ТҰРҒЫНДАР СҰРАНЫСЫНА – СЕРГЕК КӨЗҚАРАС

Атырау қаласының әкімі Серік Айдарбеков «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалында тұрғындарды қабылдады. Қабылдауға келген әр тұрғынның әртүрлі себеп-уәжі болды, қала басшысына өз мұңдарын айтып, барынша көмектесуді сұрады. Әдеттегідей, кезекті қоғамдық қабылдауда тұрғындар тарапынан түскен сұрақтардың басым бөлігі – жер телімі, пәтер мәселелері. 

Баспана мәселесін алға тартқан Томарлы селосы тұрғыны Сара Есімғалиева қабылдаудан қуанып қайтты. Осыдан 13 жыл бұрын мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлері тізімі бойынша пәтер кезегіне тіркелген болатын. Кеше қабылдауда қала әкімі С.Айдарбеков тұрғынның кезегінің келгенін, жыл аяғына дейін баспаналы болатынын айтып қуантты.
Ал, Фарида Қондыбаева Самал ықшамауданы 12 өткел 5«а» жер учаскесіне 2012 жылы берілген уақытша актісін тұрақты актіге ауыстыруға көмек сұрады. Шаһар басшысы Серік Кенғанұлы құжаттар қол қойылғанын, мәселенің шешімін тапқанын жеткізді.
Шапен Қанатбаев апасы, 1929 жылы туған Самия Қанатбаеваны қарттар үйіне орналастыруға көмек сұрады. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы Нұрлы Хабиеваның айтуынша, облыстық қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйіне апасын орналастыруға тиісті құжаттар тізімі ұсынылған. «Медициналық тексеруге көмектесуге де мүмкіндік барын ескерттік. Алайда, әлі күнге дейін құжаттарын алып келмеді», – деді ол. Өз кезегінде қала басшысы құжаттарды тиісті орынға тапсырғаннан кейін мәселенің шешімін табатынын айтты.
Қызылқоғалық Самшырақ Еспосынованы да баспана мәселесі қинайды. Облыс орталығындағы ағайынының үйіне тұрғын жай кітабына тіркелгенімен, аталмыш аудандағы Тасшағыл ауылында пәтер жалдап отыр. «Үйімнің жоқтығы себебінен үй кітапшасын ашып, есепке тұра да алмадым. Осының салдарынан үй кезегіне де тіркеле алмай жүрдім. Ал, бүгінде 2361 болып пәтер кезегінде тұрмын. Балаларым да жұмыссыз» деген тұрғынның уәжін тыңдаған Серік Кенғанұлы Самшырақтың балаларының жұмысқа орналасуына ықпал ететінін жеткізіп, жауапты бөлім өкіліне бір ай мерзім ішінде бұл мәселенің шешімін табуды тапсырды.
– Өздеріңіз де құлағдарсыздар, облыста тұрғын үй құрылысы қарқынды жүруде. Қалада сіздің жағдайыңыздағыдай мыңдаған адам бар, – деген қала әкімі пәтер тек заң аясында кезекпен берілетінін айтып, түсіндірді.
Жер мәселесін алға тартқан Анар Өрбісінова зайыбы Нұрбол Бейімбетовтің жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімі кезегіне 2010 жылы тұрғанын айтып, көмек сұрады. С.Айдарбеков жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін бөлу уақытша тоқтап тұрғанын жеткізді.
– Бүгінде алдыңғы жылдары жер теліміне ие болған жандар әлі де инфрақұрылымға зәру. Алдымен, газ, су, жарық жүргізілген жерлердің мәселелері шешіледі, содан кейін ғана жер телімін бөлуді жалғастырамыз. Инфрақұрылым тартылған соң жер телімін бөлуді бастаймыз, – деген Серік Кенғанұлы жер учаскесін бөлудің де заңмен шешілетінін айтты. Ал, жауапты бөлім өкілі күні бүгін қала және қалаға қарасты селолық округтерді қосқанда жер телімі кезегінде 57 000 тұрғынның тіркеуде тұрғанын жеткізді.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз