АДАМНЫҢ САУЛЫҒЫ АЛДЫҢҒЫ КЕЗЕКТЕ
Селекторлық режімде өткен жиынға облыстар, Астана және Алматы қалалары денсаулық сақтау басқармалары, республикалық денсаулық сақтау ұйымдары және медициналық жоғары оқу орындарының басшылары қатысты.
Министр Салидат Қайырбекова Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы ел тарихының жаңа бетін ашқан маңызды саяси оқиғаға айналғанын атап көрсетті. Жолдауда «Қазақстан-2050» стратегиясын іске асыру жоспары айқындалған. Әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енудің нақты есептелген жолы — «Мәңгілік ел» ұлттық идеясының жаңа мағынасын қалыптастырады.
«Қазақстан жолы – 2050:Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында айтылған медициналық-санитариялық алғашқы көмекті (МСАК) дамыту, міндетті медициналық сақтандыруды енгізу, спортпен айналысу, дұрыс тамақтану, тұрақты профилактикалық тексерістерден өту сияқты салауатты өмір салтын насихаттау міндеттері іске асырылып, қазақстандықтардың өмір сапасы мен игілігін арттыруға ықпал ететін болады.
Жиында Министр МСАК дамыту, міндетті медициналық сақтандыруды енгізу және құжаттарды оңтайландыру мәселелерімен айналысатын жұмыс топтарына бірқатар тапсырмалар берді.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің сайтында міндетті медициналық сақтандыру үлгілері туралы нақты ұсыныстарға арналған форум ашылып, жұмыс істей бастайды. Бұл мәселені Науқастардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңес отырысында қарастыру жоспарланып отыр.
Жолдауда Қазақстанның жетекші еуразиялық медициналық туризм орталығының біріне айналуы тиістігі айтылған. Осыған орай Министр аталған мақсаттарға жетуде отандық денсаулық сақтау жүйесінің әлеуеті жеткілікті екенін айтты. Көрсетілетін медициналық қызметтер түрін кеңейтіп, кардиохирургия, нейрохирургия, транплантология сияқты жоғары мамандандырылған медициналық көмек түрлерін дамыту серпінін, шетелдерде, оның ішінде көрші елдерде насихаттауды күшейту керектігіне назар аударды.
Денсаулық сақтау ұйымдары, оның ішінде салауатты өмір салтын насихаттау орталықтары, денсаулық мектептері, жастардың денсаулық орталықтары арқылы ауруды ерте анықтау қажеттігі туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту керек.
Денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақысын 28% дейін арттырудың маңызы ерекше атап көрсетілді. Бұл дәрігерлердің жұмысын ынталандыруға ықпал етері анық. Қазірдің өзінде медициналық қызметкерлер үшін жұмыс нәтижелеріне қарай негізгі жалақысына қосымша еңбекақы алу мүмкіндігі қарастырылған. Дәрігерлерге сараланған еңбекақы төлеу жүйесі енгізілді.
Өңірлердің әкімдерімен жасалған Меморандумдар шеңберінде медициналық қызметтердің автоматтандырылған жүйесін енгізу арқылы медициналық ұйымдарда қағаз құжат айналымын азайту шаралары жалғасатын болады.
Министр Салидат Қайырбекова Елбасы Жолдауында айтылған міндеттерді іске асыруға кірісуге, әр азамат өз жұмысы арқылы «Қазақстан-2050» стратегиясының негізгі мақсаттарына жетуге белсенді ат салысуға шақырды.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
8-7172-74-31-37, 74-32-41