ҚАМДАНБАҒАН ҚАПЫ ҚАЛАДЫ

Құлсарыдағы орталық жылу қазандығына орнатылған қуаттылығы 12+2 МВт «Viessmann» екі дана жылу қазандығы 2012 жылы қосылғанымен де, мемлекеттік қабылдау комиссиясымен әлі де қабылданған жоқ. Қазіргі уақытта аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі арқылы мәжбүрлеп қабылдау мақсатында «Аят» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі облыстық ауданаралық мамандандырылған сотына берілді.

alogo1223333334Ал, жалпы Құлсары қаласында алдағы қысқа әзірлік жағдайы қалай қалыптасқан? Жаңадан салынған қазандықтың жылу қуаттылығы 87 көп қабатты тұрғын үйлерге жетіп отыр. Негізгі және қосалқы ток күшімен қамтылған. Былтыр ПС-тан бағанаға дейінгі істен шыққан жерасты кабеліне жөндеу жұмыстары жүргізілді. КТПП 630 кВт-2 тексеруден өтіп, пайдалануға берілді. Бұдан да басқа ауқымды жұмыстар атқарылып, нәтижесінде орталық жылыту қазандығы қалаға дер кезінде жылу бере бастаған.
Жуырда аудандық мәслихаттың V сайланған XVI сессиясы осы мәселеге қайта оралып соқты. Онда мәслихаттың 2013 жылғы 14 маусымдағы №13-2 «Ауданның тұрғын үй, коммуналдық және әлеуметтік салалар нысандарының 2013-2014 жылдардың күзгі-қысқы кезеңіне дайындығы туралы» шешімінің орындалуы жөнінде мәселе қаралғанда, аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Тұхфатов жоғарыдағы жайларды баяндай келіп, күні бүгін қалыптасқан жағдайға талдау жасаған-ды.
Б.Тұхфатовтың айтуынша, негізгі үйлердің 566 пәтері ғана орталықтандырылған жылумен қамтылып отыр, қалған 274 баспана тік құбырлар арқылы жылытылып, 1560 пәтер иелері жеке жылыту қазандықтарын орнатып алыпты. Ал, 849-ы үйлерін электр мен газ құралдары арқылы жылытады екен.
Біткен іске сыншы көп. 2011-2012 жылдары жертөлелердегі лас су мен жылу, ыстық су желілеріне қаражат бөлініп, 87 көп қабатты үйлердің құбырларына «ЭРА» ЖШС жөндеу жүргізген-ді. Алайда, атқарылған жұмыстардың сапасы төмен болғандықтан мемлекеттік комиссия тарапынан әлі күнге дейін қабылданбаған. Ағымдағы жылы шілдеде облыс әкімінің орынбасарлары Г.Дүйсембаев пен С.Нақпаевтың және аудан әкімі М.Ізбасовтың араласуымен төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында аталмыш кемшіліктер мекемелерді жұмылдыру арқылы қалпына келтірілді.
Құлсары қаласындағы жылу жүйелерінің жалпы ұзындығы 17 шақырымды құрайды. Ауыстыруды қажет ететін 6,6 шақырымға созылған құбырларға аудандық бюджеттен 60 млн. теңге қаражат қаралып, оны «Жаңа құрылыс» – 2020» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі игеруге жұмылды.
Бұған дейін ауданның тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, энергетикалық инфрақұрылымдарының жылыту маусымына дайындығын тексеруге облыстан, Астанадан келген комиссиялардың көп ескертпелерінің бірі ретінде, көп қабатты үйлердің ішкі жүйелерін күтіп ұстау үшін кондоминиум нысандарын басқаратын пәтер иелері кооперативтерінің жоқтығы да айтылып еді. Депутат Бауыржан Әбдірахманов «ПИК құру үшін алдымен ықшамаудандардағы көп қабатты үйлердің кондоминиумын заңға сәйкес белгілеу керек» деген өзінің ұсынысын ортаға салды.
ПИК демекші, жуырда аудандық мәслихат хатшысы Мұхтар Кенғанов пен «Жылыой-тазалық» ЖШС басшысы Бауыржан Әбдірахманов іс-сапармен Өскемен қаласында болып, ондағы жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің жұмыс жасау тәжірибесімен танысып қайтты. Қалада ПИК-тер 1995 жылы құрылған екен, 14 филиалы жұмыс істейді. Көп қабатты үйлерді аралап көрген олар шаһардың тазалығын ауызбен айтып жеткізе алмайды. Тұрғындар коммуналдық қызметке, электр, газ ақысына дейін осы ПИК-терге кешіктірмей төлеп отырады. Үйлерінде сантехникалық қондырғылар бұзылса, ыстық-салқын су болмай қалса, тіптен электр қуатынан іркіліс туындаса да осы ПИК-терге хабарлап, олар өздері тарапынан мақсатты жұмыстанады екен.
Депутат Халел Жамал айтқанындай, қаралған мәселе бойынша ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың игі тұстары баршылық. Жуырда мәслихат хатшысы Мұхтар Кенғанов бастаған бір топ депутат Құлсары қаласының көп қабатты ықшамаудандарындағы үйлерге жүргізілген жылу жүйелерін аралап көрді. Үш жылдан бермен қарай баспанасы орталық жылыту қазандығы арқылы берілетін жылумен қамтылмай келе жатқан үйлер де бар болып шықты.
Қыс – қыр астында. Кенеттен аяз қысса қайтеміз? Қысқа қаншалықты әзір екендігімізді қазір бас көтеріп айта да алмаймыз. Қамданбаған қапы қалатыны даусыз.

Қаржау ОРАЗБАЕВ,
меншікті тілшіміз.
Жылыой ауданы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз