САЛАУАТТЫ АДАМ САУ ЖҮРЕДІ

Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының базасында санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті, жұқпалы аурулар ауруханасы, қалалық емханалар, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандары мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен «Бұл гепатит. Оны біл. Одан қорған» деген тақырыпта баспасөз мәслихаты өткізілді.

Онда облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті директорының орынбасары Амантай Жұмағалиев, жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі Ағиба Әленова, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы директорының орынбасары Ринат Әбішев, басқа да мамандар аталмыш мәселеде ой бөлісті.
Мамандардың айтуынша, статистикалық мәлімет бойынша Атырау өңірінде соңғы он жылда вирусты гепатиттерге қарсы егу жұмыстары кең ауқымда жүргізілуінің нәтижесінде жұқпалар біршама азайған.
Мәселен, Ұлттық егу күнтізбесіне «В» вирустық гепатитке қарсы екпені енгізгеннен бері соңғы 2002-2012 жылдарды салыстырғанда аймақта аталмыш гепатит 8,4 есеге төмендеген. Ал, 2006 жылдан бері екі жастағы балалар арасында «А» вирустық гепатитіне қарсы егу жұмыстары жүргізілуі арқасында аурушылдық деңгейі алты есеге азайған.
– Вирустық гепатиттердің алдын алу жолында, – деді мамандар, – ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес нәрестелерді, сонымен қатар қатерлі топқа жататын адамдарды (медициналық қызметкерлер, «В» вирустық гепатитінің ошағында қарым-қатынаста болғандар және басқалар) «В» вирустық гепатитіне қарсы екпе алуы қажет. Осы тұрғыда емдеу мекемелерінің қай-қайсысынан да аталмыш вирусқа қарсы тегін вакцина алуға мүмкіндік бар. Ескеретін жағдай, бөтен адамның қанмен ластанған жеке гигиеналық құралдарын (сақал-мұрт қыратын, маникюр және педикюр жасайтын құралдар, тіс шөткесі, тарақ, орамал) пайдаланбаған жөн. Яғни, татуировка, пирсинг, маникюр, педикюр жасар алдында құралдардың дезинфекциядан өткізілгеніне көз жеткізіңіз. Немесе бір рет қолданылатын құралдармен жұмыс істеуін талап етіңіз. Емдік-профилактикалық мекемелерде медициналық құралдың стерилизация және дезинфекция ережелері сақталуы тиіс. Емдік-профилактикалық мекемелерде диагностикалық және емдік ем-шаралар бір рет қолданылатын құралдармен жүргізілетінін есте сақтаңыз.
Сондай-ақ мамандар «В», «С» вирустық гепатитімен ауырған адам ағза, тін, қан беруші бола алмайтынын, сондықтан тұрғындардың денсаулығының салауатты болуы үшін олармен вирустық гепатиттің алдын алу жолында түсінік жұмыстары жүргізілуі тиістігіне назар аударды.

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз