МІНСІЗ ҚЫЗМЕТКЕ – ЛАЙЫҚТЫ ҚҰРМЕТ

422fwsdБұған дейін де бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланғанындай, үстіміздегі жылғы маусым айының 6-7-і күндері Атырауда «Қашаған-2013» республикалық командалық штабтық оқу-жаттығулары ұйымдастырылды.
Еліміздің Төтенше жағдайлар вице-министрі Жанболат Смайловтың қатысуымен және тікелей басшылығымен өткізілген осы екі күндік шараның маңыздылығы сонда, ол бүкіл әлем көз тіккен теңіз қайраңындағы алып кеніштен «қара алтын» кенін игере бастаудың алдындағы аса ірі сынақ еді.

Оқу-жаттығулардың барысында теңізге мұнай төгіле қалған жағдайда шұғыл әрекет ету мақсатында құрылған топ шартты түрде берілген «екінші дәрежелі мұнай төгілуін жою» тапсырмасын аймақтық деңгейде, тиісті талаптарға сай жүргізе білді. Нәтижесінде, теңізге төгілген 450 тонна мұнай төгіндісінің 350 тоннасы кері жинақталып, апат ауыздықталды. Кейіннен, ең күрделі саналатын үшінші деңгейлі төгінді теңіз бетіне төнген кезде Ұлыбританиядан келетін құтқарушылар да жедел іске кірісетін болып шешілді.
Мұның бәрін көзімен көріп, көңілінен өткерген Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Жанболат Смайлов осындағы әзірлік жұмыстарын, Солтүстік-Каспий экологиялық мұнай төгіндісіне қарсы әрекет ету базасының дайындығы мен жабдықталуын, техникалық тұрғыдан жарақтандырылуын жоғары бағалады.
Міне, сол себептен де аталған шараның ойдағыдай ұйымдастырылып, өткізілуіне атсалысқан басшы-қосшы құрамның қай-қайсысының болмасын ерлікке пара-пар еңбегі, адал да қалтқысыз қызметі қандай мақтау-марапатқа да лайық. Осы мақсатта кешегі күні кеніштегі сынаққа қатысушылармен кездесу жиынын өткізген облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов те кіріспе сөзін жоғарыда баяндалып кеткен жайлармен байланыстыра сабақтады.
Мұнан соң мінберге көтерілген Атырау облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Болатбек Омаров «Қашаған-2013» командалық штабтық оқу-жаттығуларының қорытындысын жариялап, марапатталғандардың есімдерін атады. Олардың арасында ҚР ТЖ министрлігінің «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» медалімен Атырау облысы әкі-мінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев пен «Аджип ҚКО» компаниясының үйлестірушісі Марк Шеперд, «Төтенше жағдайлар жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бөлім бастығы Жеңісбек Бекарыстанов, Құрмет грамотасымен Атырау қаласы бойынша төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Марат Даутов, Алғыс хаттарымен «Аджип ҚКО» компаниясының басқарушы директоры Умберто Каррара, «ЭН СИ Продакшн Оперейшнс» компаниясының басқарушы директоры Ариан Ван Дайк, «Норт Каспиан Оперейтинг» Компани» компаниясының басқарушы директоры Пьер Оффан марапатталды. Аталған жоғары наградаларды иелеріне аймақ басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы салтанатты жағдайда табыстады.
Келесі кезекте Атырау облысы әкімінің атынан жазылған Алғыс хаттар да өз иелерін тапты. Бұлардың қатарында Атырау гарнизонындағы №2201 «г» әскери бөлімінің командирі Олег Загребальный, «Caspian Sea Support» ЖШС-нің директоры Нұрасыл Жарбасов, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы Болат Бапиев, «Старстрой» кәсіпорнының қызметкері Сергей Горшенин, «КМГ-Транскаспий» ЖШС пайдалану қызметінің басшысы Ерболат Ахметов, «Аджип ҚКО» компаниясының өкілі Джон Ричардс, «Амангелді» өндірістік кооперативінің төрағасы Мұрат Әмірғалиев болды.
Бұдан бөлек, оқу-жаттығу шараларына дайындық пен өткізу барысында кәсіби шеберліктері мен белсенділіктерін танытқандарға төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық департамент басшылығының алғысы жарияланды.

Дәулетқали АРУЕВ,
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз