Жарнама
СарапTime

Тағдыр тезіне төзгендер

Көзі көгерген, беті ісіп, қолы сынған, өмірге еш құлшынысы қалмаған, ендігі барар жер, басар тауы жоқ жандар…

Бұл – бүгінде отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналған әйел-аналардың кейпі. Ащы болса да, қоғамдағы өзекті мәселелердің қатарын толықтырып тұрған жағдай бұл. Мұндай деректердің тым көбейіп бара жатқаны соншалық, әйелдерге арналған дағдарыс орталығында түрлі тағдыр иесі бар.

Осыдан он бір жыл бұрын Атырау қаласында ашылған орталықта өмірдің тезіне тап болған нәзікжандылар психологтың, заңгердің және медицина қызметкерлерінің көмегіне де жүгіне алады. 2012 жылы ашылған мекемедегі орын саны 20 адамға арналған. Шынында да, тұрмыстан зәбір көргендер полиция қызметінің баянатымен ғана қабылданып, бұл жерді алты ай ғана паналай алады. Қазір мұнда 6 әйел, 16 бала тұрып жатыр екен.

Орталыққа кіргеніміз сол еді, жастан асқан сәби көзі жәутеңдеп алдымнан жүгіріп шықты. Қасында анасы болса да, мен кірген есікке қарайлай берді. Сол сәтте оның бейкүнә жүзінен «бұл есіктен менің әкем де кіріп келер, бәлкім» деген үмітті оқып, сағынышын байқадым. Әттеген-ай!..

«Сен қандай сүйкімдісің?! Тәп-тәттісің!» деп маңдайынан иіскеп, басынан сипағаннан басқа амал таппадым бұл жерде…

Ойым сан-саққа жүгіріп, күрсініспен ішке кіріп, нәзікжандылардың тағдырын өз аузынан естігенде қоғамның жанды түршіктірер келеңсіздіктері менің де көзіме жас үйірді. Мұндағы әйелдердің дені – құқықтық сауаты жоқтықтан өмірден таяқ жеп, балаларымен қайда барарын білмей, жылап келетіндер.

Бес бала, миллиондаған несие,

үйсіз әйел…

Отыз үш жастағы Жанар Бағытова (аты-жөні өзгертілді) – бес балалы ана. Бірнеше жыл бұрын отағасы екеуі банк арқылы төрт бөлмелі үй алып, оның қарызын маңдай терін сыпыра жүріп, бірнеше жыл бойы төлейді. Қарызынан құтылып, соңғы сәтте үйдің құжатын аларда оны қайынағасының атына ресімдейді. Мұндағы мақсат – өздері мемлекеттік тұрғын үй кезегінде тұрғандықтан, соны сақтап қалу еді. Тағы біршама уақыт өткен соң олар автокөлік алуға талпынады. Сол кезде ерлі-зайыптылардың тұрақты жұмысы да болмапты. Әупірімдеп банктердің бірінен 10 миллион теңге несие алып, сол сомаға жаңа көлік сатып алған. Су жаңа техниканы тізгіндеген отағасы такси болып қызмет етіп, алғашқы үш-төрт айда несиені уақытылы төлеп тұрады.

Содан кейін несие де, отбасы да жайына қалады. Өз отбасынан безініп, әйелінің «көзіне шөп салу» деген теріс қылыққа бой алдырады. Өкініштісі сол, он миллион теңгенің несиесі жұмыссыз Жанардың атына ресімделген. Бірнеше жас баламен оның жұмыс жасауға еш мүмкіндігі болмайды. Әлгі миллиондарға үстеме пайызы қосылып, шаш-етектен қарызға батқан. Оны өтей алмаған соң, көлікті банк қайтарып алады. Бұл соққы аздай, күйеуінен күн сайын жәбір көріп, таяқтан бас көтермеген. «Жығылғанға жұдырық» демекші, Жанарды қайынжұрты «үй сенің атыңда емес» деп, бес баламен шырылдатып баспанасынан қуып шыққан. Барар жері, ішер асы қалмаған ол сәуірден бері осы орталықты паналап жүр екен.

Орталық басшысы Айбаршын Иманғалиеваның айтуынша, мекеме әуелі отбасын татуластыруға тырысады. Одан нәтиже шықпаса, ерлі-зайыптылар ажырасуға бел буатын көрінеді.

– Жанар әуелі жылдар бойы қаржысын төлеп құтылған баспанасын заң жүзінде «ортақ мүлік» деп танып алуы қажет. Олар ажырасқан жағдайда ғана сол мүлік бөліске түседі. Қазір сол бағытта құқықтық кеңестер берілуде, — дейді Айбаршын Тұқпатоллақызы.

«Отбасымның шырқы бұзылды» деп зорлық-зомбылықтың шын құрбаны болғандардың тағдыры әртүрлі мұнда. Әдетте, біраз мәселе жұбайының ішімдікке құмар болғанынан туындаушы еді ғой, ендігі жағдай мүлдем өзгеше.

Шиеленіс – ішімдіктен

Мақаттық Н. есімді әйелдің мұнда келуіне күйеуі емес, ата-енесінің алкогольге тәуелділігі негіз болған. Өз ұлының айрандай ұйыған отбасының ойранын шығарған ата мен ененің бұл сорақылығынан әбден мазасы қашқан келіні дағдарыс орталығын паналауға мәжбүр. Ауысымдық әдіспен жұмыс жасайтын қайынатасы 15 күн демалысында үздіксіз ішімдікпен «достасып» алған. Бұл аз десеңіз, енесі де қосыла ішіп, мұның салдары отбасында жиі ұрыс-керіс пен төбелес туғызады. Енесі сау кезінде де, масаң күйінде де келінге күн көрсетпейді екен. «Бұл шаңырақта мен көрген қорлықты сенің де көруің керек, бәріне көнесің» деп келінін жерден алып, жерге салатын әдет те шығарған. Бала-келіні еншісін алып бөлек шыққысы келсе, «теріс батамызды береміз» деп қарғыс жаудыратыны да бар. «Көтере алмасаң қосып арқала» дегендей, күйеуі де Н.-ға «анам көнген жағдайға сенің де көнуің қажет» дейтін әдет тауып, өзі де ішімдікке әуестене бастаған. Мұндай үйде қайдан береке болмақ?! Ата-ененің әлгі оспадарлығынан кейін шаңырақ шаттығы қалай орнайды?! Отбасындағы осы жағдай өзі жүкті, әрі бір жастағы сәбиі бар әйелді осы жерге әкелуге мәжбүрледі.

Орталық басшысы Айбаршын Иманғалиева мұнда әйелдерге медициналық, психологиялық көмектер тәулік бойы көрсетілетінін айтты. 46-60-60 нөмірлі сенім телефоны да үздіксіз жұмыс істейді. Семинар-тренингтер өткізіліп, пана іздеп келген келіншектердің өмірге құлшынысын арттырудағы жұмыстар да аз емес.

– Қазір Н. есімді мақаттық әйелдің тұрмысын реттеуге көмек көрсетіп жатырмыз. Өзінің «Отбасы банкіне» жинаған жинағы бар. Сол арқылы ауданнан баспана алу жолдары қарастырылып жатыр. Өзгертілген заңдылық бойынша бұл жерді әйелдер уақытша жарты жыл паналай алады. Оларға үш мезгіл тамақ беріледі. Әр отбасының жатын бөлмелері бөлек. Жуынатын бөлмелер де бар. Жуырда демеушілердің көмегімен балаларға ойын бөлмесі ашылды. Психологиялық көмектен кейін өз-өзіне келген әйелдерді жұмысқа орналастыруға да ықпал етеміз, — дейді орталық басшысы. Өйткені, мұндағы алты ай – өте ұзақ мерзім. Бұл оларда масылдық психологияны қалыптастыруы әбден мүмкін. Сондықтан, жұмыс жасауға мүмкіндігі бар әйелдердің балаларын тәрбиешілер күтіп, бағып, жағдай жасап отыр.

Бір өкініштісі, өз баласынан зорлық көрген 70 жастағы кейуана да осы мекемені паналапты. Себебі, ішімдікке салынған ұлы анасын зейнетақысын бермегені үшін аямай сабаған. Туған баласынан осындай зұлымдық көремін деп ойламаған ана ақыры үйіне оралмай, Қарттар үйін паналауға мәжбүр болыпты.

Сұмдық әрекеттер адам жанын түршіктіреді, өзекті өртейді…

Отбасын ойрандағандар қамауда

Елімізде осы жағдайдың ушыққаны соншалық, бұл шынымен де мемлекеттік маңызы бар мәселеге айналды. Бұған басым ден қойған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен тиісті заңдарға өзгерістер енгізіліп, құзырлы орган өкілдеріне зор міндеттер жүктелді.

«…Статистика көңіл көншітпейді. Соңғы екі жарым жылда үйдегі зорлық-зомбылықтың салдарынан 300 адам көз жұмды. Денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 878 және орташа зиян келтірудің 808 фактісі тіркелген. Осындай құқық бұзушылықтар бойынша 37 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жағдайды түзеу үшін алдын алу шараларын кешенді түрде жүргізу қажет.

Бұл жерде учаскелік инспекторлар шешуші рөл атқарады. Уақытылы шаралар қабылданса, отбасылық және тұрмыстық ұрыс-керіс кезінде жасалған қылмыстардың көпшілігінің алдын алуға болар еді. Яғни біреудің өмірі мен денсаулығын сақтап қалар едік. Мұны тәжірибе көрсетті» деді Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен Ішкі істер министрлігінің алқа отырысында.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл 1 шілдеден бастап елімізде зорлық-зомбылыққа қатысты заң қатаңдатылған. Мәселен, қазір полиция қызметкерлері жәбірленушінің арызынсыз істі өз міндеттемесіне сәйкес тіркей алады. Бұрын жәбірленуші арыз жазбаса, дерек ресми түрде тіркелмей қалатын.

– Қазір тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы материалдардың жартысы татуласуға байланысты сотта тоқтап қалады. Сондықтан, жанұялық жанжал кезінде екі тараптың татуласуы үшін бір ғана мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар, тиісті заңдылық шеңберінде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік қамауға алу мерзімі айқындалып, әрекет қайталанса құқық бұзушыны әкімшілік қамауға алу мерзімі 25 тәулікке дейін ұзартылды, — дейді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Мейірім Ердәулет.

Жыл басынан бері облыста тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша «102» желісіне 4097 хабарлама түскен. «Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер» бойынша 1198 адам жауапкершілікке тартылса, 1365 құқық бұзушыға қорғау нұсқамасы шығарылды. 334 адамға ерекше талап қойылып, тиісті заңдылық бойынша қорғау нұсқамасын бұзған 96 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазір отбасы-тұрмыстық қарым-қатынас саласында құқық бұзған 34 тұлға қабылдау-тарату орнына орналастырылды.

Сан түрлі тағдырлар. Жаға ұстатарлық деректер мен дәйектер…

Расында, бұдан кейін санада «қазақтың қанына біткен құндылықтары өз өміршеңдігін жойып бара ма? Кінәні кімге артамыз?» деген сан сауал туындайды. Әлде шынымен тәртіпсіз ұл мен қызды, шайпау әйел мен маскүнем еркекті тоқтататын аузы дуалы ақсақал, елдің абыз атасы мен ақ жаулықты анасы азайып бара ма екен?!

Бір кезде жазылмаған дала заңымен реттелген отбасылық қарым-қатынас қазір заңмен де, отбасы институтын нығайту тәсілдері арқылы да жүйелеуге келмей жатқаны өкінішті. Республикада соңғы жылдары отбасылық-тұрмыстық қылмыстар көбейген. Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру мен кісі өлтіру саны еселеп ұлғайды. Өткен жылдарды зерделеп қарасақ, отбасылық-тұрмыстық бағытта мыңнан аса құқық бұзушылық жасалған. Ішкі істер органдарына отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бойынша азаматтардан түсетін өтініштердің саны мыңнан асады. Көпшілігі туыстық қатынастарды ескере отырып немесе мәселенің ушығуынан қорқып, жария етпейді. Соның кесірінен қазір «бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деген сипат белең алса керек.

Мұндай мәселелердің алдын алу үшін Атырау облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мәжілісінде әр ауданда отбасын қолдау, отбасылық жанжалдарды шешу және балалары бар әйелдерге уақытша мекен беру жөніндегі орталықтар құру үшін берілген тапсырма біртіндеп шешімін таба бастаған. Биыл Жылыой, Құрманғазы аудандарынан Дағдарыс орталықтарын ашу жоспарланыпты.

– Жылыойда былтырдан бастап «Бақытты отбасы» отбасын қолдау кабинеті ашылып, жұмыс істеп жатыр. Мұнда қиын жағдайға душар болған отбасыларға жан-жақты бағыт-бағдар беріліп, психологиялық, әлеуметтік, заңгерлік көмектер көрсетіледі. Бұл кабинеттен әр сала бойынша кеңес алуға да болады. Биыл Исатай ауданында да осындай жандарға демеу көрсету мақсатында отбасын қолдау орталығы ашылады. Қазір Құрманғазы ауданында Аналар кеңесінің жұмысы өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Балғаным Хасанова жетекшілік ететін кеңесте он шақты клуб жұмыс жасайды. Ал, Мақат ауданында Әкелер кеңесінің жұмысы зор қарқын алып келеді. Басқа аудандарда осындай кеңестердің жұмысын әлі жандандыру қажет, — дейді Атырау облысы әкімі аппаратының әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі бас инспекторы Зәмзагүл Жалмурзина.

Зәмзагүл Хиданқызының айтуынша, Атырау қалалық №7 емханасында ішімдікке тәуелді, ойынқұмар адамдарға психологиялық тұрғыда тегін көмек көрсететін кабинет те жұмыс істеп тұр екен. Енді отбасының шырқын бұзып, алкогольді ішімдікке тәуелді адамдарды емдеп, әрі қарай оны үйіне жіберіп қоймай, сол жерде психологиялық тұрғыда көмек көрсететін арнайы орталық ашу да өмірдің өзі туғызған қажеттілік. Бүгінгі күннің ащы болса да шындығы осы!..

Түйіндеп айтқанда…

«Тәрбие – тал бесіктен» деген сөз бар қазақта. Әрине, отбасындағы тәрбие дұрыс болса, ошақтың түтіні де түзу ұшар еді. Бірақ бұл жерде таяқтың екі ұшы барын да ескерген жөн. Қоғамдық кеселдердің алдын алуда ұлттық идеологияны да жандандыру қажеттігі ұмытыла береді. Отбасындағы тәрбие мен қоғамдағы тәртіпті қатар күшейтсе, жұмыс та ілгерілей түсер еді.

Әйтпесе, бүгінде әр адам «өз еркімен» өмір сүріп, неше түрлі сұмдықтарға бой алдырып бара жатқаны даусыз. Бұған сіз не дейсіз, қадірлі оқырман?

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button