АҚ ЖАЙЫҚТЫ ЖАҒАЛАЙ ЖАҢА ҚАЛА САЛАМЫЗ
Қаланың аумағы өсіп келеді
Бүгінде мұнайлы астана күн санап өсіп келеді. Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Төлеп Орынбасаровтың айтуынша, Атырау қаласының аумағы қазірдің өзінде 16 566 гектарды құрайды. Облыс орталығының бас жоспарын қайта жасақтау жобасы жүзеге асқан кезеңде ол 45 871 гектарға жетпекші. Тоқталары, Атырау қаласының қолданыстағы бас жоспары 2015 жылға дейін есептелген, яғни, оның қолданылу мерзімі іс жүзінде аяқталды. Облыс орталығының бас жоспарын қайта жаңғырту қажеттілігі сондықтан туып отыр.
— Облыс орталығының бас жоспарында қаланың аумағы 13186,0 гектарды құрап, бас жоспардың есепті кезеңінің соңында 19205,2 гектарға дейін ұлғайту қарастырылған. Есепті мерзімде (2015 жылы) қаланың халқы 220 мың адамды құрауы тиіс болатын, іс жүзінде бұл шаһардың бүгінгі күнгі көрсеткішіне сәйкес келеді, — дейді басқарма басшысы.
Биылғы жылдың 1 қаңтарына шығарылған есеп бойынша Атырау қаласы мен оның маңындағы селоларда 314,5 мың адам тұрады, бұл облыс халқының 55,4 пайызы. Соның ішінде Балықшы мен Жұмыскер тұрғындарын қоса есептегенде, қала жұртшылығы 221,3 мыңды құрайды. Сәулетшілер бүгінде халықтың жаппай жеке үй салуын, әсіресе, бұрын көп қатарлы үйлердің тар пәтерлеріне қамалғандардың енді кең баспанаға көшуін заңды құбылыс санайды. «Казгипроград-1» жобалау институтының мамандарыда осы жағдай жобаны жасақтауда басты назарда болғанын айтып отыр.
Атырау қай бағытта дамиды?
Сонымен, Атырау қай бағытта дамиды? Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының пікірінше, мұнайлы астананы дамытудың алғашқыда төрт нұсқасы дайындалыпты. Оған орталықтағы сәулетшілер, мамандармен қатар, украиналық мемлекеттік ғылыми зерттеулер және қалаларды жобалау институтының өкілдері де қатынасқан. Осындай бірлескен жұмыстың, қызу пікірталастың нәтижесінде мамандар екінші «сызықтық» нұсқаның артықшылығын көрген. Яғни, қаланы келешекте солтүстік бағытта дамыту көзделуде.
— Бас жоспарда қабылданған сәулет-жоспарлы шешімге Жайық өзенінің бар болуы едәуір ықпал етті. Өзен шөлейтті аймақта орналасқан елді мекеннің микроклиматтық жағдайларын жұмсартуға өз әсерін тигізеді, — деді облыстың бас сәулетшісі Төлеп Қиялбайұлы.
Ақиқатында, қаланың өзен бойын қуалап орналасу тәжірибесі өзге елдерде жүйелі жүзеге асуда. Мәселен, Ресейдің Астрахань, Волгоград шаһарлары соған мысал. Олардың аумағы қазірдің өзінде 65 шақырымға дейін жетіпті. Оның үстіне Атыраудың шығыс бағытын теміржол мен өнеркәсіптік аймақ шектейді. Батысы әуежайға, сонымен қатар зиратқа, инженерлік-геологиялық жағынан қолайсыз аумақтарға барып тіреледі. Облыс орталығының оңтүстік бағытта дамуы да мүмкін емес. Каспий теңізі жақын болғандықтан аймаққа су жайылып кетуі мүмкін. Оның үстіне «Ақжайық» мемлекеттік резерваты да осы тұста орналасқан. Сондықтан, қалып отырғаны бір ғана бағыт – солтүстікті бетке алып даму.
Жобаны жасаушылар 2030 жылға қарай Атырау қаласының тұрғындары 350 мыңға дейін өседі деп болжам жасайды. Іргедегі 26 елді мекеннің 16-ы, атап айтқанда, Балықшы, Жұмыскер, Рембаза, Ақжайық, Водников, Көкарна, Құрсай, Геолог, Бірлік, Новокирпичное (Береке), Томарлы, Ақсай, Ажар, Талқайраң, Теңдік разъезі, сонымен қатар, Махамбет ауданының екі ауылы — Алмалы мен Береке Атырауға қосылып, қала аумағы 16 566-дан 45 871 гектарға бір-ақ өспекші. Соның ішінде, Махамбет ауданынан қосылатын жердің көлемі 7145 гектарды құрайды. Шаһардың қарқынды дамитындығы ескеріліп, ол он алты тұрғын ауданға бөлінген.
Тар пәтерден – кең үйлерге
Сессияда «Казгипроград-1» жобалау институтының директоры Валентина Баркова болашақ жаңа аудандарда негізінен жеке тұрғын үйлерге маңыз берілгендігін айтып отыр. Ал, көп және орташа қатарлы үйлердің құрылысы қаланың шағын орталықтарының айналасында, жағалау аумағында, негізгі жолдар бойында салынады екен. Сол себепті Атырау «үлкен ауылға» айналады деп қауіптенуге негіз жоқ.
Атырау қаласының бас жоспарын қайта жасақтау жобасымен таныстырған «Казгипроград-1» жобалау институты басшысы туындаған көп сұраққа жауап тосып, біраз маңдай терлетті. Сауалдың алғашқысын облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қойды. Ол жобада көрсетілген жеті жаңа көпірдің құрылысына қатысты еді.
— Көпірді көптеп салу қыруар қаражатты қажет етеді. Осынау үлкен құрылыстарды қолға алудың соншалықты қажеттілігі бар ма? – деді аймақ басшысы. Сұрақ мемлекет ақшасын үнемді, әрі ұтымды жұмсау ниетінен туған еді. Баркова ханым мұның себебін облыс көлемінде мұнай және газ желілерінің көптеп өтіп жатқандығымен түсіндірді.
Бақтықожа Салахатдинұлының келесі сұрағы Атырау мұнай өңдеу зауытының қайта жаңғыртылуына байланысты санитарлық аймақтың қаншалықты ескерілгендігіне қатысты қойылды. Бұған да «Казгипроград-1» жобалау институтының басшысы «мәселені ескердік, бұл жағдай назарымызда болады» деп жауап берді.
Ал, депутаттарды облыс орталығындағы демалыс аймақтарының жайы қызықтырды. Өйткені, қалада самсатып үйлер салынып жатқанымен, жұртшылық демалатын орындары аз. Бары қалталылардың «қоршауына» өтіп кеткен. Мұны қалалық парк, Сутягин бағы, Жеңіс саябағына қатысты айтуға болады. «Бар нәрсені жоқ қылдық. Енді жаңасын салудан өзге амалымыз жоқ» деді осы тұста облыс басшысы.
Ел назарын аударған
«ескі қала»
«Ескі қаланың» жайы халық қалаулыларының ерекше талқысына түсті. Депутат Александр Думлер осыған орай жасалатын жұмыстар туралы білгісі келген. Оның жауабын аймақ жетекшісі айтты. Облыс басшысы Бақтықожа Салахатдинұлының баяндауынша, пәтері бар кейбір адамдар «ескі қаладағы» үйлерін жалдап қойған. Олар болашақта тұрғынжайдың сүрілгені үшін өте көп көлемде өтемақы талап етпекші. Дегенмен, олай оңай жолмен олжа табуға жол берілмейді. Басқа өңірлерде ескі үйлердің орнынан көп қатарлы үй салғандар жер иесіне жаңа пәтер ұсынады, алмаса, оның өзі біледі. Заң аясындағы жұмыс Атырауда да алдағы уақытта жүзеге асады деген үміт бар. Өйткені, тарихи құндылығы жоқ, ескірген, опырылған «ескі қаладағы» тұрғынжайлар мұнайлы астананың көркін алып тұр. Оның үстіне Елбасы кешегі халыққа арнаған Жолдауында тұрғындарды арзан баспанамен қамтамасыз ету міндетін тапсырды. Соның аясында қазыналы өңірде тұрғын үй құрылысына қатысты үлкен жұмыстар атқарылмақшы.
Біраз талқылаған соң Атырау қаласының қолданыстағы бас жоспарын қайта жаңғырту жобасын депутаттар бірауыздан бекітті.
Азамат БАЗАРБАЕВ.