МАҢДАЙ ТЕР

Бүгінгі күні балаларының асқар таудай сүйеніші, немере-жиендерінің ардақты атасы Аманқос Жұмалиевтың балалық шағы қиындықпен өтсе де, өмірде өз абыройын еңбектен тапқан жан. Ол 1944 жылы Атырау қаласына қарасты Тасқала елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі соғыстың бел ортасында майданға аттанды. Анасы Сәнім Жұмалиева соғыс жылдарындағы қиындықтарға қарамастан, бір ұл, бір қызын өзі тәрбиелейді. Кейін әкесі соғыстан жаралы болып оралып, еңбекке жарамсыз халде болады.

Тағдырдың талай тауқыметін көріп өскен Аманқос ерте есейді. Балалық шағында ойын баласымын деп алаңқайда ойнап күлмеді. Он төрт жастағы ол ауылдан 24 шақырым жерде орналасқан кәсіпорынға жаяу барып-келіп жұмыс жасады. Үлкендердің «бұл жердегі жұмыс саған қиын соғады» дегеніне қарамастан, ол ағаш шеберінің қызметін жасаған. Кейін әскерге алынып, Украина елінде үш жыл азаматтық борышын өтейді. Әскерден кейін ата-анасы көздің қарашығы деп отырған жалғыз ұлын шалғайға жібермеді. Сөйтіп, ауылда қалған ол «Алғабас» совхозында механизатор болып қызмет ете бастады.
Аманқос Жұмалиев сол кездегі қиындықтарын былайша суреттейді: «Аталмыш совхозда жеті мың бас сиыр болды. Оның бәріне бірдей жемшөп дайындау оңай болмайтын. Күніне 40 тонна мал азығы дайындалатын. Таңғы сағат алтыдан кешкі 11-ге дейін осы жұмыстарды атқарушы едік. Күн сайын бұл жұмыс қайталана беретін. Сол кезде бапталған сиырларды сойып, Ресейге жіберетін. Осылай мігірсіз еңбек еттік». Осы совхоздың жұмысына әбден төселіп, кейін жүргізушілік қызметті де атқарды. Жастайынан қиындыққа мойымай, еңбекке шыныққан ол бригадир, кейін елеулі еңбегінің арқасында директордың орынбасары қызметіне дейін көтеріледі. Осылай 54 жыл бойы ауыл шаруашылығы қызметінде еңбек еткен ол зейнетке шыққан соң да қол қусырып қалмады. «Қапаш» шаруа қожалығын құрып, өз алдына мал шаруашылығымен айналысуға бел буады. Алғашында он шақты малды қолға үйрете бастайды. Мал да балаша күтімді қажет ететіні анық. Жемшөбін дайындап, уақтылы суын беру деген секілді оның жұмысы жетіп артылады. Алайда, Аманқос пен жұбайы Қансұлу бұл қиындықтың біріне де мойымайды. Қазір 30 сиыр, 40 жылқысы бар. Ауыл сыртындағы 400 гектар жерінде шабындық дайындап, жайылымға мал бағады. Ол бүгінде өз кәсібін өзі дөңгелентіп келеді. Балаларын оқытып, ұлдарын ұяға, қызын қияға қондырды.
«Әке көрген оқ жонар» демекші, қызы Сандуғаш, Нұрберген, Саламат, Әнуарбек, Асхат есімді ұлдары – бүгінде өз ісінің мамандары, бүгіннің нағыз азаматтары. Қазір олардан тараған 15 немере бар. Ұлдарын айтпағанда, немерелері де бұл әулеттің кәсібіне төселе бастады. Жетінші сыныпта оқитын Мейрамбек есімді немересі атасына қолғабыс етіп, жемшөп дайындауда тракторды өзі жүргізеді екен.
Саналы ғұмыры ел арасында өткен Аманқос Жұмалиевтың бүгінгі өмірі де ауылдың тыныс-тіршілігімен тығыз байланысты. Селодағы ақсақалдар кеңесінің жұмыстарына да белсене араласады. Талайларға қолдау болып, жомарттығын да көрсетіп келеді.
Осындай халқымыздың қадірменді қарияларының бірі, бала тәрбиелеп өсірген қамқор әке, ардақты атаның ғибратты ғұмыры кейінгілерге өнеге болса дейміз.

Алтыншаш
НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз