«KazSat-3» КЕЛЕСІ ЖЫЛЫ ҰШЫРЫЛАДЫ

Сейсенбіде Орталық Коммуникациялық Қызметінде өткен брифингте ресми өкіл Алтай Әбибуллаев журналистерді осы аптадағы маңызды шаралармен таныстырды. Айтуынша, 3-4 желтоқсанда Мемлекет басшысының Оңтүстік Африка Республикасына мемлекеттік сапары жоспарланған болатын. Дегенмен, Президенттің жұмыс кестесіндегі өзгерістерге байланысты сапар мерзімі басқа күнге ауыстырылып отыр.

Бүгін – 5 желтоқсанда Премьер-министр Серік Ахметовтің төрағалығымен өтетін Үкімет отырысында Қазақстан құрамасының Сочи олимпиадасына дайындығы мәселесі қаралады. Өйткені, еліміз дүние жүзінің дүбірлі додасынан үлкен үміт күтуде. Жиында ҚР Спорт және дене шынықтыру агенттігінің төрағасы Тастанбек Есентаев Қазақстан құрама командасының 22-інші Қысқы олимпиада ойындарына дайындығы барысын баяндады. Осы жайларға тоқталған ресми өкіл: «Сочиде өткелі отырған олимпиадада ұлттық құрамамыз жеңісімен қуантады деген үміттеміз», – деді.
Бейсенбі күні Астанада министрліктер, Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы, банктер, шетелдік қорлар мен компаниялардың қатысуымен екінші Халықаралық инвестициялық форум өтеді.
Еліміздің Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов Франция мен Түркияға жұмыс сапарымен барады. Оның барысында агенттік басшысы француздық және түркиялық әріптестерімен бірге екіжақты кездесулер өткізеді.
Брифингте Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары Мейірбек Молдабеков мемлекетіміздің ғарыш саласын құру, дамыту мәселелерін әңгімелеп берді. Естігеніміз, бүгінде жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыштық жүйесі құрылуда. Ол Францияның «Astrium» EADS компаниясымен бірлесіп жүзеге асып жатыр.
– Құрылып жатқан бұл жүйе қоршаған ортаны, табиғи ресурстарды және төтенше оқиғаларды мониторинглеудің бірыңғай мемлекеттік жүйесін құрудың қажеттілігімен және маңыздылығымен айқындалады. Ғарыштық деректерді қолдануға негізделген осы технологияларды енгізу ауыл шаруашылығы, төтенше жағдайлар қызметі, қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік, геодезия және картография үшін орасан зор нәтиже бермек. Мысалы, оның көмегімен төтенше оқиғаларды алдын ала ескерту және олардың алдын алу, миллиардтаған бюджет шығынына әкелетін апаттардың алдын алу міндеттері шешілетін болады, – деді төрағаның орынбасары.
Мейірбек Молдабеков «KazSat-3»-ке қатысты да кеңінен тоқталды. 2014 жылдың бірінші тоқсанында аталған жерсерікті «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшыру жоспарланып отыр. ««KazSat-3»-ті пайдалануға берудің арқасында, жерсерік толық қуатында жұмыс істеген жағдайда, қызметтер импортын 4 млрд. теңгеден астам сомаға азайта аламыз», – деді М.Молдабеков. «KazSat-3» телекоммуникациялық жерсерігі телевизия хабарларын таратудың, бекітілген байланыстың, интернеттің және деректерді берудің еліміздің нарығындағы қажеттіліктерді қанағаттандыруға арналған. Оны қалыптастыру және іске қосу бойынша жарияланған халықаралық конкурстың нәтижесінде, ғарыш аппараттарын жасау бойынша көпжылдық тарихы бар алдыңғы қатардағы Ресейдің жетекші кәсіпорны «Академик М.Ф.Решетнёв атындағы ақпараттық спутниктік жүйелер» ААҚ-мен «KazSat-3» телекоммуникациялық спутнигін жасау шартына қол қойылыпты. Бүгінгі күні бас мердігер «KazSat-3» жерсерігін ғарыштық платформасын құрастыру жұмыстарын аяқтап, оны автономды электрлік сынақтан өткізіп жатыр екен.
Айтпақшы, агенттік басшысының орынбасары Байқоңыр мәселесін де айналып өтпеді. «Ресей Байқоңыр үшін бізге 115 млн. доллар көлемінде жалдау құнын төлейді. Сонымен қатар, ғарыш айлағы мен қаланы қоса алғанда ғарыш инфрақұрылымы нысандарын ұстап тұру және пайдалану үшін жыл сайын 100 млн. доллар бөледі» деді брифингтің кезекті қонағы.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз