ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТКІЗЕТІН ЖЕТІ МІНДЕТ

Елдің тұтастығы мен бірлігіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып отырған «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХV съезі саяси көзқарасымыздың қалыптасуындағы баспалдақ бола білді десем артық айтқандық емес.
Дәлірек айтқанда, күн өткен сайын дамып, өрлеу бағытына түскен елімізде қабылданған бұл доктринаның алдыңғы құжаттар секілді елдікті көздеп, баянды болашақ үшін жұмыс істейтін құжат екеніне көз жеткіздік. Осы құжат қабылданар сәтте Елбасы еліміздің әр өңірінен келген азаматтармен қатар, арнайы делегат ретінде шақырылған 300-дің үстіндегі жасқа ерен міндеттер жүктеп берді. Бұл ел жастарына көрсетілген құрметпен қатар жауапкершілігі терең, байламы берік сенім деп санаймын.

alogo1223333334Съезд барысында Мемлекет басшысы ел тағдыры біздің қолымызда екенін тағы бір мәрте есімізге салып қана қоймай, жастарды ерінбей еңбек етуге, жалықпай білім алуға шақырды. Отанымыздың болашағы жолында тер төгіп, бабалар аңсаған асыл мұратты жүзеге асыруды бізге сеніп тапсырды. Сондай-ақ, Елбасы өз сөзінде «Жастар – біздің алтын қорымыз» деп айрықша мәлімдеді. Және бір айта кетерлігі, жастар саясаты бойынша жүктелген тапсырмалардың толық орындалмай отырғандығын сынға алды. «Ашығын айтайын, менің тапсырмаларым жартылай ғана орындалып отыр. Мәселен, Үкімет 2020 жылға дейінгі жастар саясаты тұжырымдамасын бекітті. Алайда, оны жүзеге асыру іс-шаралары бойынша қаржыландырудың көлемі анықталмаған. Барлығы бағдарламалардың әкімшіліктеріне келісілген шек бойынша берілген. Ал, бұл шекті қаражат тұтынушыға жете ме, жоқ па – ол белгісіз.
Тағы бір мысал, менің тапсырмам бойынша Білім министрлігі «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығын құрды. Алайда, қаржыландырудың жоқтығынан бұл да толыққанды жұмыс істей алмай отыр» деген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өңірлерде жастар ресурстық орталықтарын құру жұмысының созылып кеткендігін, оны жедел арада жүзеге асыруды ел Үкіметіне қатаң тапсырды. Осыдан-ақ Елбасының жастар тағдырына бейжай қарамайтынына тағы бір мәрте көз жеткізе түстік. Біз үшін осындай жұмыстарды атқарып отырған Мемлекет басшысының әкелік қамқорлығына ризамыз.
Қазақстан халқының ерлік пен бірліктің үлгісін көрсеткендігіне өткен тарихымыздың парақтарынан айқын аңғаруға болады. «Біз бабаларымыз сан ғасырлар бойы аңсаған арманға қол жеткізгенімізді мақтан ете білуіміз керек. Ұлтымыздың ұлы тарихының жаңа тарауы қуатты да табысты тәуелсіз мемлекеттің шежіресі болып жазылуда. Айтатын сөз біреу-ақ: елдің бірлігі – қазақтың бірлігі» деген Елбасының батыл бастамаларын біз, жастар, қашанда қолдауға дайынбыз.
Мемлекетте бүгін жасалып жатқан баянды істер біздер үшін, кемел де кемеңгер келешек үшін атқарылып отырғанын жақсы түсінеміз. Олай болса, партияның жаңадан қабылданған құжатында көрсетілген оң бастамаларды, сондай-ақ, Президенттің кешегі Үкімет отырысында айтқан сын-ескертпелерінен қорытынды шығарып, бірге жұмыс жасауға индерлік жастар да оң ниетте.

Сұңқар КӨШЕКОВ,
Индер аудандық
«Жас Отан»
жастар қанатының
атқарушы хатшысы,
съезд делегаты.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз