Жарнама
СарапTimeҚұқық

Қазақстанда заң жұмыс жасай ма?

Еліміздегі заң үстемдігі туралы не айтасыз? Бүкілхалықтық референдумнан кейін не өзгерді? Егер сізге мүмкіндік берілсе, Ата Заңды қалай толықтырар едіңіз? Біз бұл үш сауалды белгілі саясаттанушы, саяси сарапшы, «ABISHEV ANALYTICS» телеграм каналының авторы Ғазиз Əбішевке қойған едік…

1.

Ата Заңның бағыты да, формасы да айқын. Заңды ешкім өзінің мүддесіне қарай тартып, бұрмалай алмайды. Қанша жерден мықты заңгер болса да, заңды айналып өтпейді. Сол секілді, сайлау кезінде дауыстарды ұрлауға болмайтыны бізде де, өзге елдерде де заңмен бекітілген. Мəселен, егер осы қағида бұзылса, Америкада азаматтық қоғам өз қарсылығын білдіреді. Себебі, олар саясиландырылған. Билікпен келіспейтін тұстары болса, өз ұсыныстарын енгізеді. Бізде де қазір соған қарай қадам жасалып жатыр. Яғни, халықтың жартысынан көбі бірдей ұсыныс айтса, мемлекет соны заңға енгізіп отыр. Ел арасында айтылып жүрген тағы бір əңгіме, Конституцияға адамгершілікморальдық құндылықтарды сақтау мақсатында заңға бірқатар норма енгізу қажеттігі. Өйткені, коронавирустан кейін көп елде азық-түлік тапшылығы мен қымбатшылық қарқын алып, алаяқтар мен ұрылар көбейіп кетті. Суицид пен қатыгездік деректері де жиіледі. Ғаламторды ашып қалсаң, неше түрлі сұмдық жайттарды көресің. Бұған қарай-қарай көзіміз де үйреніп кетті. Енді етіміз үйреніп алмасын деп тілейік. Ескерер жайт, біз діни, тоталитарлық, коммунистік, диктатуралық мемлекет емеспіз. Осыны ұмытпаған жөн. Мысалы, балабақшадағы балаға балағат сөз айтуға заңмен тыйым салатын болсақ, бұл үшін оның ата-анасы жауап береді. Бірақ, мұның бəрін мемлекет қадағалап отыратын болса, онда одан да маңызды мəселелермен кім айналысады? Сондықтан «Отан отбасыдан басталады» дегендей, жанұядағы тəрбиеге көбірек көңіл бөлсек, ардан ешкім аттамайды деп ойлаймын. Ал, егер біз тəрбиемізді де заң күшімен түзететін болсақ, онда жыртқыштық инстинктке тəуелді жан-жануарлардан еш айырмашылығымыз қалмайды ғой.

2.

Референдум əлі көп нəрсені өзгертеді. Біз Конституция туралы айтқанда, əлемдік тəжірибені негізге алуымыз керек. Айталық, АҚШ пен Ұлыбритания секілді бізде де енді Мəжілістегі мандаттар бойынша можалитарлық аумақтар белгіленеді. Олар мандаттардың 50 пайызын құраса да артық етпейді. Сонда əр сайлаушы өзіне бөлінген аумақтың өкілін жатқа білетін болады. Оған өз ұсыныс-пікірін де білдіре алады. Осы тəжірибені дамыту қажет. Бұл не деген сөз? Яғни, сайлаушылардың мүддесін тек партия ғана емес, соған жауапты болып тағайындалатын өкіл де қорғай алады. Заңдағы соңғы өзгерістермен танысып шыққан əр адам болашақты өзінше болжап жүр. Əлеуметтік желіде мемлекетті болашақта Президент басқармайтыны жөнінде де көп айтылуда. Сонда кім басқарады? Халық өзін-өзі басқара алмайды. Технология дамып, мобильді басқару жүйесі енгізіледі десек те, ол əзірге мүмкін емес. Конституциялық монархия болып саналатын Ұлыбританияда нағыз демократия орнаған. Ал, бізде қалай? Бұрын саяси жүйеге қатысты азаматтық қоғам өз пікірін білдіруге асықпады. Басшылық қызмет мерзімін ұзарту мəселесіне қатысты да солай. Бірақ, қазір саяси бағыт сəл өзгере бастады. Оған уақыттың өзі себепші болып отыр. Бір жағынан, мəселенің бəрі заңмен реттеуге келе бермейді. Заңның күші жетпейтін де тұстары болады. Айталық, бізде жалақыны күрт өсіріп жіберсе де, уақыт пен нарық өз өрнектерін салады. Мысалы, Бельгия мен Швейцария секілді кішкентай мемлекеттердің экономикасын реттеп отыру қиындық туғызбайды. Əрі онда қала мен елді мекендердің арасы жақын, сəйкесінше байланысы да берік. Ендеше, біздің елді олармен салыстыруға келмейді.

3.

Қазақстанның экономикасын өркендетіп отырған бірден-бір фактор болса, бұл – жер қойнауындағы «қара алтын» өндірісі. Бірақ, қарапайым халыққа құлақ түрсек, өзімізде өндірілетін мұнай мен газдың ешқандай өтеуі жоқ. Əсіресе, еліміздің батыс аймағындағы тұрғындар сол өндірістен түсетін табыс ең болмаса инфрақұрылым жүйесін жүргізуге, əлеуметтік нысандар салуға жұмсалғанын қалайды. Соңғы кезде Атыраудың ауасының шамадан тыс ластануына қатысты көп əңгіме айтылып жүр. Бұған жергілікті тұрғындар осындағы мұнай өңдеу зауытын кінəлайды. Алайда, отыз жылдан бері оның ешқандай шарасы алынбаған. Ал, ауа сапасын тексерушілер бірде-бір зиянды заттың анықталмағанын айтады. Бұған қалай сенуге болады? Міне, осындай жағдайда тек заң ғана көмекке келеді. Бірақ, тиісті деңгейде қолдана білу үшін оның тілін білетін білікті мамандар керек. Бұл мəселе Атырауды экологиялық апатты аймақ деп таныса да шешілмейді. Онда экологиясы сын көтермейтін Қызылорда, Байқоңыр, Құмкөл, Теміртау, Қарағанды секілді өңірлердің бəрін өтемақымен жарылқауға тура келеді. Ал, оның бəрі ненің есебінен төленбек? Тұрмысы төмен Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қостанай облыстарының бюджетінен бе? Қысқасы, бұл да мүмкін емес. Ендеше, басқа жолдарын қарастыру керек. Демек, Экологиялық кодексті қайта қараған жөн.

Әңгімелескен – Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button