АЙМАҚТЫҢ ДАМУЫ – БАСТЫ НАЗАРДА
Делегация құрамында Республикалық қоғамдық штаб жетекшісі Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, белгілі қоғам қайраткерлері, сондай-ақ, мәдениет пен өнер саласының өкілдері болды.
Алдағы сайлауда Елбасына өз қолдауларын білдіру үшін «Жайық» спорт сарайына облыстың мыңдаған тұрғыны жиналды. Сөйлеген сөздерінде олар Қазақстанның табысты дамып келе жатқаны үшін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыстарын білдірді. Одан әрі Салтанат сарайында Республикалық қоғамдық штаб мүшелерінің Атырау облысының еңбек ардагерлерімен кездесуі болды.
Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, өңірдің құрметті тұрғыны Илья Жақанов өз сөзінде Мемлекет басшысы саясатының әлеуметтік-экономикалық қана емес, сондай-ақ, мәдени саланың табысты дамуына да бағытталғанын атап айтты.
Өз кезегінде еңбек ардагері Любовь Монастырская бүгінгі қазақстандықтардың ынтымағы жарасқан бір үлкен отбасы болуына Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен дүниеге келген Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарып жатқан қызметінің зор екенін атап өтті.
Түстен кейін Республикалық қоғамдық штаб мүшелері Атырау мұнай өңдеу зауыты жұмысшы-қызметкерлерімен жүздесті. Ұжымның атынан зауыт қызметкері Әлфия Гумерова сөз сөйледі. Ол еңбек адамының қажеттілігін Мемлекет басшысының біреулерден есту арқылы ғана білмейтінін және еліміздегі барлық еңбеккерлердің оның қамқорлығын сезінетінін атап өтті.
Кездесулер барысында Атырау облысының халқы алдағы сайлауда өздерінің Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс беретіндерін бірауыздан мәлімдеді.
***
Кеше Қазақстан Республикасына кандидат Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Республикалық қоғамдық штабының мүшелері Маңғыстау облысында болды. Бұл жерде олар облыс активімен, медицина қызметкерлерімен, аймақ кәсіпкерлерімен, «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» ЖШС және «Ақтау металл балқыту зауыты» жұмысшы-қызметкерлерімен кездесті.
Делегация құрамында Республикалық қоғамдық штаб жетекшісі Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, «Ақ Жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев, «Бірлік» партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали, «КТК» телеарнасының директоры Артур Платонов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар, ғылыми-шығармашылық зиялы қауым өкілдері болды.
Маңғыстау облысының активімен кездесу Н.Жантөрин атындағы музыкалық драматургиялық театрында өтті. Маңғыстаулықтар өз сөздерінде аймақты дамытудағы Елбасының рөлін жоғары бағалады. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Халық келісімі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Юсуп Шахашов облыс тұрғындары Елбасына әруақытта сенімді тірек бола алады деді.
РҚШ мүшелері Ақтау теңіз порты ұжымымен де кездесті. Сонымен бірге, олар медицина қызметкерлерімен жүздесіп, қан орталығына барды. Барлық кездесуде де аймақ тұрғындары 26 сәуірде Ұлт Көшбасшысына бірауыздан дауыс беретіндерін айтты.