Жарнама
СарапTimeЭкология

ӨЗЕНДЕРДІҢ МӘСЕЛЕСІ – ӨЗЕКТІ

БАРЫС ЖЫЛЫ МАЛҒА ДА, ЖАНҒА ДА ЖАЙЛЫ, БЕРЕКЕЛІ ЖЫЛ БОЛДЫ. ӘСІРЕСЕ, КҮЗГІ ЖАУЫН-ШАШЫНМЕН ЫЛҒАЛҒА БӨККЕН ҚЫРҒА ҚАРДЫҢ ҚАЛЫҢ ТҮСУІ, КӨКТЕМНІҢ ЕРТЕ КЕЛІП НАУРЫЗДА ҚАБАҚ БАСЫНЫҢ ҚАРАЙҒАНЫ ҚАЛАҒА ДА, ДАЛАҒА ДА ЫРЫС ЕКЕНІ АНЫҚ. КҮРТ ЕРІГЕН ҚАР СУЫ ОБЛЫСТАҒЫ ОЙЫЛ, САҒЫЗ, ЖЕМ ӨЗЕНДЕРІ АРНАСЫНАН АСЫП, САЙ-САЛАНЫ ТОЛТЫРЫП ТАСТАДЫ. БҰЛ СОҢҒЫ БЕС-АЛТЫ ЖЫЛ БОЙЫ ҚҰРҒАҚШЫЛЫҚ ҚЫСЫП, КЕНЕЗЕСІ КЕПКЕН ҚҰМ ӨҢІРІН ЖАСАРТЫП, ЖАЙНАТЫП ЖІБЕРДІ. ӘСІРЕСЕ, ОЙЫЛДЫҢ ТАСУЫ СОҢҒЫ 30 ЖЫЛДА СУ БАРМАҒАН САРЫКӨЛ, ҚАМЫСАҚТЫ КӨЛДЕРІНІҢ БҰРЫНҒЫ АРНАСЫН ТОЛТЫРЫП-АҚ ТАСТАДЫ. ЕНДІГІ МӘСЕЛЕ ОСЫНАУ МОЛ ЫРЫЗДЫҚТЫ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ, КӨП ЖЫЛДАН ЖҮЛГЕСІ ҮЗІЛІП ЖАТҚАН СУ ТАБАНЫН ТОЛТЫРУ АРҚЫЛЫ ҚЫЗЫЛҚОҒА АУДАНЫ ҮШІН БІРДЕН-БІР ТҰЩЫ СУ КӨЗІ – ТАЙСОЙҒАН СУ ҚОРЫН ТОЛЫҚТЫРУДЫ ҚОЛҒА АЛУ КЕРЕК. БАСТЫСЫ, СОЛ СУДЫ ПАЙДАЛАНУ ТИІМДІЛІГІ, АТЫРАУ ӨҢІРІНДЕГІ ТҰЩЫ СУДЫҢ ҚОРЫ, БАСҚА ДА МАҢЫЗДЫ САУАЛДАРДЫ БІЗ БЕЛГІЛІ СУ МАМАНЫ, «АТЫРАУГИДРОГЕОЛОГИЯ» МЕКЕМЕСІНІҢ КЕҢЕСШІСІ ЕДІГЕ САБЫРОВҚА ҚОЙҒАН ЕДІК.

– Едіге Сабырұлы, көп жылдан Ойыл өзені мен Тайсойған жерасты су қорын зерттеп-зерделеп келесіз. Жылыой өңіріндегі су көздерінен де мол мағлұматыңыз бар. Жалпы климаты қатал, жері шөлейт Атырау жеріндегі ауыз су қорының есебі жөнінде мәліметтер бар ма?

– Атырау облысы су қоры аз аймақ болып саналады, былайша айтқанда шөлді аймаққа жатамыз. Негізгі су қорын бізде Жайық өзені құрайды. Ашық су көздері – Ойыл, Сағыз, Жем, Ноғайты сияқты шағын өзендер. Олардың ішінде Жайықтан өзгесі көктемде тасығанымен, шілдеге жетпей кеуіп қалады. Қар аз болған қуаңшылық жылдары мүлде тасымай қалатыны да бар. Оны соңғы 7-10 жылда анық байқадық. Сондықтан, мұнайлы өңір үшін ауыз судың көзі – жерасты суы. Оның да көзі санаулы. Жылыой ауданында жер астына жиналған Оңтүстік Жылыой артезиандық су көзі бар. Оның тереңдігі – 300-400 метр шамасында. Жалпы, жерасты суы неғұрлым терең болған сайын, соғұрлым таза болады. Олар сыртқы əсерден қорғалған, зиянды қоспасы жоқ. Оның орналасу ерекшелігі де өзгеше. Мысалы, мұнай қоры тостағанға құйған су сияқты, белгілі бір көлемін алса азая береді. Яғни, сырттан толықтыратын қоры жоқ. Ал, жер асты суы үнемі қозғалыста болады. Оның кірісі-шығысы бар. Егер шығысы кірісінен аз болса да, жерасты суы қоры азаймайды, керісінше болса, зиянды бола бастайды. Оны зерттеп болғаннан кейін ғана гидрогеологтар мемлекеттік деңгейде есепке алып, нақты қоры туралы тұжырымға келеді. Енді жоғарыда айтқан Оңтүстік Ембі артезиандық су қоры туралы тоқталайын. Бұған дейін жүргізілген зерттеулерге сүйенсек, жер астынан тəулігіне 200 мың текше метр су алуға болады. Бірақ, біздің қолымыздағы мəлімет – осыдан 20-30 жыл бұрынғы есеп. Оны жүйелеп тереңірек барлау жұмыстарын жалғастырса, қор одан да көп болуы ықтимал. Яғни, өңірде ауыз судың мол резерві бар деген сөз. Себебі, судың қорын есептегенде, мамандар шамамен 25 жылға дейін осынша көлемде алуға болады деп тұжырым жасайды. Ал, оны уақыты өткеннен кейін қайтадан есептеу керек. Бұл жердегі кемшілік – оның тереңдігінде, себебі шығаруға күш керек. Жетістігі – жерасты суы ешқайда кетпейді, қашан бұрғылап шығарғанша, сақталып тұра береді. Жылыойдағы су қорының бір кемшілігі – 2-4 грамм шамасында тұздылығы бар. Стандарт бойынша 1 литр ауыз судың тұздылығы 1 грамнан аспауы керек. Ал, оны тұшыту қиын емес. Себебі, шыққан су тап-таза, оны құмнан, саздан тазартудың қажеті жоқ, тек тұшытса ауыз суға пайдалануға болады. Облыстағы ауыз су қорының негізгі бөлігі – Тайсойған құмының астында. Ондағы жерасты суына қатысты болжам көп болғанымен, əлі күнге дейін терең зерттелмей келеді. Мысалы, осыған дейінгі есептеулер бойынша су кенішінен тəулігіне 30 000 текше метрге дейін су алуға болады. Кəсіби тұрғыда Тайсойған су кенішін үш учаскеге бөліп қарастыруға болады. Соның ортақ жиынтығынан жоғарыда айтылған көлемде су алынса, табиғатқа еш залалы жоқ. Тайсойған тұщы су қоры Борсан, Мұздыбұлақ, Бəйесен болып бөлінеді. Мұздыбұлаққа бұрғы салып су алу əдісі өткен ғасырдың 80-жылдары басталды. Соған қарап, «су қоры таусылып қалмай ма?» деген күдік туындауы заңды. Өзімнің ұзақ жылғы тəжірибем бойынша бұл жердегі су қоры таусылмайды. Өйткені, тұтынған судың кірісін Ойыл өзенінің салалары мен жауын-шашыннан түсетін ылғал толықтырып тұр. Құмның бір қасиеті – қандай мол су болса да бірден сіңіп кетеді. Бұл – біздегі негізгі су қорын толықтыратын табиғи тетік. Ал, Мұздыбұлақтың суының тұщылығы қандай шіркін! Бүгінгі үйде сүзгіден өткізген судан еш айырмасы жоқ. Жоғары санатқа жатады. Кəдімгі жас сəбиге беретін су деп есептеуге болады. Тереңдігі – 50-60 метр, кейбір жерлерде 20-30 метрден де шығады. Айтпақшы, Тайсойған су блогының астында тұз күмбезі бар. Яғни, өте терең бұрғыласа су ашып кетеді. Себебі, ол өңірдің негізгі табиғи ылғалы – ащы су. Тек жауын-шашын мен өзеннің тасқын суы құмнан өтіп барып, ащы судың бетіне қаймақ тəрізді жатып алады. Оның қалыңдығы да əртүрлі, 1-10 метрдің аралығында. Тіпті, 20 метр қалыңдық бойы тұщы су тұратын көздер бар (кеңес дəуірінде Қызылқоға ауданының 7 табын (шамамен 3,5 мың бас) жылқысы жайлаған Талқұдық, Жабағылықұдық, Төбеқұдық деген Тайсойғанның оңтүстік-батысындағы алқаптарда ешқашан құдық суы сарқылып көрген жоқ). Сондықтан, суды пайдаланғанда табақтағы сүттің қаймағын алғандай ептілік пен мұқияттылық керек. Өкінішке орай, осы талаптар көбінесе орындала бермейді де, «суымыз ашып кетті, кермек татиды» деп жатады.

ОЙЫЛҒА ОҢДЫ БЕТБҰРЫС

– Сонда Қызылқоға ауданы тұрғындарының ауыз суды жылдық тұтыну сұранысы қанша? Тайсойған жерасты суы аудан халқына жете ме?

– Бүгінде тұрғындар тəулігіне 1500 текше метр ауыз су тұтынып келеді. Бірақ, судың да сұрауы бар екенін ұмытпау керек, қоры мол екен деп рəсуа етуге болмайды. Оның үстіне Ойылдың арнасынан асып тасығаны – былтыр мен биыл ғана. Алда не күтіп тұрғанын ешкім де білмейді…

– Айтпақшы, Ойыл өзені төңірегінде «Atyraý» газетінің «Ойыл-Қиыл-Жем-Сағыз» атты экологиялық жобасы негізінде үлкен әңгіме көтерілгелі үш жылдай уақыт болды. Ақтөбе облысына барып, көршімен кермал сөйлескен кездерді де білеміз. Сондай батыл әрекеттердің нәтижесінде өңірімізге мол су келе бастады. Сонда алынған шара мен атқарылған шаруаны елге құлағдар етсеңіз…

– Көп жыл бойы облыстағы 280 шақырымдық арнасы кеуіп қалған Ойылдың суы былтырдан бері жақсы тасып жатыр. Сол тақырып кең ауқым алып кеткен соң ауданның бір топ белсенді азаматтары кəсіби тұрғыда ақыл-кеңес сұрағаннан кейін бұған мен де араластым. «Асылы, ағын судың тоқтап қалуы мүмкін емес. Демек, бір жерде тоспа бар. Сендер өзеннің жоғары жағын аралап көріңдер, су жиналатын алқаптағы шағын өзендердің бəріне бөгет салып бекітті ме деген қаупім бар» дедім. Айтқаныма құлақ асқан аудан белсенділері ұйымдастырған экспедиция үш топқа бөлініп, өзен сағаларын аралағанда 50-ден астам бөгет, басқа да кедергілерді тапты. Зерттеулер бойынша, Ойыл өзенінің жылдық көлемі – 120 млн. текше метр шамасында. Ал, жаңағы 50 бөгет ең аз дегенде 4 млн. текше метр суды тірейді екен. Енді осының барлығын шотқа соғып көбейтсеңіз, сұмдық сан шығады. Міне, осылайша өрде отырған ағайындар өзеннің жылдық қорын жеке пайдаланып, буып-бөгеп, бізге қарай тамшы ылғал шығармай келген. Тіпті, шабындық қурап, жайылым тарылған қуаңшылық жылдары да ақтөбеліктер Ойылдың төменгі арнасына бір тамшы су жіберген жоқ. Соның кесірінен біздің 280 шақырым өзен арнасы құрғап, даламыз қурап қалды. Соңғы жылдары Ойыл бойында ауқымды жұмыс жасалды. Қызылқоға ауданының сол кездегі əкімшілігі жан-жақты қолдау көрсетіп, өзеннің бастауындағы сағаларды аралап көрдік. Оны зерделеп, ойымызды тұжырдық. Сосын Ақтөбе облысының басшылары мен тиісті министрліктерге хат жаздық. Бұған депутаттар да араласты. Нəтижесінде ырғын молшылыққа кенеліп келеміз. Тек осы шаруаны ертерек қозғау керек еді. Оған уақытында жергілікті билік табансыздық танытса, жоғарыдағылар самарқау ысыра салып келген. Тіпті, «Ойыл бойында қанша бөгет бар?» деген депутаттардың сауалына су шаруашылығының мамандары «үшеу» деп жауап бергенін де кейін білдік. Яғни, біздің суды ұйымдастырып басқаратын құзырлы органдарымыз жағдайға қанық емес жəне су жүйесін білмейді деп айтуға толық құқығым бар. Ал, қызылқоғалық белсенді топ көп күш жұмсады. Министрліктерге хат жазды, пікірлерін қорғап қалды. Тіпті, екі-үш мəрте сотқа да берді. Соның нəтижесінде 50-ден астам бөгеттің 20-сы министрліктің пəрменімен бұзылды. Былтыр судың мол келуінің себебі – осы. Су жүйесінің ерекшелігі сонда, бір бөгет бұзылса, ағысы артқан өзен кейінгісін өзі ағызып кетеді, домино сияқты. Биыл Ойыл өзеніне су əдеттегіден мол келіп жатыр. Бірақ алдағы жылдары қуаңшылық болса, Ақтөбе облысының жергілікті атқарушы органдары тағы да қысымшылық жасауы мүмкін. Бүгінде əрбір шаруашылық дербес тоған ұстап, өзіне қажетті су қорын жасақтағысы келеді. Кəдімгі «ортақ өгізден оңаша бұзауым артық» деген пендешілік қағида. Айталық, 500 жылқы, 1 мың бас қой бар дейік. Оны суаруға көп дегенде тəулігіне 700 текше метр су керек. Сол үшін 5 миллион текше метрлік су қоймасының қандай қажеттілігі бар?! Айтқандай, Ойыл бойында тұщы сулы тепсеңдер көп. Жетпей жатса, бұрғы салып шығаруға да болады жəне олардың тереңдігі 50-70 метрден аспайды, еш шығын жоқ. Мал да, жан да қарық болады. Міне, осыны шаруашылық иесіне дəлелдеу өте қиын болды. Кейде белсенді азаматтарға суды қорғайтын мекеме өкілдері де қарсы шықты. Соттасып жүргенде байқағанымыз – мемлекеттік мекемелердің дəрменсіздігі, мамандардың сауатсыздығы. Біздің қолымызда оларға жазған хатымыз бар. Су ресурстары комитеті Ойыл өзенін кешенді пайдалану жəне қорғау туралы құжатты жасауға міндетті еді. Оның орнына олар былай жауап қатты: «…Ойыл өзені Жайық өзені бассейніне жататын болғандықтан оған бөлек жасаған жоқпыз…» Кəсіби тұрғыда сауатсыз жазылған басқа да хаттар көп-ақ. Демек, мемлекет тарапынан су ресурстарын үйлестіру жұмыстарына көңіл аударылмаған. Оның салдары соңғы 15-20 жылда байқала бастады. Қазір қай саланы алып қарасаңыз да су шығыны артып барады. Ол тек Ойыл емес, облыстағы негізгі артерия – Жайық өзеніне де қатысты. Мысалы, бұдан 50-60 жыл бұрын Жайықтың жылдық қоры 9 миллиард текше метр (!) болған екен. Қазір соның үштен бірі ғана қалып отыр. Мысалы, 2019 жылы Жайыққа 3,5 млрд. текше метр су құйылды. Былтырғы көлем 5 млрд. текше метрдің шамасында. Биылғы есепті мамандар ағыс тоқтағасын есептеп шығаратын болар). Ендеше, бұл мəселе аудан, облыс, тіпті республика деңгейінде күн тəртібінен түспеуі тиіс. Əрине, азықсыз адам өмір сүре алмайтыны себепті мал да, егін де керек. Бірақ, суды үнемдемесек, тығырыққа тірелер күн алыс емес. Бізде əлі күнге босқа ағып жатқан судың есебі жоқ. Мысалы, Жылыой ауданындағы Жаңасу, Бəли ұңғымаларынан шамамен 50 мың текше метрдей су ағады деп есептелген. Өкініштісі сол, оның текке кеткені өз алдына, айналаны сорға айналдырып жатыр. Əдетте, жерасты суының құрамында минералды тұздар болады. Ол Жылыой ауданында қалыпты мөлшерден 1,5 есеге жоғары. Сөйтіп, су жиналған аймақ сортаңға айналады.

Яғни, су буланып кетеді де, тұз қалады. Осындай жолмен жылына сумен ілесіп мыңдаған тонна тұз жиналады екен. Тұз кепкеннен кейін тұзды шаң ұшып ауаға тарайды, жерге қонса шөпті құртады. Сондықтан, осы ұңғымаларды крандық жүйеге көшіру керек. Заң талабы да сондай!.. Бірақ, оған суды пайдаланып отырғандар көнбейді. Айтатын уəжі – «суды тыйып тастаса, ұңғыма құмығып қалады». Сонда ұңғыманы жөндеуге кететін шығын, есепсіз ағып қоршаған ортаны ластап жатқан зардаптан аз болғаны ма?! Жақында ұңғымаларды құмықтырмайтын шешім де табылды. Осы ұсынысымызды тиісті органға жібердік. Оңды жауабы болар деп сенейік.

БАРЫМЫЗДЫ БАҒАЛАЙЫҚ

– «Шолақ сай тез тасиды» демекші, Сағыз, Ноғайты
өзендері, тіпті Ойылдың өзі соңғы кездері тосын қылық көрсетіп, жағасындағы ауылдарға «тап бере» бастады. Оның сыры неде, судың арнасы ауысты ма, әлде адамдар судың жолына орнығып алған ба?

– Иə, облыста өзендердің арнасы толып тасығалы осындай проблема бары анық. Ауылдарды су алып кетті деп жатыр. Ойыл – сонау адамзат дəуірінен де бұрын қалыптасқан байырғы өзен. Ол кезде ешқандай кедергі, бөгет болмай, өз арнасымен ағып жатты. Бұл өңірден ел ауысқанымен жұрты қалды, ата-бабамыздың моласы да тұр қалқиып. Сонда бұл қалай?! Сіз осыған дейін бір моланы су басып кетті дегенді естідіңіз бе?.. Жоқ!.. Міне, мəселе сонда! Тасқын су үй мен қора-қопсыға қауіп төндірсе, ол Ойылдың кінəсі емес. Барлығына жауапты – жер телімін бергендер мен жергілікті биліктегілердің сауатсыздығы. Екіншіден, судың жолы керекті-керексіз бөгеттермен жабылды. Олар туралы түрлі мағлұматтар бар, бірақ бір-біріне кереғар, сəйкес келмейді. Сосын маман тапшы, барының өзі жергілікті ахуалдан мақұрым. Сондықтан, СНИП-пен алады да сала қояды. Анығында, табиғатта артық нəрсе жоқ. Мысалы, əрбір өзеннің өз арнасын тазалайтын ағысы болады. Ойыл өзені көктем кезінде қатты ағыспен келіп жүлгесін тереңдетіп, арнасын тазалап алады. Бүгінгі жағдайда көп жылдан су келмей, арна құмығып бітелді. Енді оны тазалап, табиғи жолымен аққанда, жолындағы елді мекендерге қауіп төне бастады. Сонда бұл – кімнің кінəсі?.. Келешекте осындай келеңсіздікке бой ұрмаудың бірнеше жолы бар. Алдымен, Су ресурстары комитеті республика бойынша Ойыл тəрізді шағын өзендердің суын кешенді пайдалану жəне қорғау схемасын жасауы керек. Ол үшін 5-6 жыл уақыт қажет. Сосын ғана бөгеттің орнын, су алу жəне жерасты суын пайдалану, балық аулау жəне мал суару орындарын нақтылап шығуға болады. Оны кейін еліміздің Су Кодексіне негіз етіп алуға да болар еді. Сонда ережені бұзғандарды бұйдалап алуға мүмкіндік туады. Сосын бізде маман тапшы. Жоғарыда мен айтқан шараны бір адам зерттей алмайды, өзенді зерттеу үшін гидролог, гидрогеолог керек, тіпті тірі табиғатты зерттеуде биолог та артықтық етпейді. Кешенді зерделеу жұмысын қолға алсақ, күн райы мен ауаны зерттейтін метеорологтар керек, сонда ғана жан-жақты зерделенген жүйелі жұмыс жасалады.

ЖАЙЫҚҚА ЖАНАШЫРЛЫҚ КЕРЕК

– Гидролог маман ретінде Сізді қандай жайттар толғандырады?

– Су ресурстары комитеті мен айтқан жұмыстарды қолға алса, біз де қолымыздан келген үлесімізді қосар едік. Мəселе тек Ойылға емес, барлық өзендерге ортақ. Мысалы, Жайықтың төменгі жағын не себепті қазып жатырмыз? Балықтың өрісі тарылып кеткен, соларға жол ашу керек. Енді осының қисынына келейікші. Айналайындар-ау, өрден келетін су тамшылап ақса, құяр сағасын қазғаннан су көбеймейді ғой. Одан түк пайда жоқ. Екіншіден, жаңа айтып өткенімдей, əрбір өзеннің арнасын тазартатын – өз суының шапшаңдығы ғана. Қазір көктем кезі, өзен ағысы күшті, ол арнаны өзі тереңдетіп, лайын алып кетіп жатыр. Яғни, өзеннің өзі арнасын тереңдетіп алады. Ертең ағыс саябырсып, су азайғанда лайдың бəрі астына шөгеді. Қанша қазса да, бұл табиғи процесс, себебі судың ағысы баяулап, шапшаңдығы төмендеп кетті. Ал, оның шапшаңдығын көбейту үшін не істеу керек? Өзеннің арнасын тарылтатын тəсіл керек немесе өр суын көбейтуіміз керек. Сонда Жайық өзін-өзі тазалайды. Соңғы кезде Жайықтың тағдырына араласпаған адам аз. Бəрінің айтатыны – көрші мемлекетпен келіссөз жүргізіп, халықаралық заңдылықтарды жүзеге асыру. Өз басым оған сенбеймін. Себебі, Ақтөбенің жерінен ағып келетін Ойылдың жағдайын жөнге келтіре алмай отырғанда, Ресей ғалымдарының алдына барып, мемлекеттік деңгейде барып сөйлесетін, Қазақстанның мүддесін қорғайтын білікті маман бар ма? Жоқ!.. Оларды дайындайтын дені дұрыс институт əлі күнге қалыптаспаған. Барлық елде өзенді қорғауға арналған кешенді схемасы бар. Қарапайым ұғымда, өзеннің төлқұжаты! Интернеттен қарасаңыз, Ресейдің барлық өзені тұр. Ал, бастауын сол аумақтан алатын Жайық туралы мағлұмат жоқ. Яғни, «өзен бойында қанша гидроқондырғы, неше бөгет бар, кім қанша су тұтынады, өзен сағасын ластайтын кəсіпорындардың үлесі қандай?» деген күрделі де сансыз сауалға ешқандай дерек таппадым. Жайықтың суына тимей, баламалы түрде жерасты суын пайдалануға бола ма? Оған да жауап жоқ!.. Міне, су жөніндемені толғандыратын осы жайлар.

– Әңгімеңізге рахмет!

Əңгімелескен Арыстанбек КЕНЖЕ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button