ЖОЛДА ЖАЛҒЫЗ КЕЛЕ ЖАТҚАНДАЙ ЖҮЙТКІП ӨТЕДІ…

raprparara СарапTime

КҮНІ КЕШЕ ҚЫЗЫЛҚОҒА АУДАНЫНЫҢ ЖАНТЕРЕК АУЫЛЫНЫҢ ТҰСЫНДА ЖҮЙТКІП КЕЛЕ ЖАТҚАН КӨЛІК 24 БАС ҚОЙДЫ БАСЫП-ЖАНШЫП, ЖАЙРАТЫП САЛҒАН. МҰНДАЙ СҰМДЫҚ КӨРІНІСТІ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕН КӨРІП, ЖАҒАМЫЗДЫ ҰСТАҒАНБЫЗ. СОНША БАС МАЛДЫ ТАПАП КЕТЕТІНДЕЙ БҰЛ ТЕХНИКА ҚАНДАЙ ЖЫЛДАМДЫҚПЕН ЖҮРІП КЕЛГЕН ДЕЙСІҢ? ОЛ ЖЕРДЕ АДАМ ШЫҒЫНЫ БОЛСА ШЕ?

«Мал-жаның аман ба?» деп малды жаннан бұрын қойып амандасатын қазаққа төрт түліктің орны бөлек. Бір сәтте қолындағы азын-аулақ қарасынан айырылған ауыл адамына «көтере алмасаң қоса арқала» деп айыппұл төлеттіріп қоятынымыз тағы бар. Заң солай… Полиция қой иесіне қатысты әкімшілік іс қозғап, хаттама толтырды. Ол енді малды белгіленбеген жерден өткізгені үшін заң алдында жауап бермек. Жүргізуші де әкімшілік жауапкершіліктен құтылмады. Бақпаса, мал кетеді Төрт түлігін қараусыз жіберген тұрғындарға немесе белгіленбеген жерде малын баққан бақташыға жаза бар. Өрісте жүрген мал көлік жолын кесіп, жол-көлік оқиғасын тудырса, иесі жауапкершілікке тартылады екен. Онда тек айыбы үшін мемлекетке ақысын төлеп қоймай, көлікке келген шығын да өндірілетіні анық. Ал, темір тұлпарды тізгіндеп жүргендер оның аз ақша емесін біледі. Шағын ғана тіршілік кешіп отырған ауыл адамына бұл үлкен салмақ

Бүгінде мұндай жол-көлік оқиғаларының алдын алуда қыруар жұмыстар жасалып жатқан секілді. Полицейлердің әңгімесінен түсінгеніміз, облыс көлемінде жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру бойынша бірқатар іс-шаралар атқарылыпты. Мәселен, Ақтөбе–Атырау–Астрахан республикалық маңызы бар автомобиль жолының 422 шақырымы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша қайта жаңғыртудан соң 3-ші санаттан 2-ші санатқа өткізіліп, оның 168 шақырымы уақытша қолданысқа берілген. Оның 37 шақырымы толықтай аяқталып, үй жануарлары өтетін туннельдер жасалыпты. Республикалық маңызы бар «Ақтөбе–Атырау–Астрахан», «Доссор– Құлсары–Бейнеу», «Атырау–Орал» автомобиль жолдарының екі жағына мал аулаларына жақын өтетін жолдардың учаскелері, шаруа қожалықтарының және жайылым тұстарына «Малды айдау» жарық диодты жол белгілері орнатылған көрінеді.

Сонымен бірге, автомобиль жолына жақын орналасқан және үй жануарларының жолға шығу қаупі бар деген елді мекендердің шаруа қожалық иелеріне жарыққайтарғыш 420 дана арнайы лента мен «Albedo100» спрейлер таратылып, алдағы уақытта бұл бағытта жұмыстар атқарылатын болады. Айыппұл арқаласа да, айылын жимайтындар Біздің өңірде қара жолдағы қаперсіздіктен ажал құшқандардың саны аз емес. Осы жылдың алты айында облыс аумағында 155 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 40 адам қаза тауып, 189-ы түрлі дене жарақатын алған. Өткен жылмен салыстырғанда ЖКО саны 23,0%-ға (126-дан 155-ке), қаза болғандар саны 60%-ға (25-тен 40-қа), дене жарақатын алғандар саны +11,8%-ға (169-дан 189-ға) өсіп отыр. Атырау облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Аманжол Жұмалиевтің айтуынша, жол-көлік оқиғалары көбіне жүргізушілердің көлік құралының жылдамдығын шамадан тыс арттырғанының себебінен орын алып отыр. Қаза тапқан 40 адамның 13-і осы жылдамдық режимін сақтамау салдарынан қайғылы жағдайға ұшыраған.

«Мал өтетін жерлерде жол белгілерінің болмауы да жол-көлік оқиғасына әкеп соқтыратын жанама себептердің бірі» дейді полицей.

– Осыдан екі жыл бұрын облыс орталығында 2748 дана «Сергек» құрылғысы қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында үй аулаларына, халықтың көп шоғырланатын орындарына және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін автокөлік жолдарының бойына, көше қиылыстарына орнатылған. Алдағы уақытта «Сергектің» санын арттыру, республикалық маңызы бар Ақтөбе–Атырау–Астрахан, Атырау– Орал, Доссор–Құлсары–Бейнеу және облыстық маңызды Атырау–Индер, Индер–Қарабау–Миялы–Сағыз тас жолдарына арақашықтығын жиілетіп орнату жұмыстары пысықталды. Құрылғыларды жақын арада қала сыртындағы тас жолдарға бірінші кезекте орнату үшін тапсырмалар берілді. Себебі қала сыртындағы тас жолдарда жол-көлік оқиғалары жиілеп отыр. Республикалық және облыстық маңызы бар тас жолдардың жиегіне авариялық автокөлік қаңқалары орнатылуда, – дейді Аманжол Нұрланұлы.

Бүгінде қала ішінде орналасқан 6 дана «Кордон М2» стационарлы жылдамдық өлшегіш құрылғысын қала сыртындағы тас жолдарға жылжымалы үш аяқты автоматты бағдарламамен жабдықтап, пайдалану үшін мердігер мекемемен бірлескен жұмыстар да атқарылып жатыр екен. Сонымен қатар, қала сыртындағы республикалық және облыстық маңызы бар тас жолдарға автоматты түрде жұмыс істейтін 4 мобильді «Екин Партуль», «Аркан», «Кибер Шериф» құрылғыларын сатып алу үшін облыс әкімдігіне ұсыныстар жолданыпты. Бұл жұмыстардың да игілігін көретін күн алыс емес болар деп сенеміз. Әйтпесе, айыппұл арқаласа да айылын жимай жүргендердің кесірінен қаншама адам жан тапсырып жатыр. Осы жылдың маусым айында 25 жол-көлік оқиғасы орын алып, одан алты адам қаза тапса, 28-і дене жарақатын алған.

Ал, өткен жылдың маусым айында 34 жолдағы апат тіркелсе, соның салдарынан 10 адам қаза тауып, 43-і жарақаттанған. Осы жылдың маусым айында жол-көлік оқиғаларының төмендегені байқалады. Яғни, ЖКО 36%-ға (34-тен 25-ке), адам өлімі 66,6%- ға (10-нан 6-ға), адам жарақаты 53,5% (43-тен 28-ге) төмендеп отыр. Әрине, апаттың азайғаны жақсы, дегенмен бұл сүйінетін емес, күйінетін деректер. Сақтансаң, сақтайды Адамдардың көлік құралдарына деген сұранысы артқан сайын, одан туатын қауіп те көбейгендігі бұқараның бас ауруына айналды. Алаңдауға негіз бар. Мұны жол ережесін өрескел бұзатын көлік жүргізушісінің жүгенсіздігі дейміз бе, жоқ әлде жолдың сапасы сын көтермейді дейміз бе? Кім білсін? Десе де көлік оқиғасы азаймай тұр. «Жол азабын жортқан біледі». Көлік апаттарының жиілеп кетуіне негізгі себептердің бірі ретінде жолдардың тарлығы мен сапасының нашарлығын айтуға болады. Осы жылдың алты айындағы деректерге назар аударсақ, автомобиль жолдарына 754 тексеріс жүргізіліп, тексеру барысында анықталған кемшіліктерді жоюға жол иелеріне 746 нұсқама жолданған. Жолды тиісті деңгейде күтіп ұстамағаны үшін заңды және лауазымды тұлғалар 92 рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Атырау облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы, полиция капитаны Тілепберген Ақболатовтың айтуынша, қазіргі кезде, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Ақтөбе–Атырау–Астрахан республикалық маңызы бар автомобиль жолының 385 шақырымы қайта жаңғыртудан өткізілуде. Жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында облыс орталығында 22 шақырым вело-жолағы салынды. Атырау қаласының көше-жолдарына 54 бағдаршам, оның 15-і мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған арнайы дыбыстық сигнал беру жүйесімен жабдықталған. Бұдан басқа 5 бағдаршам нысанына «+» қызыл түсті табло орнатылыпты. Мұндай қыруар қаражат жұмсалып, қолға алынып жатқан игі істер нәтижелі болып, «Шумахерлер» именсе екен дейміз… Шаруалар малын тіркеуден қорқады Иә, не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің…

Жасыратыны жоқ, шаруалар малын тіркеуге қоюдан қорқады. Ауыл тұрғындары төрт түлігінің құлағындағы сырғаны алып тастап жатқан көрінеді. Оның себебі, жауапкершілікке тартылудан тайсақтайды. Бұрын малды машина күндіз қағып кетсе, жүргізуші кінәлі болып танылатын. Ал, енді тәулік бойы мал иесін кінәлі етіп қойды. Мал жолдың белгіленген жерінен өтуі қажет екен. Санасы жоқ жануар белгіленген ережеңді қайтсін. …Ал, мал иелері айыппұлдан қашып, жасыруға мәжбүр болып отыр.

Р.S.

  • ТҮПТЕП КЕЛГЕНДЕ ОРЫН АЛЫП ЖАТҚАН АПАТТАРДЫҢ КӨБІНЕ ЖОЛДЫҢ НАШАРЛЫҒЫ, КӨЛІКТІҢ АҚАУЫ ЕМЕС, ЖҮРГІЗУШІ КІНӘЛІ. ЖЫЛДАМДЫҚТЫ АСЫРҒАНМЕН, ЖЫЛДАМ ЖЕТУІҢ НЕҒАЙБЫЛ. «САҚТЫҚТА, ҚОРЛЫҚ ЖОҚ» ДЕГЕНДЕЙ, ОСЫ ОРАЙДА, ЖОЛДЫҢ ТЕГІСТЕЛІП, «СЕРГЕКТЕРДІҢ» КӨБЕЙГЕНІ БАСТЫ ШЕШІМ БОЛЫП ОТЫР.

Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ

Фото: «Атырау» газеті

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз