Қомақты қаржының қайтарымы қандай?
Аймақтың агроөнеркәсіп кешені туралы айтылғанда балық шаруашылығы саласынан айналып өту мүмкін емес. Атыраулықтар үшін балықшылық та байырғы, атакәсіптің бір түрі. Облыста бүгінде 17 шаруашылық субъектісі (оның екеуі бекіре балығын өсіру зауыты) балық аулаумен және өңдеумен – кәсіпшілік балық өндірісімен шұғылданады.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Артур Сәдібекұлының айтуынша, 2023 жылдың 1 шілдесі мен 2024 жылдың 1 шілдесі аралығында Жайық-Каспий бассейнінен 10 мың тоннадан астам балық ауланған.Оның үштен біріне жуығы Ресей, Әзербайжан, Украина, Израиль, Грузия, Германия, Польша және Словакия елдеріне экспортталыпты. Сонымен қатар, еліміздің көптеген қаласына жөнелтілген.
Биыл Каспий теңізінде кәсіпшілік балық аулаумен 1 400-дің үстінде адам айналысып отыр. Олардың күшімен мұнда «су маржандарының» 20-ға тарта түрі (басым бөлігі «Қызыл кітапқа» енген бағалы балықтар) ауланды.
Инвестициялық жоба – игіліктің бастауы
Қазіргі уақытта ау қоржынына түскен олжаның көбі өңделместен, шикізат ретінде эспортталуда. Осыған орай, өңірімізде өңделетін балық көлемін көбейтіп, үлес салмағын молайту мақсатында аймақ басшылығы «СевКаспийФиш» ЖШС-не қарасты Шортанбай балық зауытын (Құрманғазы ауданы) жаңғырту жобасын мақұлдады. Бүгінгі таңда осы жобаны бекітілген кестеге сәйкес жүзеге асырып, уақытылы іске қосуға күш салынып отыр.
2023 жылы бұған қаржылай қолдау көрсетуге «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 1,5 млрд. теңге сомасында жеңілдетілген несие берілді. Былтыр облыста 270 тонна , тауарлы балық өсірілсе, биыл бұл көрсеткіш 100 тоннаға артық (373 тонна). Соңғы екі жылда өңірде тоғандық жүйеде балық өсірумен айналысатын 4 шаруашылық құрылып, іске кірісті. Бұлардың қатарында «Сағиева» шаруа қожалығын, «Тілекші» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін (Атырау қаласы), сондай-ақ Махамбет ауданындағы «А-Дана» ШҚ-н атауға болады. Соның ішінде соңғысында жоба бойынша жылына 60 тонна тауарлы балық және 15 млн. дана бекіре тұқымдас балық шабағы өсіріледі. Облыста тоған шаруашылығына негізделген 6 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланды. Осы жобаларды сәтті жүзеге асырудың нәтижесінде тауарлы балық аулау көлемін 270-тен 7 мың тоннаға, ал балық өңдеу көлемін 646-дан 8 мың тоннаға жеткізу көзделіп отыр. Атап өтерлік жайт, «Жайық-Атырау» және «Атырау» бекіре балығын өсіру зауыттарының біріктірілуіне байланысты бірінші кезекте талап етілетін жобалық-сметамалық құжаттамаларды рәсімдеу жұмыстарын «Gaspian Business Support» компаниясы атқаруда. Көп кешікпей бұл шаруа мәресіне жеткізіліп, нақты жұмыс басталады. Межеленген мерзімінен кешіктірілмесе, жоба 2026 жылдың шілде айында іске қосылуы тиіс. Бір сөзбен түйіндегенде, болашақта инвестициялық жобаның игіліктің бастауына айналатынына үміт мол, — деді салалық басқарманың өкілі.
«Су маржанын» көбейту үшін
Балықтардың табиғи өсу, көбею ортасы саналатын Жайық өзенінің сағалық кеңістіктерінде түп тереңдету жұмыстарын жүргізу үшін құны 12,5 млрд. теңгені құрайтын жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл мақсатқа Үкіметтің резервтік қорынан қаражат бөлуге сұраныс жолданған. Мәселе оң шешімін тапқан жағдайда биылдан қалмай нақты жұмыс қолға алынатын болады.
Өткен жылы 2 млн. 273 мың дана бекіре шабағы өзенге жіберіліп, ол алдыңғы жылғыдан айтарлықтай кеміп кеткен. Өйткені, Жайық өзені мен Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің шамадан тыс таяздануы көктемгі маусымда бекіре тұқымдас балықтардың өзенге кіруіне кедергі келтірген көрінеді. Аталған жоба осы проблеманың оң шешілуіне септеседі.
Молайту да, қорғау да міндет
Балық қорын молайтумен қатар оны қорғау да маңызды. Бұл – талап әрі міндет. Осы орайда сарапшы-мамандардың пікіріне құлақ түрсек, оны төмендегіше сипаттауға болар еді.
Біріншіден, балық шаруашылығын дамытудың ғылыми негізделген жоспарын дайындау. Екіншіден, тауарлы балық өсіруге маманданған кәсіпорындарды материалдық жағынан ынталандыру, оларға ғылыми-консультациялық және ақпараттық қолдау көрсету. Үшіншіден, өңделмеген шикі балық өнімдеріне салынатын қосымша құн салығы мен тауардың өзіндік құнын төмендету. Төртіншіден, балықты аулау және өңдеумен айналысатын кәсіпкерлік субъектілерін мемлекет тарапынан қолдау шараларын алу жөнінде ұсыныстар әзірлеу.
Бұл тұрғыда кейбір бастамалардың да болғанын білеміз. Мәселен, бұдан біраз бұрын Алматы қаласындағы балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының ғалым-мамандары Жайық өзенінің ихтиофаунасына кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген. Ондағы көзделген мақсат – өзендегі жануарлар дүниесіне антропогендік факторлардың тигізетін әсерін төмендету болатын. Сол кезде құны 77 млн. теңгеге бағаланған жоба шеңберінде ғалымдар Жайықта тіршілік ететін «су маржандарының» ішкі патологиялық өзгерістерін, сонымен бірге осындағы ихтиофаунаға разитологиялық, вирусологиялық, гистологиялық, гематологиялық, гидробиологиялық, ықпалын зерттеп-зерделеді.
Орта жолда қалған жұмыс
Алматылық «Казэкопроект» ЖШС мамандары жергілікті аквамәдениет пен биоалуантүрлілік жағдайын зерделеу нәтижелерін негізге ала отырып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын одан әрі жалғастырды. Осының бәрі Жайық-Каспий бассейнінде балық қорын молайтуға, ғылыми негізделген іс-шаралар жоспарын жасақтауға мүмкіндік берді. Бұл мақсатқа да қазынадан қомақты қаражат бөлініп, жоспарлы жұмыстар жалғасын тапты. Кейіннен Үкімет басшысының тапсырмасымен балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы әзірленіп, тиісті мемлекеттік құрылымдар тарапынан мақұлданды.
Осындай ақпаратымен бөліскен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Артур Сәдібекұлының түсіндіруінше, қаржыландыруда туындаған қиындықтар мен кедергілердің салдарынан басталған жұмыстар мәресіне жеткізілмей, орта жолда қалып отыр. Оның үстіне, бұған осы уақыт аралығында орын алған құрылымдық өзгерістердің де тікелей әсерін тигізгені жасырын емес.
МТБ нығайса, әлеует те артады
Браконьерлікке қарсы күресу мақсатында құрылған мемлекеттік құрылымдардың әлеуетінің артуы олардың материалдық-техникалық базасының нығайтылуына байланысты екені даусыз.
Мысал келтірсек, «Жайық-Каспий» облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы құрамындағы құрылымдық бөлімшелер соңғы үш жылда бірнеше бірлік қызметтік автокөлікпен, планшеттер, термопринтерлермен, квадроциклдер, патрульдік және ауа жастығымен жабдықталған катерлермен (оның ішінде бесеуі кіші катер) қамтылды. Оған қоса, Құрманғазы ауданының Кудряшово ауылында орналасқан аудандық балық қорын қорғау инспекциясына модульдік ғимарат салу жоспарға енгізіліпті.
Браконьерлік бұғалыққа көнбей тұр
Алаңдатарлық жайт, жылдан жылға балық қорына заңсыз қол сұғып, табиғат байлығын ашкөздікпен талан-таражға салу әрекеттері тыйылмауда. Браконьерлікті бұғалықтау бағытында жүргізілген жүйелі жұмыстар мен алдын-алу шараларына қарамастан оның жолына тосқауыл қойып, ауыздықтау оңайға түспей тұр.
«Жайық-Каспий» облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының ресми мәліметінше, «Бекіре-2024» балық қорғау акциясы аясында табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 935 дерегі тіркелді. Соның ішінде, қоры азайған, жоғалып кету қаупі бар балық түрлеріне заңсыз қол сұғушылық фактілеріне қатысты 71 қылмыстық іс қозғалған. Басқалай да құқық бұзушылықтар бойынша айыпты деп танылған 694 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға салынған айыппұлдың жалпы сомасы 19,4 млн. теңгені құрады.
Жедел-профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде жалпы салмағы 11,3 тоннадан астам «су маржаны», оның ішінде 2 тонна 230 келіге жуық бекіре тұқымдас балық , 8,3 келінің үстінде қара уылдырық, 162 бірлік аулау құралы мен 44 су көлігі тәркіленді. Одан бөлек, өзен арнасы мен теңіз атырабындағы табиғи су қоймаларынан жалпы ұзындығы 300 шақырымды құрайтын 1416 балық аулау құралы рәсімделіп, тиісті шарасы алынды.
Түйін
Бүгінгі таңда облыста барлығы он жеті шаруашылық субъектісі Жайық. Қиғаш өзендерінің бойынан бекітілген тартымдар мен Каспий теңізі жағалауынан «су маржандарын» аулап, өңдеумен айналысады. Сөйтіп, байырғы кәсіп саналатын балықшылықтан нәсібін тауып, өз мүмкіндіктері деңгейінде саланың табысты дамып, өндірістің өркендеуіне өзіндік үлестерін қосып отыр.
Олардың арасында «Амангелді», «Тілекші» өндірістік кооперативтері, «Абылайхан», «Інжу-Маржан» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері балықты аулаумен қатар оны терең өңдеуді де жақсы жолға қойған. Соған мүмкіндік беретін соңғы үлгідегі зааманауи технологиялармен жабдықталған. Соның нәтижесінде бұл шаруашылықтардың өнімдері тұтынушылардың жоғары сұранысын иеленуде. Ендігі мақсат – тауарлы балық өндірісін дамытуға бағытталған тоған шаруашылықтарын осы деңгейге жеткізу. Ол үшін мемлекеттен берілетін субсидиялау, жеңілдетіілген несие беру сияқты қолдау шаралары да жеткілікті. Тек сол мүмкіндікті мейлінше ұтымды әрі тиімді пайдалана білу шарт.
Дәулетқали АРУЕВ