АЙЫРБАСТАУҒА КЕЛМЕЙТІН АЛТЫН МЕКЕН
Қоғамдық келісім кеңестерін құруды жолға қойған Елбасының Үкіметке берген тапсырмасы бойынша әр өңірде Ассамблеяның «Достық үйлері» ашылды. Кейде өзге аймақтарға барғанымызда, «біздің облыста түгелге жуық қазақтар тұрады, Ассамблеяның қажеті қанша?» деген сөздерді естіп жатамыз. Елбасы айтқандай, Ассамблея ең бірінші қазаққа керек. Қазақтың ынтымағы мен бірлігі мықты болмайынша, болашақта мемлекеттің тұтастық келбетін сақтау мүмкін емес. Барлық елдермен тығыз қарым-қатынас орнатып, сан ұлттың басын бір жерге жисақ, бір-бірімізбен тез тіл табыса аламыз. Бұл дегеніңіз – барлық жоспарларымызды орындауға мүмкіндік туады деген сөз.
Құрманғазы ауданының Кудряшов және Котяев селоларының аралығында Сергей Лазо атындағы колхоз болатұғын, мен сол жерде дүние есігін аштым. Ата-анам 1937-1938 жылдары Қиыр Шығыстан жер аударылып келген-ді. Бала кезімнен қазақ-орыс тілдерінде еркін сөйлеп, ұйымшыл ұлтқа бауыр басып, санам да соған сіңісіп кетті. Алғашында үй-күйіміз бола қоймаған бізді ауылдық жердегі қараша қауым барынша қамқорлыққа алып, туғанындай көріп кетті. Әжем қазақы таба нан пісіретін, үйімізде ет пен ақ әлі күнге дейін үзілмей келеді. Біреулер басқа ұлттың салтын ұстанғанымыз үшін сөгіп жатады. Бұл мүлде орынсыз. Себебі, өзге ұлыстың әдет-ғұрпын сыйлай білу – көрегенділіктің белгісі емес пе? Біздің де ұлттық мейрамдарымызда өзге ұлт өкілдері келіп дәмнен ауыз тиіп жатады. Бұл өз ұлтынан бас тарту емес, қайта, өзгенің қадір-қасиетін бағалау, өзіндік сананы кеңейту деп білемін.
Біз 1959 жылы отбасымызбен бірге сол кездегі Гурьев қаласына қоныстандық. Жоғары оқу орнын аяқтап, азамат боп жетілсем де, мен ыстық ұя Қазақстанымда қала бердім. Себебі, біздің ел – ең бай, қуатты мемлекет. Ал, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев – түрлі ұлт пен ұлыс өкілін бір жерге ұйыстырып, жақындастыра білген байыпты басшы. Сондықтан, екі әпкем Ресейге көшсе де, жұбайым Зинаида, ағам және тағы бір әпкем осында қалдық. Бойымда қазақтың қаны болмаса да, кіндік кесіп, маңдай терін төккен киелі топыраққа мәңгі қарыздар екенімді естен шығармаймын. Бұл жерде сіңірген еңбегім зая кетпеді. Ата-анам қартайып, ұрпағым өсіп-жетілді. Сондықтан, алдыма ат басындай алтын қойса да, өз Қазақстанымды өзге елге айырбастай алмаймын. Мұны мендей жандар жақсы түсінеді. Балалық бал шағым, жалынды жастық дәуренім өткен аяулы мекен әрдайым ыстық, жүрекке жылу сыйлайды.
Өз басым «Елім маған не берді?» деп емес, «Мен елім үшін не істедім?» деген сауалға жауап іздеп жүретін жанмын. Атыраудың энергетика саласында ұзақ жыл бойы табан аудармастан еңбек еттім. Қазір зейнетке шығып, немере-шөберелерімнің ортасында қызықты қарттығымды көрудемін. Қазақстандағы кәсіпкерлерге деген қолдаудың арқасында шағын кәсібім де жоқ емес, ол да болса өз нәсібім. Ендеше, елдегі ұлтаралық татулықты нығайтуда маңызды конституциялық орган болып табылатын – Ассамблеяның жылы құт-берекелі болсын деп тілеймін. Бейбітшілік пен келісімді насихаттаушы ұйым қазақстандық этнос пен конфессияаралық толеранттылықтың үлгісіне айналсын!
Валентин ЛИ,
жеке кәсіпкер,
Махамбет ауданы.