Сандарды сөйлетсек, былтыр 200 мыңнан астам отандасымыз еліміздің орталық депозитарийінде есепшот ашқан. Яғни, алдыңғы жылмен салыстырғанда, 100 мыңға көп. Əрине, бұл – жаман көрсеткіш емес. Демек, инвестицияға қызығушылық артпаса, еш кемімеген. Əйтсе де…
Қаражат қазақша «сайраса»!
Белгілі экономист Мақсат Халықтың айтуынша, халықтың қаржылық сауаттылығы əлі де болса таяз.
– Соңғы уақытта еліміздің барлық өңірінде тұрғындардың қаржылық, əсіресе кибералаяқтарға алдануы белең алды. Себебі, қазақ тілінде қарапайым қаражат айналымы мен инвестиция туралы толық мағлұмат беретін ақпарат аз. Болса да, тек қысқа-нұсқа беріледі. Ал, сала мамандарының сараптамалық мақалалары – жоқтың қасы. Өкінішке қарай, сол мамандардың көбісі өз ойларын қазақ тілінде еркін жеткізе алмайды. Түсінікті тілде маңызды мəлімет бере алатын мамандар тапшы. Есесіне, орыс тілінде, əрі күрделі терминдермен сөйлейтін қаржыгерлер жеткілікті. Бірақ, нəтижесі жоқ, – дейді сарапшы.
Расында, тек орыс тілінде ақпарат беретін мамандар жетіп артылады. Олар қазақ тілін білмесе, қаржылық білімінің керегі қанша?! Өйткені, өзіңіз білген нəрсені өзгеге жеткізе алмасаңыз, қоғамға қандай пайдаңыз тиеді? Мұндайда амалсыз орысша мағлұматтарды қазақ тіліне аударуға мəжбүр боласыз. Алайда, сөзді дəлме-дəл аудара салғаннан да ештеңе шықпасы анық. Сондықтан, қаржылық сауаттылықты тек қазақ тілінде ғана арттыруға болады. Еліміздегі ең белгілі «Freedom Finance» брокерлік ұйымының Атыраудағы басшысы Артур Жолбасарұлының да ойы осындай.
– Егер инвестициямен айналысатын қазақ тілді азаматтар көбейсе, мемлекеттік тілдегі қаржылық ақпарат та артады деп ойлаймын. Бірақ, мұны күтіп отыратын уақыт жоқ. Сондықтан, қаржы тақырыбындағы оқу курстарын қазақ тілінде өткізуді қолға алған дұрыс. Қалай болғанда да, қай елде өмір сүріп жатқанымызды ұмытпайық. Ал, «Атырау тұрғындарының барлығы мұнайшы немесе химик болғандықтан, мол табысқа кенеліп отыр» деген ұғым бар. Бірақ, оның тек аз бөлігі ғана мұнай компанияларында еңбек ететіні ескерілмейді. Ал, қалғаны – қарапайым қызметте. Сондықтан, қаржылық пирамида əсерінен алданып жатқан атыраулықтар да аз емес. Əсіресе, пандемия өршіп тұрған тұста «Freedom Finance» ұйымы жергілікті тұрғындарға тегін қаржылық курстар ұйымдастырып, көптеген жеңілдіктер жасады. Бірақ, тұрғындар тарапынан белсенділік байқалған жоқ. Осының өзі инвестиция туралы түсініктің таяз екенін аңғартып тұр емес пе?! – дейді қаржылық ұйым өкілі.
Отандық инвесторлар – 2 пайыз
Қазір бар мəселені іспен емес, сөзбен шешкісі келетіндер көп. Мəселен, карантин кезінде қолы бос адамды онлайн семинар мен тренингке шақырушылар күрт көбейіп кетті. Кейін білсек, солардың дені желілік маркетинг пен қаржылық пирамида арқылы табыс табатындар болып шықты. Сондықтан, мамандар «қаржылық сауаттылығымызды арттырамыз» деп жүріп, алаяқтарға жем болмауды ескертеді. Танымал отандық блогер, экономист Дəулет Мұқаев қазақстандықтар қазірден инвестициялық білімдерін толықтырмаса, ертең тым кеш боларын айтады.
– Инвестиция саласының ең негізгі ережелерін əр елдің азаматы жатқа білуі тиіс. Бұл – уақыт туындатып отырған талап жəне қажеттілік. Алдағы уақытта инвестициясыз иігілік көру мүмкін болмайды. Қазақстанның жері кең болғанымен, халқы əлі де болса аз. Міне, осыны ескеру керек. Сол аз халықтың өзі қаншалықты білімді? Бəсекеге қабілетті ме? Бұл – екінші мəселе. Сондықтан, əуелі іштен емес, сырттан келер табысты ойлайтын кез келді. Бұл үшін шетелдік инвесторлармен тұрақты қарым-қатынас орнатып, оларды біздің елге қаржы құюға қызықтыру қажет, – дейді ол.
Тағы бір көрсеткішке көз жүгіртсек, қазақстандықтардың небəрі 2 пайызы ғана инвестициямен айналысады екен. Ендеше, сырттан қаражат тартып, қызығын көріп жүрген азаматтардың аз болғаны ғой?!
«Қаржы құюдан қорықпаңыз!»
Жалпы, «инвестиция» ұғымын кім қалай түсініп жүр? Біз бұл сауалды еліміздің Қаржы нарығын дамыту жəне реттеу агенттігінің құнды қағаздар нарығы департаментінің директоры Павел Афанасьевке қойған едік.
– Көп адам инвестицияны «мемлекет қазынасына ғана түсетін табыс» деп түсінеді. Шын мəнінде, бұл олай емес. Мысалы, мен бүгін қаржылық қор жинайтын компанияға ақша аудардым делік. Белгілі бір уақыттан соң бұл қаржы артпаса, азаймайды. Яғни, қарапайым банктегі депозит секілді ғой. Тек бір айырмашылық – сіз құйып қойған инвестицияңыздың табысын ғана аласыз. Ал, табыс мөлшері нарықтағы жағдайға қарай құбылып отырады. Бірақ, депозиттен түсетін табыстан əлдеқайда көп болатыны анық, – дейді агенттік өкілі.
Оның білгір маман ретінде айтқан кеңесі – егер қаржылай мүмкіндік туып жатса, инвестиция құюдан қорықпау қажет. Бұл бағытта халықаралық брокерді немесе қаржылық делдалды таңдауға болады. 2020 жылдың қазан айынан бері брокерлік келісім-шарттар биометриялық идентификация арқылы қашықтықтан, яғни, онлайн түрде жасалуда. Бұған да халық бірден үйреніп кеткен жоқ. Өйткені, тəуекелге барып алған миллиондаған теңгені бір сəтте электронды шотқа аудара салу оңай емес.
Қалай десек те, қандай батыл бастаманың да басы қатты, аяғы тəтті болары сөзсіз. Ал, республика Қаржы нарығын дамыту жəне реттеу Агенттігіне қазір инвестициямен айналысып жүрген азаматтардан түсіп жатқан арыз-шағым көп екен. Бірі есепшоттың, екіншісі жеке кабинеттің негізсіз бұғатталуына арызданады. Ал, үшіншісі құйған қаражатын қайтара алмай əлек. Агенттік осындай мəселелерді шешу үшін құрылған. Қор компанияларының жұмысына рұқсат пен бағаны да осы құрылым береді. Сол себепті, маман лицензиясы жоқ мекемелерге əсіресе, электронды түрде қаражат құймауға кеңес берді. Ең бастысы, инвестициялық компаниялардың атын жамылатын алаяқтардан сақтанған жөн. Бұл бағытта Агенттік мамандары қаржылық жəне құқықты кеңес беруге əрқашан дайын.
Ғаламторда не бар?
Ғаламтор арқылы қазақ тілінде қаржылық мəлімет тарататын блогерлер іздестіргенбіз. «YouTube» арнасында қор нарығы туралы бейнероликтер ұсынатын Нұрбол Қалымбекті ғана тауып, сөзге тарттық.
– Жасыратын несі бар, біздер, яғни, блогерлер ауадан ақпарат жасамаймыз. Ресми расталған ақпаратты тауып, соған сүйенеміз. Ал, қаржы тақырыбындағы маңызды мəліметтің дені – орыс немесе ағылшын тілінде. Енді қайтеміз? Əлгілердің бəрін қазақша сөйлетуге тура келеді. Ол үшін журналистердің қаржылық білімін толықтыру керек деп ойлаймын. Себебі, сарапшылардан сұхбат алатын солар ғой. Сосын жақсы жаңалықтарды да көре білу керек. Алғаш канал ашқан кезде көрермендердің саны өте аз еді. Өйткені, қаржылық білім алғысы келетін қазақ тілді аудитория менің каналымның бар екенін білмеді. Біраз уақыттан соң инвестицияның қыр-сырын меңгеруге құмар қазақ жастары көбейді. Өз каналымда тек елдегі ресми ақпаратпен ғана шектелмеймін. Шетелдік беделді инвесторлар ұсынатын мəліметтерді де пайдаланамын. Сондықтан, күнделікті сайттарда жарияланатын жаңалықтарға да шолу жасап отырамын, – деген блогер бізге біраз уақытын бөліп түсіндірді.
Бұдан бөлек, Қаржы нарығын дамыту жəне реттеу агенттігінің «Fingramota.kz» жобасы да халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға септігін тигізуде. Мұнда төлем құралдары мен банк өнімдерінен бастап, инвестиция түрлері мен құнды қағаздар нарығы жайлы ақпарат əртүрлі формада беріледі. Яғни, инфографика, бейнероликтер мен сарапшы кеңестерін аталған сайттан табуға болады. Сондай-ақ, Қазақстан қор биржасы (KASE) сайтынан да жаңалықтарды шұғыл біле аласыз. Əсіресе, шетел валютасы, мемлекеттік бағалы қағаздар, акциялар мен корпоративтік облигациялар, репо операциялары мен деривативтер нарығы туралы толық мəлімет осы сайтта бар.
P.S.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ