АТҚАРЫЛҒАН ІС КӨП, ПРОБЛЕМА ДА АЗ ЕМЕС

«Атыраубалық» акционерлік қоғамының жұмысшыларға қарызы бүгінде 30 миллион теңгенің үстінде. Бұған дейін жұмысшыларға берілуі тиіс жалақының 49 миллион теңге көлеміндегі сомасын кәсіпкерлерді жұмылдыра отырып төледік. Жұмыссыз қалған балықшылардың мәселесі тіптен күрделі күйінде қалып отыр. Осы проблема Үкімет деңгейіне дейін жетсе де, шешілмей келеді. Үкімет оң шешім шығаруға ықпал етсе, жұмыссыз қалған бірнеше жүздеген балықшыны қайтадан еңбекке тартқан болар едік» деп мәселе көтерді Мәжіліс депутаттарын қабылдаған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов өзара пікірлесу барысында.

Өңірімізге іссапармен келген Мәжіліс депутаттары Нұртай Сабильянов пен Майра Айсинамен кездесу барысында облыс басшылығы тарапынан қолға алынып жатқан өндірістік бағыттағы жұмыстар жөнінде кеңінен айтылды. «Менің түсінігімде әр аймақ ең алдымен өзіне керекті деген бағытты дамытуы керек. Мәселен, Өскеменде рудаларға байланысты жобалар бар. Атырауда мұнай-газ саласындағы жобалар жүзеге асырылуда. Бұл жобалар, меніңше, әкім араласпаса да жүреді. Өйткені, оны бақылауда ұстап отырған Үкімет бар, министрліктер бар» деген облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Атырау үшін бүгінде азық-түлік қауіпсіздігі мәселесінің өткір тұрғандығын айтты. «Ет, сүт өнімдерін Оралдан аламыз. Жұмыртқа, тауық Ресейден тасымалданады. Басқасын былай қойғанда, Жайықтың үстінде отырып, балықты жөнді жей алмаймыз» деген облыс әкімі депутаттармен жағымды жаңалықпен бөлісті. Атырауда сүт өнімдерін шығаратын зауыттың салынып жатқаны белгілі. Қабылдау барысында өңір басшысы бүгін алғашқы сауын сиырлардың жеткізілетіндігін айтты. «Әзірге Америкадан сауын сиыр әкелініп жатыр. Биылша олардың саны 181-мен ғана шектелмек. Алға қарай сиырлар Еуропадан алынады» деген әкім зауыттың 500 сиырға шақталғандығын атап өтті.
«ҚазАгро»-ның «Атырауда ауыл шаруашылығы жоқ» деген қасаң түсініктің шылауынан шыға алмай жүргені белгілі. Осы орайда облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов холдинг басшылығын агрокешен саласындағы жұмыстармен таныстырып, олардың оң бағасын алғандығын айтып өтті. «Біріншіден, 150 га жерді алып жатқан көкөніс аймағын жеке шаруашылық тұтастай тамшылатып суару әдісі арқылы дамытып отыр. Екіншіден, қолдан жасалған көлде қызыл балық, сазан өсіріліп жатыр» деген облыс басшысы ешкі сүтін шығаратын орталықтың салынып жатқандығын жеткізді. Облыс әкімінің айтуынша, бұл керемет индустриялық жоба болмақ. Ана сүтін айырбастайтын бірден-бір ақ болып табылатын ешкі сүті қаназдықтан бастап, көптеген ауруларға ем көрінеді. Әсіресе, балалар саулығына бұл сүттің маңызы ерекше. Бұдан бөлек, жылына 30 миллион дана жұмыртқа шығаратын зауыт салынғалы жатыр. Сондай-ақ, бекіре балық өсіретін зауыттың іске қосылатыны белгілі болды. «Осындай жобалар арқылы біз бағаның өз жерімізде шарықтамай, тұрақты болуына ықпал етпекпіз. Және де балық өнімдері халыққа мейлінше қолжетімді бағамен сатылатын болады. Себебі, атыраулықтардың барлығы бірдей мұнайшы емес. Ал, сырттан азық-түлік тасу ішкі қауіпсіздігімізді сақтай алмайды» деген өңір басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов депутаттарға тағы бір жаңалығын жеткізді.
Айтуынша, жеке қожалықтың күшімен вагон жөндейтін зауыт салынып жатыр. «Сондай-ақ, тұрғын үй құрылыс комбинаты салынуда. Бастапқы кезең іске қосылып, алғашқы өнімін бере бастады» деген облыс басшысы құрылысқа қажетті материалдардың өз ішімізде өндірілуі – экономикалық тұрғыда көп жеңілдік жасайтындығын атап өтті.
Қабылдау барысында облыс әкімі одан әрі әлеуметтік саланың басты нысаны – тұрғындарды баспанамен қамту жайына да тоқталды. «Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясында 1005 пәтер тапсырылады. Оның 800-і Ескене, Байшонас ауылдарынан қалаға көшіріліп жатқан тұрғындарға беріледі. Келер жылы 2000-ға жуық пәтер ел игілігіне тапсырылғалы отыр» деген облыс әкімі бұл үрдістің аудандарда да жалғасатындығын атап өтті.
Мемлекет тарапынан үй салу үрдісінің аудандар үшін әлдеқашан арман болғаны белгілі. Бір ғана Жылыой ауданында 1986 жылдан бері мемлекеттік үй салынбаған екен. Осы орайда, облыс басшысы Құрманғазы, Исатай ауданы орталықтарынан 60 пәтерлік бір-бір үйден салынатындығын жеткізді. Бұдан басқа Жылыой ауданында 60 пәтерлік бес үй бой көтермек. Келер жылы индерлік 120 отбасы қоныс тойын тойламақ. Осындай игі жаңалықтармен бөліскен облыс әкімі Атырау өңірі үшін бүгінде дәрігер мамандардың аздығы күрделі мәселеге айналып отырғандығын айтты. «Біз түрлі әлеуметтік пакеттер ұйымдастырдық. Келемін деген дәрігерге кезексіз үй де салып береміз. Сондай-ақ, коммуналдық жеңілдіктер қарастырылған» деген Бақтықожа Ізмұхамбетов күні бүгінде өңірде екі жүзге жуық медицина маманының жетіспейтіндігін айтты. Кездесу барысында Атырау өңірі үшін республикалық маңызы бар және облысішілік жолдар мәселесі өткір күйінде қалып отырғандығы да айтылды. «Атыраудан тек Оралға ғана жол бар. Оның өзінде Атыраудан Индерге дейінгі жол сапасыз. Жылма-жыл жыртық жамаумен жүрміз. Ал, Атырау-Астрахан жолы жүруге мүлдем жарамсыз. Атырау мен Ақтөбе арасында жол мүлдем жоқ» деген облыс басшысы шұрық-тесік жолдардың сандаған адамдардың өліміне апарып соғып жатқанын өкінішпен жеткізді.
Атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берген Мәжіліс депутаттары республикалық маңызы бар жолдарды жөндеуден өткізу, «Атыраубалық» өнеркәсібін дамыту, тұрғындарды жұмыспен қамту мәселелерін Үкіметпен бірлесе отырып шешуге ықпал ететіндіктерін жеткізді. 28-қарашадан бері өңірімізде іссапармен жүрген депутаттар сондай-ақ, облыс басшысына аудан халқының ұсыныс-тілектерін де жеткізді.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.
Суретті түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз