АЙМАҚАРАЛЫҚ ФОРУМҒА – АЙРЫҚША ДАЙЫНДЫҚ

ХІ Ресей-Қазақстан аймақаралық ынтымақтастық форумына орай Атырауда алқалы жиын өткізетін арнайы ғимарат салынатын болды. Қала сәулетін толықтыратын ғимараттардың қатарында көрме залы да бар. Бұл жөнінде Атырау облыстық мәслихатының кезектен тыс ХХ сессиясына қатысқан аймақ  басшысы   Бақтықожа Ізмұхамбетов айтты.

Кезектен тыс сессия барысында негізінен 2014  жылға арналған облыстық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу жайы қаралды. Бұл жөнінде облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева баяндама жасап, әсіресе әлеуметтік тұрғыда маңызды нысандарға бюджеттен қосымша қаржы қарастыруды сұрады.

Осындай жобалардың бірі – Қызылқоға ауданына қарасты Сағыз селосындағы темір жол үстінен өтетін жаяу жүргіншілер көпірі. Атырау-Индер автокөлік жолы,  ипподром және 100 орындық монша құрылысы да біраз қаражатты қажет етеді. Сондай-ақ, баяндамашы кәсіпкерлікті дамыту бағытында бірнеше нысанға қосымша қаражат бөлуді сұрады. Олардың қатарында құс фабрикасы, фармацевтикалық зауыт та бар. 

Одан әрі облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева тұрақты комиссия отырысында депутаттар тарапынан қойылған бірқатар сауалдарға жауап берді. «Мәселен, Азғыр өңіріне қарасты бірнеше мектеп бар. Аталған оқу орындарына ғаламтор желісін қосу үшін 14 миллион теңгенің үстінде қаражат керек» деп атап өтті ол. Сондай-ақ, Махамбет ауданындағы Ақжайық селосының асфальт төселмеген көшелерінде жұмысты жалғастыру мәселесінің қаржы көзінің табылуына қарай шешілетіндігін жеткізді.

Бұдан соң баяндамашыдан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов Жеңістің 70 жылдық мерейтойын өткізуге дайындық мәселесін биылғы бюджетке енгізу ісінің қалай шешіліп жатқандығын сұрады. Оның айтуынша, атаулы датаға орай екі бірдей монумент тұрғызу жоспарланып отырған көрінеді. Бірі Гурьев-Астрахан темір жолын салуға қатысқан еңбеккерлерге, екіншісі майдан даласында қаза болған боздақтарға арналмақ. 

Бұл орайда баяндамашы Жеңістің 70 жылдық мерейтойы бойынша іс-шаралар         жоспарына есептеулердің жүргізіліп жатқанын, оның бюджетке міндетті түрде енгізілетіндігін айтты. 

Депутаттар №19 мектептің жөндеусіз қиын  жағдайда тұрғанына наразылық білдірді. Баяндамашы бұл мәселенің бюджетке келер жылы енгізілетіндігін жеткізді. Сондай-ақ, Құрманғазы ауданының ішкі істер бөлімі үшін ескі ғимарат сатып алынып, ол жөндеуден өтетін болды. Оған барлығы 100 миллион теңге қажет екен. Депутаттар тарапынан осы қаржыға жаңа ғимарат тұрғызу ұсынылды. Бірақ, бұл ұсыныс қолдау таппады.

Сессия соңында облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовке сөз берілді. Облыс басшысы сөзін үстіміздегі жылдың күзінде өтетін ХІ Ресей-Қазақстан аймақаралық ынтымақтастық форумына дайындық жайына арнады. «Жуырда дайындық жұмыстарына байланысты Астанадан арнайы комиссия келіп кетті. Қаланы зерттей келе, комиссия форум өткізетін лайықты ғимарат таба алмады. Осыған орай, жаңа ғимарат тұрғызылмақ. Ол форум өткеннен соң да бос тұрмайды. Мәселен, онда АХАЖ және басқа да қызметтер орналасады» деген облыс басшысы бұдан бөлек, көрме залын салуға, қала ішін әсемдеп, жолдарды реттеуге қосымша қаржы қажет болатынын айтты. «Үкіметтен екі миллиард теңгенің шамасында қаржы сұрап отырмыз. Негізінен күш жергілікті бюджетке түсетін болады» деген облыс әкімі кейбір тарапта жұмыс кешеуілдейтін болса, депутаттардың түсіністікпен қарауын сұрады. 

Сессия соңында қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Суреттерді түсірген 

Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз