Жарнама
Саясат

Аққарабас қой, айыр өркешті түйе бар

Жолдау  жолдарынан:

«Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керек. Негізгі міндет ­­­– еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе кеңейту»

Аққарабас қой, айыр өркешті түйе бар

Қазақстандықтарға арнаған Жолдауында Президент ауыл шаруашылығы саласы бойынша мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын елімізге заманауи агротехнологияларды ауқымды түрде тартуға бағыттауды, ауыл кәсіпкерлеріне шаруашылық жүргізудің жаңа дағдыларын үйрену үшін жаппай оқыту жүйесін қалыптастыру қажеттігін міндеттеп, Үкіметке таяудағы үш жылда осы мақсаттарға жыл сайын қосымша 100 млрд. теңге қарастыруды тапсырған болатын.

Демек, бұл алтын бесікке айналған ауылдың әлеуеті жақсарып, кәсіптен нәсіп табушылар қатары өседі, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жастарымыз үшін жаңа жұмыс орындары ашылады деген сөз. Халқымыздың ет және ет өнімдеріне деген сұранысын қамтамасыз етуде қой шаруашылығының, оның ішінде етті-майлы бағытының алатын орны ерекше. Құйрықты қойларға тән жоғары ет-май өнімділігі, өсіру жағдайына бейімделгіштігі, тез жетілгіш қасиеттері және ет өнімінің жоғары сапалылығы олардың нарықтық экономика жағдайындағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді.

Аталған ерекшеліктер нәтижесінде бұл бағыттағы қой өсіру аймақтары жылдан-жылға кеңейіп келеді. Соңғы жылдары олардың саны мен үлес салмағы тоқтаусыз арта түсуде. Бүгінгі таңда республикада өсірілетін қой малының шамамен 80 процентін құйрықты қойлар құрайды. Аталған қой тұқымдарының ішінде Еділбай қойының алар орны ерекше. Еділбай – барлық қылшық жүнді құйрықты қойлардың сапасын жақсартатын қой тұқымы.

Құрманғазы атындағы кеңшар тарағаннан кейін, бұрынғы сол шаруашылықта көп жылдар бойы директор болып істеген Харес Биляшовтың бастамасымен 1998 жылы 2768 бас қой, 8 түйе, 11 бас жылқы малымен «Құрманғазы» атындағы өндірістік кооперативі болып құрылған едік. Отарларда селекциялық асылдандыру жұмыстары өндірістік кооперативтің мал мамандарымен бірге «Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығын ғылыми зерттеу институты», оның Атырау филиалының ғылыми қызметкерлерімен бірігіп жүргізілді. Соның нәтижесінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2002 жылдың 19 наурызындағы бұйрығымен өндірістік кооперативке асыл тұқымды мал шаруашылығы мәртебесі берілді.

Кооперативтің мамандары, шопан, малшы-механизаторлары бірлесе отырып, атқарған жұмыстарының нәтижесінде мал басы осы уақыт ішінде қой – 11 мыңға, түйе – 300, жылқы 89 басқа жетті. Шаруашылықта жүйелі түрде жүргізілген селекциялық-асылдандыру жұмыстарының нәтижесінде Құрманғазы атындағы өндірістік кооперативке асыл тұқымды Еділбай қойын өсіретін тұқымдық мал зауыты атағы берілді. Кооператив ұжымы еділбайлық қойдың тек бір түрін өсірумен ғана шектеліп қалған жоқ. Бізде ақ жүнді құйрықты қойларды шығару жұмысы басталып, Еділбай типтес қой тобына жүргізілді. Бұларды ендіре будандастыру жолымен жаңа «Аққарабас» қой тұқымы пайда болды. Көп жылдар бойы бір мақсатта жүргізілген селекциялық-асылдандыру жұмысының нәтижесінде шөл және шөлейт аймақтар жағдайында өсіруге аса жақсы бейімделген, әрі жеткілікті деңгейдегі жоғары ет және жүн өнімдеріне сипатталған құйрықты қойдың өзіндік ақ жүнді түрі шығарылды.

Құрманғазы атындағы өндірістік кооперативі қоймен қатар, түйеге де ғылыми селекциялық-асылдандыру жұмыстарын жүргізуде. Сөйтіп, 2004 жылы өндірістік кооперативке «Қазақтың айыр өркеш түйесі тұқымын өсіретін асыл тұқымды шаруашылық» атағы берілді. Жоспарлы жұмыстардың нәтижесінде «Қазақтың айыр өркеш түйесі тұқымының» Орал-Бөкей тұқымішілік сүлесі және екі бура желісі шығарылды.

Кооператив мәртебесіне ие болған жиырма жылдың ішінде аудан, облыс және республика көлеміндегі озат шаруашылықтың біріне айналды. Шаруашылықта мамандармен қатар, күнделікті қарбалас тірліктің ыстығы мен суығына төзіп, малды аман сақтап, өсіріп, одан алынатын өнімдерді молайтуда малшылар мен механизаторлардың еңбектері орасан зор. Аға шопан Серік Тәженов бес жыл қатарынан әр 100 саулықтан 100-115-тен кем төл өргізіп көрген жоқ. Ол осынау жоғары еңбек көрсеткішінің нәтижесінде Елбасы Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Аға түйе бақташысы Берік Салауов әр 100 інгеннен 52 бота алуды қамтамасыз етіп, облыстың озат түйешісі – чемпионы атанды. Кооператив мал басына керекті азықтық пішенді өз күштерімен дайындап алуымен қатар, округтегі әлеуметтік әлсіз топқа кіретін тұрғындардың және жеке қожалықтардың да малына қысқа қажетті пішенмен қамтамасыз етуді ұдайы ескеріп отырады. Шаруашылық жылына 350 центнер ет, 50 центнер шұбат, 170 центнер қой етін және 15 центнер түйе жүнін өндіріп, сатумен айналысады.

Өндірістік кооператив жыл сайын орта есеппен 120-140 миллион теңгенің өнімін өндіріп, шаруашылық жылын 10-12 миллион теңге таза табыспен қорытындылап келеді.

Сабыржан СҰЛТАНОВ,

Құрманғазы атындағы өндірістік кооперативтің басқарма төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button