Шаруагерлерді шынайы қуантқан қадам болды

f887a06d4a1cce86537c1d56208dfd34 stranitsa 01 COVID-19: Соңғы поштадан...

Аtr.kz/11 мамыр, 2020 жыл. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев   бүгінгі төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі комиссия отырысында  елімізде карантин режимі аяқталғанын айта келіп, алдағы уақытта ел болып қандай қимылдарға бару керектігін баяндап берді.

Көптеген салалар бойынша нақты істелетін маңызды жұмыстарға тоқталып, қалыптасқан дағдарыс кезеңінде экономикалық өсімді қалпына келтіру басты назарда болатынын баса айтты.

Иә, төтенше жағдай кезеңінде мемлекет тарапынан халыққа көптеген жәрдем болғаны рас. Еліміз бойынша  бұл ауыр шақта 4,5 миллионнан астам қазақстандыққа 42500 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетіліп, 1 миллионнан астам азаматқа азық-түлік пен тұрмыстық заттар үлестірілді. Тұрмыс жағдайы да ескеріліп тұрғындар төлейтін коммуналдық төлемдердің тарифі де төмендетілді.

Бұған қоса, 2 миллионға жуық адамның  несие төлеу мерзімі кейінге шегерілді. Осының өзі, расымен де халыққа едәуір демеу болды. Халықтың есесін тіктеуге сеп болды.

Біздер ауылдық жердің қарапайым тұрғынымыз. Күнкөріс қылар негізгі саламыз – ауыл шаруашылығы. Президентіміз осы отырыста ел  экономиканың негізгі болып табылатын осы ауыл шаруашылығы саласының да жайын сөз қылды. Осы саланың одан әрі дамуына қажетті  алғышарттарды атап өтті.

Ауылдық жерлердегі қосалқы шаруашылықтар мен шаруа қожалықтарының жұмыстарына тың серпін мен қолдау беріліп, форварддық сатып алу механизмдеріне қаржы бөлу қажеттігін айтты. Қазірдің өзінде іске асырылып жатқан форвардтық сатып алуларға қосымша оффтейк-келісім-шарттарды енгізу және «ҚазАгро» несиелері  бойынша берешекті қайта құрылымдау жолымен қаржыландыру тетіктері кеңейтілетінін мәлімдеді. 

Осымен қоса, үкіметке «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, ауылдық жерлердегі кооперациялық тізбекті дамыту мақсатында «алқаптан  сөреге дейін» пилоттық жобасын іске қосуды тапсырды.

Президентіміздің ел жағдайын түзеуге бағытталған бұл нұсқамалары, расымен де шаруагерлерді шынайы қуантып отыр. Осы айтылғандар жүйелі түрде жүзеге асатын болса, еліміз қалыптасқан қиыншылықты қысқа мерзімде жеңіп шығатынына толық сеніп отырмыз.

Сондықтан баршамыз болып, бұл шаралардың маңыздылығын жоққа шығаруға жол бермеуіміз керек. Дағдарыстың күрделі кезеңін қалай еңсеретініміз, елімізді және экономиканы одан әрі дамуға қалай бейімдейтініміз осыған байланысты.

Сабыржан СҰЛТАНОВ, «Құрманғазы» өндірістік кооперативінің төрағасы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз