ЕЛДІКТІҢ СТРАТЕГИЯСЫ

«Біз алыс болашаққа көз тігіп, алдымызға биік межелер белгіледік. Қандай мақсатқа, қай жолмен жеткенімізді нақтылап, оның келешек межелерін жүзеге асыруға кірістік. Біздің алдымызда енді жаңа доктринаны сәтті жүзеге асыру міндеті тұр» деп мәлімдеді «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының төрағасы, өңір басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында.

Партияның кезектен тыс съезінде қабылданған Доктринаның басты жеті қағидатына тоқталған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов«Бағдарлама жан-жақты жасалды, біз не істеу керектігін білеміз, әрі оны қалай істеп, сол арқылы қандай мақсаттарға жететінімізді де болжап отырмыз. Әлбетте, өмір бір орында тұрмайды, тарих қашанда өзінің аргументтерін алға тартады. Енді біз құбылысты, бұрылысты кезеңге дайын болуымыз керек» деген ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың партия съезінде сөйлеген сөзін келтіре отырып, қазақ мемлекетінің алдында енді әлемнің ең дамыған отыз мемлекетінің құрамына ену міндеті тұрғандығын айтты. «Бұл «Нұр Отанның» болашаққа жол сілтейтін темірқазығы болуы керек. Съезде қабылданған жаңа саяси Доктрина да осыны көздейді»  деген партия филиалының төрағасы мақсатқа мемлекетіміздің индустриялық бағдарламаларды сәтті жүзеге асыру, ел экономикасына инновациялық технологияларды енгізу арқылы қол жеткізетіндігін атап өтті.

«Қазақ елі бүгінде әлемге бейбітшілік жаршысы ретінде танылды. Семей полигонын түпкілікті жабу, сол арқылы ядролық қаруды жою арқылы еліміз бейбіт те, тыныш өмірге қол жеткізді» деп тоқталған облыстық партия филиалының төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов «әлемнің жақын кезеңдегі даму сатысы төтенше күрделі жағдайда болады. Мұндай жағдайда барша қазақстандықтар дамуымыздың тұрақтылығын бағалауы керек» деген ел Президентінің съезде сөйлеген сөзін келтірді. «Ендігі жерде  облыс, қала, аудандардан бастап, әр елді мекендерде Президент тапсырмасының сапалы орындалуын жүзеге асыруымыз қажет» деген облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бұл орайда жауапкершіліктің жоғары болуы керектігін атап айтты.

«Жеке тұлғаны тәрбиелеу отбасынан басталады. Партия съезінде қабылданған Доктринада осы мәселе кеңінен қамтылған» деп атап айтқан «Татар-башқұрт» этно-мәдени орталығының төрайымы Гүлсина Байкенова берік отбасынан мызғымас мемлекеттің қалыптасатындығын жеткізді. Сондай-ақ, ол ендігі жерде доктринада жүктелген міндеттерді нәтижелі түрде жүзеге асыру үшін сараптамалық түсіндірме жұмыстарын жүргізуді ұсынды.

«Қашанда бүкіләлемдік қауымдастықпен бірге өмір сүру керек. Сол себепті де зауытта инновациялық даму жобалары жүзеге асырылып келеді» деп атап өтті өз кезегінде Атырау мұнай өңдеу зауытының Бас директоры Қайрат Оразбаев. «Съезд барысында сөйлеген сөзінде Елбасы жастар саясатына айрықша назар аударды. Осы орайда зауыт қызметкерлерінің жиырма үш пайызын жастардың құрайтындығын атап өткім келеді» деген ол бүгінде жас мамандармен кадр резервін қалыптастыру, шет мемлекеттерде біліктілігін арттыруға жағдай жасау сынды жұмыстардың жүргізіліп жатқандығын жеткізді.

«Доктринаның басты құндылығы – төл мәдениет пен ұлттық рух, халықтың жақсы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасауды қамтуында» деп есептейді «Жас Отан» жастар қанатының белсенді мүшесі Қатима Тусаева. Айтуынша, бүгінде ауыл жастарымен байланысты нығайту бағытында қала орталығындағы «Көктем» базарынан «Кеңес орталығы» ашылған. «Мұнда жастарға жұмысқа орналасу, мамандық таңдау, жеке кәсіп ашу, тұрғын үй мәселелері бойынша кеңес беріліп келеді» деген ол аудандар мен ауылдық жерлерде арнайы мобильдік топтардың құрылғандығын жеткізді. Білгеніміздей, құрылған топтар ауыл жастарына арналған мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру бойынша түсіндірмелі-ақпараттандыру жұмыстарын жүргізеді екен. Тағы бір жаңалық, «Жастар кадрлық резерві» жобасына биылдың өзінде 57 жас тіркеліп, оның екеуі келесі айналымға өтіпті. «Енді олар қарашаның 1-4 аралығында Астанада арнайы семинар-тренингке қатысып, өз жобаларын қорғайтын болады. Білімдерін дәлелдеген жағдайда Қазақстан Президенті жанындағы мемлекеттік істер академиясынан, Білім және ғылым министрлігінен, «Самұрық – Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорынан жұмыс тәжірибесінен өтетін болады» деген «Жас Отан» жастар қанатының  мүшесі Қатима Тусаева көп ұзамай «Сәтті қадам» жобасының іске қосылатындығын жеткізді. Бұл жоба өңірдегі ірі-ірі мұнай, кәсіпкерлік, мемлекеттік мекемелермен арнайы меморандумға отырып, дипломы бола тұра жұмыссыз жүрген жастардың жұмысқа орналасуына мүмкіндік туғызбақ. Өзге де мәселелерге тоқталған ол кеңес орталығын енді «Дина» базарынан ашуды ұсынды.

Доктринаға байланысты ой-пікірімен бөліскен қалалық мәслихат депутаты Бақытгүл Хаменова «бас партияның мақсаты – ел азаматтарының күнделікті өмір сүруіне барлық жағдайды жасау арқылы, барша қазақстандықтардың мұқтаждығын оңтайландыру» деп атап өтті.

Саяси кеңестің кеңейтілген отырысын «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов қорытындылады. «Доктринаның негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып, 2050 жылға межеленген стратегияға жету болып табылады» деген ол мемлекет тарапынан жасалынып жатқан барлық іс-шаралардың адамдардың тұрмысын, болашағын жақсарту үшін атқарылып жатқандығын баса айтты. Одан әрі Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық мемлекеттік құрылымдарға жүктеген міндетіне тоқталған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов «бүгінде өңірімізде егін көлемін ұлғайтуға жұмыстар жасалып жатыр. Ауыл шаруашылығының ахуалын сонау Кеңес Үкіметі кезіндегі деңгейге жеткізсек, Атырау өз-өзін толық қамтыған болар еді» деп, ендігі жерде Доктринада жүктелген міндеттерді сапалы жүзеге асыру мақсаты тұрғандығын жеткізді.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Суреттерді түсірген 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз