Жарнама
Саясат

АҚКИІЗТОҒАЙҒА ЖОЛ САЛЫНСА ИГІ

 

Содан бергі төрт айда село тұрғындарының несие алуына, мектепті жөндеу және тәрбиеленушілерді оқу құралдарымен қамтуға жәрдемдесу, ауыл малдарын түрлі ауруларға қарсы егу, селолық жер аумағын кеңейту турасындағы  талап-тілегі, ұсыныс-пікірлерінің орындалу жайы қалай? Ақкиізтоғай селолық округ әкімі Мүбәрак Бектенбаев та халық алдындағы есепті баяндамасын осы сауалдар төңірегіне ұйыстырыпты.

Округ бойынша «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасының екінші бағыты шеңберінде ауылдық жердегі кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсету мақсатында 2013 жылы «Қожанапес Ата» шаруа қожалығы түйе малын  және асыл тұқымды аталық малдар сатып алу үшін 3 млн. теңге, жұмыссыз  Нұржамал Естаева мал өсіру бағытында 1,5 млн. теңге, кәсіпкер Әбутай Жаңбырбаев  өз кәсібін жандандыруға 3 млн. теңге несие алуға қол жеткізіпті. Олардың қатарында жаңадан құрылып, мал өсіруді ниет еткен «Арыстан» несие серіктестігі де бар, алған несиесі — 18 млн. теңге.

Ал, білім ұясы мен оның тәрбиеленушілерінің жайы ше? «Мектепке жол» акциясы аясында «Экология тайр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 280 мың теңгемен қарасып, «Жаңа таң» ЖШС, «Сайранбек» шаруа қожалығы және «Есенгелді қажы» мешіті 30-40 мың теңге көлемінде жәрдемдесіп, барлығы 375700 теңгеге мектеп оқушыларына спорттық киімдер, оқу құралдары алынды және ауыл мектебі күрделі жөндеуден өтті.

Үстіміздегі жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша ауылға 1,451 мың теңге бөлінген еді, осы негізде село тұрғындарымен кездесу өтіп, аталмыш қаржыға балаларға ойын алаңын салуға келісілді.

Баяндамадан мәлім болғанындай, ауыл бойынша осы уақытқа дейін 1224 сиыр, 6428 қой-ешкі, 90 түйе бірдейлендірілсе, 4496 центнер сүт, 6552 центнер ет өнімдері өндірілген екен. Тұрғындардың талаптарына сәйкес, округ бойынша қой-ешкі, сиыр, түйе және жылқы малдары сібір жарасына, қарасанға, құтыру ауруларына қарсы егіліп, бруцеллез ауруына қатысты қаны алынып, тексерулерден өткені айтылды.

Жалпы, Ақкиізтоғай селосы бойынша жыл сайын жыр болып келе жатқан екі проблема бар. Оның бірі қаламен қатынас жолы десек, бұл бағытта сметалық-жобалау құжаттары жасақталған екен, ол 2 млрд. 400 млн. теңге деген сөз айтылып қалды. Қаржы мәселесі шешілсе, істің басталуы ұзаққа кетпейді. Екіншісі – селоның жер көлемін ұлғайту. Аудандық жер қатынастары бөлімінің бастығы Дағыстан Наурызбаевтың айтуынша, Ақкиізтоғайды жан-жағынан «Жаңа таң» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жері қоршап жатыр, ол жердің 25 пайызы ғана қолданыста, ал қалған 75 пайызы пайдаланылмай жатыр екен. «Жерді алған соң, ол бос жатпауы керек, міндетті түрде игерілуі тиіс. Осы негізде Ақкиізтоғай аумағына 66 мың гектар жер беру турасында ұсыныс бар, ол бақылауда, шешіледі деп есептеймін» деді ол. Бұлай болған жағдайда село аумағы алты есе ұлғайып, ауыл малына едәуір өріс ашылады екен.  

Жиналысқа қатысқан ауыл тұрғындары күні бүгін мал ұрлығының өршіп тұрғандығына алаңдаушылық білдірді. «Бұған дейін қой ұрлау белең алып еді, енді ұрылар ірі қараға ауыз сала бастады. Түйе, сиыр малы шығандап шығып, көзден таса болса, ұшты-күйлі жоғалады. Сол дәніккен ұрыларды ұстап, шығынымызды өтесе…» дейді олар. Соңғы оқиға – Жаманқұмақта  ауыл тұрғынының буаз түйесін сойып алып, ботасын лақтырып кетіпті. Полиция өкілі «Арыз түсті, хабардармыз, іздестіру жұмыстары жүріп жатыр» деп жауап берді.

Шалғайдағы ауылға полиция өкілінің қаладан келіп, жұмыс істеуі де оңайға түспейді екен. Аудан әкімі М.Ізбасов қорытынды сөзінде учаскелік полиция бос тұрған үйді жалға алса, оны бюджеттің есебінен ұстауға болатынын қаперге берді. Аудан басшысы, сонымен қатар, ауылдық округтің аумағы үлкен болғанмен, шаруа қожалықтары аз, сондықтан кәсіпкерлікті дамытуды жолға қою керектігіне, осы негізде селолық округтің әкіміне беріліп отырған өкілеттіктер тиімді пайдаланылса, қай мәселені де шешу соншалықты қиынға түсе қоймайтынына назар аударды.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button