Парламент Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы қалай өтеді?

thumbs b c 18e3217cc44a5accebd3def2bad3ecbe Саясат

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен және Орталық сайлау комиссиясының Қаулысымен 2023 жылғы 19 наурызға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы тағайындалды.

Тиісті сайлау комиссияларының шешімдерімен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарлары бекітілді. Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасына енгізілген жаңа нормаларға сәйкес Парламент Мәжілісінің депутаттары аралас сайлау жүйесі бойынша сайланады: депутаттардың 70% – біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік ету жүйесі бойынша, 30% – бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2022 жылғы 24 желтоқсандағы №130/625 қаулысымен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау бойынша №13 бір мандатты сайлау округінің шекаралары Атырау облысының (орталығы – Атырау қаласы) шекаралары болып айқындалды.

Атырау облыстық мәслихатының 30 депутатының 50% (15 депутат) мажоритарлық жүйе бойынша, 50% (15 депутат) – партиялық тізімдер бойынша сайланады. Атырау қаласы мәслихатының 25 депутаты, аудандардың мәслихаттарының 85 депутаттары толықтай мажоритарлық жүйе бойынша сайланатын болады. Тұтастай алғанда, алдағы сайлауда облыста 9 мәслихаттың 125 депутаты сайлануы тиіс. Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат болып Қазақстан Республикасының 25 жасқа толған және соңғы он жыл бойы оның аумағында тұратын азаматы бола алады. Мәслихат депутаттығына 20 жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы кандидат бола алады.

Мынадай адамдар Қазақстан Республикасы Парламентінің, мәслихаттардың депутаттығына кандидат бола алмайды:

1) сотталғандығы белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алып тасталмаған адам;

2) сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған адам. Парламент Мәжілісінің депутаттығына:

1) партиялық тізімдер бойынша сайланатын кандидаттарды ұсыну құқығы – саяси партияларға;

2) бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын кандидаттарды ұсыну құқығы саяси партияларға, қоғамдық бірлестіктерге, сондай-ақ егер жарғыда тиісті өкілеттік көзделген болса, олардың құрылымдық бөлімшелеріне (филиалдары мен өкілдіктеріне) және өзін-өзі ұсыну арқылы азаматтарға тиесілі.

Күнтізбелік жоспарға сәйкес кандидаттарды ұсыну кезеңі сайлауды тағайындау туралы Жарлық жарияланған күні басталып сайлауға отыз күн қалғанда жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады – 20 қаңтардан 8 ақпанға дейін.

Тіркеуді өткізу мерзімдері – 20 қаңтардан 18 ақпанға дейін. Сайлау алдындағы үгiт кандидаттар тiркелген мерзімі аяқталған кезден басталып, сайлау болатын күннің алдындағы күнгi жергілiктi уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады – 18 ақпанның сағат 18.00-ден 18 наурыз сағат 00.00-ге дейін. Егер басқа дауыс беру уақыты белгіленбесе, дауыс беру сайлау күнi жергiлiктi уақытпен сағат 07.00-ден 20.00-ге дейiн өткiзiледi. Егер дауыс беруді аяқтаудың басқа мерзімі белгіленбесе, учаскелік сайлау комиссиялары жергілікті уақытпен сағат 20.00-де дауыстарды санап бастайды және сайлау учаскесінде дауыс беру нәтижелері туралы хаттаманы жасайды.

Анықтама: Атырау облысында барлығы 365 сайлау кмиссиялары (2429 мүше) оның ішінде 9 аумақтық (63 мүше), 87 округтік (435 мүше), 269 учаскелік (1931 мүше) сайлау комиссиялары жұмыс жасайды. Сайлау комиссияларының құрамдары, орналасқан орындары, сайлау округтері, учаскелерінің шекаралары туралы ақпараттар atyrau.gov.kz интернет-ресурсының «Сайлау» бөлімінде орналастырылған және жергілікті газеттерге жарияланатын болады.

Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясы тел. 956638, 956653, 354461 интернет-сайт: atyrau.gov .kz tic_atr_obl@saylau.kz

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз