Екінші дүниежүзілік соғыстағы шығыстан шыққан үш жұлдыздың бірі, қазақтың алғашқы әскери ұшқыш қызы, «Халық қаһарманы» атағының иегері Хиуаз Доспанованың туғанына биыл – 100 жыл.
Ол 1922 жылдың 15 мамырында Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы Көбелеңкі деген жерінде (құжатта Ганюшкин селосы) қарапайым еңбек адамы шаңырағында дүниеге келеді. Күштік құрылым саласында қызмет атқаратын әкесі Қайырдың жұмыс бабына орай отбасымен Бөкей губерниясы, одан Орал қаласына көшіп, орта мектепті сол қалада үздік аттестатпен аяқтайды. Бір ерекшелігі – Хиуаз аталған мектепте оқып жүріп сол кездің жасөспірімдері үшін солтүстік полюстен Америка құрлығына ұшқан Валерий Чкалов, кеңестер одағының бір қиырынан екінші қиырына тоқтаусыз самғаған Валентина Гризодубова, Полина ОСипенко, Марина Раскованың қаһармандық істеріне еліктеу, ұшқыш болуды армандаған жастардың бірі ретінде Хиуаз да Орал қаласында ашылған ұшқыштар дайындайтын аэроклубқа барады. Ресейдің Чкалов авиация құрамынан келген арнаулы комиссия курс тыңдаушыларының теориялық, практикалық біліктерін сарапқа салып, бәрінен де сүрінбей өткен жас қызға ұшқыш-штурман куәлігін тапсырады.
1940 жылдың жазында орта мектебін де «өте жақсымен» аяқтаған Х.Доспанова өзі армандаған Жуковкский атындағы әскери ұшқыштар академиясына түсу үшін Мәскеуге келеді. Бірақ түрлі себептерді алға тартқан оқу орнының қабылдау комиссиясы қазақ қызының жолын кесті. Ақыры ол осындағы бірінші дәрігерлік институтқа емтихансыз қабылданды.
Бірінші курсты бітіргенде соғыс басталды. Бұл кезде ол жазғы демалысты пайдаланып, комсомолдық жолдамамен Мәскеудің метрополитен құрылысында жүрген. Күзде бұларды қала төңірегіндегі құрылыс шебін салуға тартты. Осы тұста әйгілі ұшқыш, Кеңес Одағының батыры М.Раскова ұйымдастырған әйелдер авиаполкіне жазылып, Саратов әскери училищесінде оқып жаттықты. Майдандағы қадам 1942 жылдың көктемінде Солтүстік Кавказды азат ету шайқасынан басталды. Аталған өңірдің жазық аймаққа қарағанда өзіндік ерекшелігі бар. Жықпылы мол таулы жер еді. Ауа райы да тұрақсыз, көбіне жауын-шашынды, мұнартып тұрады. Бұлар пайдаланатын соғыс машинасы ПО-2 ұшақтың ең осалы, әрі жай және жербауырлап төмен ұшады. Бірақ оларға тапсырылатын жұмыс өте жауапты – түн ішінде барлаушылардың алдын ала жеткізген шұғыл мәліметтеріне сай негізгі нүктелеріне тұтқиылдан бомбалар тастайды да, қайта оралады. Соған сай неміс радиосы оларды «түнгі диюлар» деп атап кеткен. Соғыс жылдары Хиуаз қанша ержүрек қыздарынан айырылды. Эскадрильядағы ең жас және сырлас досы Дуся Носаль, ұдайы көңілді жүретін Полина Белкиналар алғашқы шайқаста-ақ мерт болды. Өзі Моздок аспанында жарақат алып, госпитальда айдың үстінде жатып ем алды. Бұдан әрі ол Юля Пашковамен бірлесе ұшып, Кубанның жау қолында қалған деревняларын азат етуге күш салды. Бәрі де штабтан келген тапсырма бойынша жүзеге асады. Солардың бірі Славяская стансасындағы дұшпандар шоғырланған нүктені жою кезегі келді. Ойқастап жүрген «пырылдауық» (ПО-2) біресе жербауырлап, негізгі нысанға жақындай түссе, артынша жоғары көтеріліп, із жасырады. Бұл бомба тастап, күйретуден кейінгі жан сақтау.
Бір сәт Хиуаз серіктесінің бетіне қарап еді, ол жылап отыр. Не болды, ештеңе түсінбеген штурман ұшқыш құрбысына «Оқ тиді ме?» деп сұрап еді, ол «Жоқ!» деп жауап берді.
— Енді ше?
— Бұл менің туған ауылым…
— Туған үйің қайда?
— Жаңа ғана үстінен ұшып өттім. Әке-шешем, бауырларым сонда…
Қандай қатыгездік десеңізші…Бұлар болса, Юляның кіші отаны, балалығы өткен, отбасы тұратын елдімекенді күйретіп, қиратып жүр. Бұлар сол бойда жаудың негізгі тұрақтарына ауысып, орын өзгертті. Артынша славянская стансасы азат етілді.
Қашан да соғыстың аты соғыс, бір жақ жеңеді, екінші жақ жеңіледі, қай-қайсысының да өз құрбандары бар. Хиуаз бұл соғыста үш рет қатты жараланды. Соның бірі бұның есінен кетпейтіндей өкініш қалдырды. Түні бойы қара түнек жау аспанында ажал оғын сеуіп, енді ғана өз тұрақтарына бағыт алғаны сол еді. Бұлар төмен құлдилағанында, төменнен көтерілген кезекті ұшақтың қарсы соғысқаны бар емес пе? Екі экипаж да мерт болды. Жалғыз тірі қалған Хиуаз ғана. Онда да байлам тартпасын тағынбай отырған штурман орындығынан ұшып кетті. Ал Юля болса, тіл тартпай кеткен. Қол-аяғы, біраз омыртқасы сынып, оңбай зақымдалған Хиуаз госпиталь төсегінде ұзақ жатты, екінші дәрежелі мүгедектік кезегі келіп тұрса да, ол майдан даласын тастап кетпеді. Өңіріне «Қызыл жұлдыз» орденін тағып, гвардия шенін алған Х.Доспанова өз полкіне қайта оралды. Кавказды азат ету соғысына қатысты.
Бұдан арғы Қырым соғысында Хиуаз Қайырқызы Ирина Себровамен серіктес болып, жау жағының тас қамалы Мидридат бекінісін аса қиындықпен алуға қатысты. Дегенмен алдыңғы жарақат оның қимыл-қозғалысына аса мол зардабын тигізді. Тіпті, аяғын басқызбай, ұшаққа мініп-түсудің өзі мұң болды. Мұндайда ол арнаулы медициналық комиссияның бақылауына бармауға тырысып, шұғыл тапсырмалар кезінде соғыс машинасына отырып үлгере алмаймын деп алдын ала сол жақта болып, кейде ұшақта түнеп те шыға беретін. Оның осындай әрекеттерін жақсы түсінген құрбылары «Біздің Мересьев» деп те атап кеткен-ді. Алдында ол «Кавказды азат еткені үшін» медалін алса, Қырымды босатудағы ерлік істеріне орай «Екінші дәрежелі Отан соғысы» орденімен марапатталды және ВЛКСМ Орталық комитетінің Мәскеуде өткізген майдангер қыздармен кездесу жиынына қатысты.
Осы кездің өзінде жау аспанына үш жүздің үстінде көтеріліп, дұшпандардың ең негізгі нысандарын жоқ қылған, адамдарын шығындаған оның бұдан арғы жүріс-тұрысы қиындап, аса қажетті жағдайда парашютпен секіру мүмкіндігінен де айырылған-ды. Әйтсе де ол әрдайым өзінің жеңіс туын желбіретпей майдан даласынан кетпейтіндігін анық айтумен болды. Тәжірибелі штурман ұшқыштың бұл антын дұрыс түсінген полк басшылығы оны штабтық жұмысқа ауыстырып, байланыс бөлімінің командирі етіп тағайындады және полк комсомол ұйымы хатшысының орынбасары қызметін атқарды. Белоруссия мен Варшаваны, Бесалуды алумен бірге Берлиндегі Рейхстаг қабырғасына жетіп, өз қолтаңбаларын қалдырды және соның бәрі тек түнде ғана жүзеге асты. Осылайша қазақтың қыран қызы елімізде ымыртта ұшуға бейімделген Қызыл Тулы ІІІ дәрежелі Суворов орденді гвардиялық Тамань әскери полкі құрамында 1418 күнге созылған кеңес-герман соғысына қатысып, ғажайып ерлік үлгісін көрсетті.
Жастайынан оқуда, қоғамдық жұмыстарда ұдайы өз белсенділігімен дараланған Х.Доспанова майдан даласынан жеңіспен оралған соң республиканың қоғамдық-саяси өміріне де батыл араласып, Батыс Қазақстан облыстық партия комитеітнде нұсқаушы, Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінде хатшы, бірінші хатшы, Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Президиумының хатшысы, Орталық Комитеттің мәдениет бөлімі меңшгерушісінің орынбасары Алматы қалалық партия комитетінің екінші хатшысы қызметтерінде болып, республикамызыдң соғыстан кейінгі дамуына өз үлесін қосты. Сол кездегі астанамыздың көркеюі – Абай атындағы опера-балет театры мен Орталық стадион, Медеу мұз айдыны, Министрлер Кеңесі ауруханасы, М.Горький атындағы демалыс бағы, басқа да өмірлік құрылыстарды салуда өз қолтаңбасын қалдырды. Тың игеру науқанына да араласты.
Ол өзінің теориялық және саяси білімін көтеруге де ерекше назар аударды. Әуелі Алматы жоғары партия мектебін, кейін КПСС Орталық комитеті жанындағы партия мектебінде оқыды. Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.
Өкініштісі, соғыста алған жарақаты оны өзгелерден ертерек зейнеткер атанып, үйде отырып қалуына себепкер болды. Әйтсе де, ерлік ұмытылмайды екен. Араға қырық жыл түскенде Хиуаз Қайырқызы Доспанованың ерекше ерлік, еңбек жолдары ескеріліп, оған 2007 жылы Қазақстанның «Халық қаһарманы» атағы беріліп, ерекше үздік белгі – «Алтын жұлдыз» бен «Отан ордені» қоса тапсырылды. Бұл ерекше құрмет.
Десе де, аталған соғысқа өңірімізден Хиуаз ғана емес, ұзын саны алпыс мыңға жуық ерлер мен әйелдер қатысып, оның 25 мыңдайы туған жерге қайтып оралмай жандарын қиды. Аталған соғыста Қ.Смағұлов, М.Баймұқанов, А.Афанасьев, Б.Нысанбаев, М.Мусаев, Ф.Мазуров, И.Махорин, Г.Канцев Кеңес Одағының батырлары атанса, Ғ.Әліпов, С.Қызылов, Полынин, Ш.Еркінов, Г.Шамин, «Даңқ» ордендерінің толық иегерлері еді.
Олардың есімдері бұл күнде Атыраудың қай бұрышына барсаңыз да, алтын әріппен айшықталып, көрнекі жерлерге жазылған.
Хиуаз Доспанованың ерлік, еңбек жолын ұлығылау бағытында Атырау қаласындағы халықаралық аэропотқа есімі беріліп, ескерткіш орнатылса, Құрманғазы ауданындағы өзі туған ауылға есімі берілді. Атырау қаласындағы жалпы орта білім беретін мектеп пен көшелер де оның атында.
Бірақ соғыс сол кезде майдан даласында жүріп жатқанымен, ондағы жауынгерлерді қажетті қару-жарақ, оқ-дәрі, азық-түлік киім-кешекпен қамтитын тылдағы қарапайым еңбек адамдары екені белгілі. Олар да жан аямай жұмыс істеп, «Барлығы майдан үшін, Жеңіс үшін!» деген ұранмен бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарды. Ұлы майданның алғашқы күндері Украинадағы Петровский атындағы машина жасау зауыты Атырауға көшіріліп, қыстың көзі қыраудағы ақ қар, көк мұзда ашық аспан астында алғашқы өнімдерін шығара бастаса, майданның, ондағы әскери техниканың мұқтажын өтеу үшін Атырау мұнайын Орскінің қайта өңдеу зауытына жеткізетін Гурьев-Орск құбыры тез арада тартылып, сұранысты өтеді. Комсомол, Құлсары, Ескене, Қаратон, Доссордың мұнайы енді ғана іске қосылған Гурьев-Қандағаш,-Орск теміржолы арқылы мұнай өңдеу зауытында өңделіп, майдан ұшақтары мен танк, автокөліктерін ел қорғау қызметіне араластырды.
Соғыстың алғашқы екі жылында облыс бойынша майдангерлерге арналып 185376 байпақ, 13636 дана бөрік, 8220 шолақ тон, 60890 жұп қолғап дайындап жөнелтілсе, Бақсай ауылдық кеңесінің еңбеккерлері 1942 жылдың күзінде Ленинград қаласын жаудан қорғаушы 86-атқыштар дивизиясына сый ретінде 1 тонна брынза, жарты тонна қақтаған балық, 300 кт тұздалған көкөніс, жарты тонна сарымай, 2 центнер сүрленген жылқы еті, 400 жұп жылы шұлық пен қолғап, 100 дана кестелі орамал, 10 дана жамылғы көрпе, 20 дана құсжастық, 10 шолақ тон жөнелтті. Атырау балық консерві комбинатының атақты уылдырық өңдеушісі Жаңабатыр Сарбөпеев жерлестерінің жоспардан тыс аулаған 140 мың центнер балық өнімдерін Сталинград майданы жауынгерлеріне аранйы пойызбен жеткізіп берді.
Соғыс жылдарында облыс малшыларының еңбегі де айтарлықтай болды. Новобогат ауданының дала ерлерінің соғыс жылдарында үш рет Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесінің және мемлекеттік қораныс комитеінің ауыспалы Қызыл туын үш рет жеңіп алып, еселі еңбектің мәңгілік жемісі ретінде ауданға түпкілікті қалдырылды.
Осынау қиын кезеңде жылқы малының көлік ретіндегі күш-қуаты ерекше көзге түсті. Бұл ретте аталған түлікті өсіруші жылқышылардың еңбегі жоғары бағаланды. 51 адамға Социалистік еңбек ері атағы берілді. Олардың ішінде Ә.Ысмағұлов, С.Мұхамбетқалиев, М.Енбаева, Н.Нұрқанаевалар бар еді.
Аталған алапат жылдарда жекелеген адамдар майдан сұранысын өтеу үшін өз қаражаттарынан әскери ұшақ, танк, басқа да қуатты техникалар жасауға көмектерін берді. Олардың қатарында Новобогат, Теңіз аудандарынан Қ.Құрмашев, Қ.Ысқақовалар (Ысқақованың өзі ұшақ жасау үшін 175 000 сом ақша аударған және Ганюшикн мектебінің пионерлері де бар).
Қашан да ел мен ел, мемлекетаралық соғыста жекелеген адамдар ерлік үлгісін көрсетеді, өз майдандастарына, елі мен халқына үлгі болады, даңққа бөленеді. Сонымен бірге жеке тұлғаларға айналасындағы қаруластары көмекке келеді. Әрине, бұл арада көмектің түрі көп. Жекелеген сарбаздардың әскери көмегі, қару-жарақ, соғыс техникасы, азық-түлік, тактикалық, қосалқы жәрдем, т.б. соның бәрінде де мақсат біреу, ол – елдің жеңісі, бұқара халықтың бейбіт қатар өмір сүруі. Міне, сол кездегі, яғни, 1941-1945 жылдарғы кеңес халқы үшін соғыстың сондай мәні болды. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған еліміз төрт жыл аңсаған ұлы Жеңіске қол жеткізді. Содан бері баянды болып келе жатқан Жеңісіміздің ғұмыры ұзақ, аспанымыз ашық, таңдарымыз жарқын болсын.
Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ,
өлкетанушы