ИСЛАМ БАНКТЕРІНЕ – АШЫҚ ДӘЛІЗ

Ұлттық банктің басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов журналистермен өткізген брифингте Алматы аймақтық қаржы орталығының қызметі жөнінде әңгімеледі.

Аймақтық қаржы орталығын құру жобасы жөнінде ең алғашқы ұсынысты 2004 жылы Қазақстан қаржыгерлері Конгресінде сөйлеген сөзінде Елбасының өзі қозғаған еді. Одан соң арада бір жыл өткенде Қазақстан банктері қауымдастығы мүшелерімен кездескен кезінде де Нұрсұлтан Әбішұлы осы мәселеге назар аударған болатын.
Міне, араға он жыл уақыт салынып, бұл тақырып тағы қозғалып отыр. Жуырда 7-ші Астана экономикалық форумында сөйлеген сөзінде Елбасы Алматыда аймақтық қаржы орталығын құру мәселесі пісіп-жетілгенін атап өтті.
Қайрат Келімбетовтің айтуынша, Алматы қаласының аймақтық қаржы орталығын құру туралы шешімнің қабылдануына Қазақстан Республикасы қаржы секторының Орта Азия аймағы елдерімен салыстырғанда қарқынды дамуы, ішкі жиынтық өнім аясында қаржы қызметтері үлесінің тұрақты өсуі және ішкі түсімдердің артуы себеп болды. Инвестицияның да үлесі ұлғайып, қаржы саласында кадрлар құрамы қалыптасты. Ендеше, бұл Ұлы Жібек жолының бойындағы іргелі орталық бола алады деген сөз. Себебі, Алматы бүгінде бәсекеге төтеп бере алатын алып шаһарға айналды. Оның инфрақұрылымы әлемдік стандарттарға толық жауап береді. Орталықтың континенттер арасында мықты платформа қызметін атқару мүмкіндігі бар.
Атап айтар жайт, Қазақстан ТМД мен Орта Азияда бірінші болып исламдық қаржыландыруды заңды тұрғыда енгізіп отыр. Қазірдің өзінде беделді исламдық қаржы орталықтарымен арада серіктестік қарым-қатынас орнатылды.

Диас НАУРЫЗӘЛИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз