер
Білуімізше, Алашорданың батыс бөлігінде қазіргі Қызылқоға ауданының аумағында жұмыс жасаған Қаракл, Қарабау, Кермеқас «Қызылүйлерінің» бірқатар мұғалімдері қызмет еткен екен… Иə, бұл жағдай жұртшылыққа белгілі. Оған дəлел, Атырау облыстық мұрағатының №334 қорының 1-тізбегінің, 26 ісінде «Ерекше құпия» айдарымен 1937 жылдың 13 сəуірінде Гурьев округтік атқару комитетінің төрағасы Орынбаевтың Гурьев округтік оқу бөлімінің бастығы Цаллаговқа жазған хаты сақталған. Сол хатта Гурьев облысында жұмыс істейтін мұғалімдердің арасындағы «кеңестерге қарсы өзге элементтердің» тізімі жолданып, оларға қатаң шаралар қолдану тапсырылған. Онда қазақ тілі мен əдебиеті пəнінің мұғалімі Өмірзақ Есмурзинге, Аманғали Өстеміров, Адамбек Ұйықовқа, Мұқамбетжан Шонбасов, Қадырбай Есмағанбетов, Тəжіғали Таңқыбаев, Құсайын Муньяновқа, Қазмұқаш Ибрашевқа «бұрынғы алашордашылар» деген айып тағылған. Аталған мұғалімдердің арасынан Қазмұқаш Ибрашев пен Өмірзақ Есмурзин 1937-38 жылдары «үштіктің» шешімімен атылды. Тізімде көрсетілген Қадырбай Есмағанбетов пен Тəжіғали Таңқыбаев алашордашыл жасақтарды басқарған. Ол жөнінде «Алаш» энциклопедиясында жазылған. Алашорда үкіметінің жұмысына, əсіресе, Есбол «Қызылүйінің» түлегі, облыстық мектептерде ұстаздық еткен, кейін Қазақ ССР-нің халық комиссары дəрежесіне дейін көтерілген Асфендияр Кенжин ерекше еңбек сіңірген еді. Ол да репрессия құрбаны болды. Сонымен қатар, біздің білетініміз, 1937-1938 жылдары «халық жауы» деп айыпталғанға дейін Алашорданың батыс бөлімінің белсенді мүшелері Өмірзақ Есмурзин, Қазмұқаш Ибрашев, Құсайын Муньянов, Мұқамбетжан Шонбасовтар облыс мектептерінде еселі еңбек етті. Мысалы, Қазмұқаш Ибрашев Гурьев қаласында 1920 жылы ұйымдастырылған мұғалімдер білімін жетілдіру курстарының меңгерушісі болса, Өмірзақ Есмурзин округтік оқу бөлімінің инспекторы ретінде өлке мектептерінің жай-күйін тексеру ісіне белсене араласқан. Бұл жөнінде облыстық мұрағаттың 131-қорының №13 ісінде материалдар сақталған. Ал, Құсайын Муньянов 1937 жылы Гурьев қаласында ашылған О.Исаев атындағы қазақ орта мектебінде жұмыс істеп, болашақ академик С.Зимановқа сабақ берген. Мұқамбетжан Шонбасов 1887 жылы Қарабау ауылында туған. 1910 жылы Орынбор мұғалімдер семинариясын бітіргеннен кейін 1948 жылға дейін облыс мектептерінде ұстаздық етеді. 1918-1920 жылдары Алашорданың батыс бөлімі жұмысына араласып, Сағыз уезін басқарған. Кейін осы қызметі өзіне «пəле» болып жабысып, 1937- 1939 жылдары кеңестік басқару жүйесі тарапынан қуғындалып, мұғалімдік жұмыстан біраз уақытқа аластатылады. Зұлмат жылдарында жазықсыз құрбан болған қазақ интеллигенциясының өкілдері көп. Сондай жазықсыз жалаға ұшыраған мұғалімдердің бірі Атырау облысының Тайсойған өңірінде туып-өскен, өмір бойы мұғалім болған Қойшыбай Есембаев еді. Ол 1890 жылы Қызылқоға ауданында дүниеге келеді. Оқытушылық гимназияны бітіргеннен кейін ұзақ жылдар бойы Қарабау, Тайсойған өңірлерінде қазақ мектептерінде сабақ береді. Қойшыбай Есембаев 1916 жылы Орал қаласындағы дəрігерлік-фельдшерлік арнайы курста оқып, куəлік алады. Бұл куəлік бойынша оған өзі қызмет істейтін жерінде ауырған адамдарды емдеуге толық құқық берілді. Сол бір сүзек пен шешектің, оба мен басқа да қатерлі аурулардың өршіп тұрған кезінде ол қолынан келгенін аямай, талай адамды ажал аузынан арашалап қалады. Атақты Халел Досмұхамедовпен біраз жыл қызметтес болған екен. Халық ағарту ісіндегі ұзақ жылдар бойы атқарған еңбегі үшін ол 1949 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталып, сол жылы «Қазақ ССР-не еңбегі сіңген мұғалім» атағына ие болады. Алайда, 1951 жылы нақақ жаламен «халық жауы» деген айып тағылып, он жылға сотталған. Бұл кезде орденді мұғалім 61 жаста еді. Жазықсыз жала кеудені күйдіріп, оған қоса Ақтөбе түрмесінде көрген қорлықтан ол көп ұзамай қайтыс болады. Кейін əділеттік орнап, 1962 жылы 29 наурызда Қазақ ССР-нің Жоғарғы соты Қойшыбай Есембаевты толық ақтап шығады. Бір кездері бүкіл Атырау – Ақтөбе аймағы ерекше бір ыстық ілтипатпен атаған Аяпберген Науанов, Ғадылша Науанов есімдері сталинизмнің құрбандары болғандықтан, көп жылдар бойы сыбырлап айтылып келді. 30-жылдарда Ойыл, Қызылқоға, Ақтөбе өңірінде беделі жөнінен ағартушылар əулеті Науановтарға тең келетін ешкім болған жоқ. Олар үш ағайынды Аяпберген, Жолдыбай, Жолдас Науановтар еді. Олардың ішінде шығыстық білімді Түркияда алған, Қызылқоға өңірінде төте жазу мектептерін төңкеріске дейін ашып, бала оқытқан Аяпбергеннің өзі де, ұлы Ғадылша да кейін репрессияға ұшырап, өлім жазасына кесіледі. Ə р и н е , Ат ы р ау м ұ ғ а л і м д е р і н і ң Алашорданың батыс бөлімінде атқарған жұмысы туралы толықтай зерттелді деуге болмайтыны анық.
Алаш қайраткерлері зерттеліп бітті ме?
Кезінде тарихшыларымыз бірауыз сөз айтуға бата алмайтын кеңестік кезең тарихы бүгінде қайта қаралып, тарихтағы ақтаңдақтардың орны толтырылуда. Дегенмен əлі де болса шынайы тарихи бағасы беріліп, тың деректердің негізінде қайта объективті зерттеуді талап ететін өзекті де күрделі мəселе – Алашорда үкіметі мен Алаш партиясының қоғамдық-саяси қызметі. Сол тұстағы қазақ қоғам қайраткерлерінің қызметі мен қайғылы тағдырлары демекпіз. Мұрағаттар ашылып, құпия қорлардағы құжаттарды қайта ой елегінен өткізіп, саралау жұмыстарын жүргізу кемшін, тың мəліметтер құпия қорларда сақталуда. Алашорданың мемлекеттік, азаматтық тарихы жөнінде зерттеу еңбектер жəне ғылыми мақалалар тəуелсіздік жылдары ғана жазылып, көпшілік қауымға беймəлім тарихи оқиғалар, Алашорда көсемдері мен мүшелерінің өмір деректері туралы айтыла бастады. Алашорда мүшелерінің саяси-қоғамдық, əлеуметтікэкономикалық бағыттағы қызметтерінің тарихы əлі толық зерттеліп болмағаны тарихшылар үшін алдағы уақытта тың деректер мен шаң басқан мұрағат қорларын ақтару сияқты орасан зор игі істер атқаруына тура келетіндігі – бүгінгі күннің бұлтартпас айғағы. Астрахан, Орынбор, Мəскеу, СанктПетербург, Омбы, Саратов, Уфа, Ташкент қалаларының мұрағаттарымен бірге еліміздегі облыстық мұрағаттардағы қорларда назардан тыс қалмау керек.
Алаш бастамасы жалғасып жатыр ма?
Зерттеулерде жаңа мұрағат деректеріне талдау жасау арқылы авторлар «Алаш – қазақ даласындағы алғашқы ұлттық партия» деген пікірге келеді. Мəселенің зерттелуіне «алаш» зиялылары шығармаларының, өзге де туындылардың қайта басылып, қалың бұқараға жеткізілуі де əсер етті. Солардың ішінен америкалық зерттеуші Марта Олкоттың 1957 жылы Стэнфорд университеті баспасынан ағылшын тілінде жарық көрген «Қазақтар» атты көлемді монографиясы бірінші кезекте атауға лайықты. Осы еңбектің «Революциялық жəне Кеңестік Қазақстан» атты үшінші бөлімдегі 1917-1920 жылдарға арналған тарауында 1917 жылғы революциялар, азамат соғысы жылдарындағы Қазақстандағы қоғамдық-саяси өмірге талдау жасалып, өлкеде құрылған əртүрлі бағыттардағы саяси қозғалыстар мен партиялардың қызметтеріне баға беріп, Алаш партиясы мен Алашорда қозғалысы тарихының əртүрлі кезеңдеріне, 1917 жылы өткен бірінші жəне екінші жалпықазақ съездерінің жұмыстарына шолу жасайды. М.Олкотт Алаш партиясын қазақ зиялыларының партиясы деп бағалап, олардың большевиктік үстемдігін Қазақстанда болдырмау мақсатында Алаш автономиясын жариялап, оның үкіметін құрғандығын айтады. М.Олкотт Алашорда үкіметі 1917 жылдың желтоқсанынан 1917 жылдың ортасына дейін Қазақстанды басқаруға саяси қозғалыстың қоғамдық дамудағы алатын орнына сəйкес емес деп есептейді. М.Қозыбаев Алашқа либералды ұлттық интеллигенцияның партиясы деген анықтама бере отырып, оның идеологиясы отаршылдыққа қарсы бағытталған ұлтшылдық болды деген қорытынды жасады. Алаш интеллигенциясы жаңа көзқарас қарастыруда ашық та батыл пікірлер айтып, дəлелді тұжырымдар жасауда М.Қойгелдиев пен Т.Омарбеков еңбектері ерекше ықпал еткенін атап өткен жөн. Қос ғалымның пайымдауынша, Алаш қозғалысының көш бастаушылары негізінен екі мақсатты – қазақ елін отарлық езгіден азат ету мен қазақ қоғамын ортағасырлық мешеуліктен өркениетті əлеуметтік-экономикалық жəне мəдени даму жолына алып шығу міндеттерін көздеді. Сондықтан, алаштық интеллигенцияны «ұлттық-демократиялық интеллигенция» деп, ал Алаш партиясын «ұлттық-демократиялық партия» деп атаған дұрыс. Алаштану саласында зиялы қауым бірлесіп зерттейтін ғылыми шешімін күткен мəселелер жетерлік. Алаштың əлеуметтік, саяси жəне экономикалық бастау көздері, партияның XX ғасырдың алғашқы жиырма жылындағы Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі алған орны мен атқарған ролі, 1917 жылғы екі революция аралығындағы Алаштың басқа партиялармен өзара қатынасы мен байланысы, партияның дамуындағы ішкі қайшылықтар, Алаш қозғалысының көрнекті қайраткерлерінің көзқарас эволюциясы, Алаш қайраткерлерінің саяси қуғындалу қасіреті, Алаш қозғалысы жəне оның Орта Азия мен Еділ бойының түркітілдес халықтарының саяси партиялары мен қоғамдық қозғалыстарымен байланысы, Алаш қозғалысы мен оның қайраткерлері идеяларының бүгінгі Қазақстан жетістіктерімен тарихи сабақтастығы мəселелері əлі де зерттеуді қажет етері сөзсіз.
Аталған тақырып аясында біз нені ескермей жүрміз?
Бұл мәселе өз деңгейінде зерттеліп, келер ұрпаққа ұсынылуы үшін қандай қадамдар жасалуы керек? Жас ұрпақты Алаш идеясымен кең ауқымда жəне жүйелі түрде таныстырып, оны отаншылдық рухта тəрбиелеу мақсатында Алаш қозғалысына қатысты архив құжаттарын, бірінші кезекте 1928-1932 жылдарға тиесілі ғасыр құжаты аталған «Алаш ісі» сот процестері материалдарын көп томдық түрінде жариялау ісі қолға алынбай келеді. «Алаш ісі» сот процесімен тікелей байланысы бар келесі мəселе XX ғасырдың 20-50-ші жылдарында жүргізілген саяси репрессия материалдарын, Қазақстандағы репрессия тарихын, ресейлік ғалымдарды араластырмайақ, отандық тарихшы-ғалымдардың күшімен қорытып, көп томдық жариялау ісін қолға алу керек. Сондай-ақ, ұлықтау негізінде Елорда, Алматы, Семей, Қарқаралы, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе жəне Түркістан қалаларының орталық көшелерінің біріне Алаш есімі беріліп, салтанатты түрде ескерткіш немесе тақта орнатылса, онда «АЛАШ» аты уақыт өткен сайын қазақ елінің көгінде жарық жұлдыздай жарқырай бермек.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Дурыско…