Мұсылман мемлекетінің мерейлі мерекелері

ajt qandaj mereke Қоғам

Исламға дейінгі мерекелер

Исламға дейінгі кезеңдегі арабтардың мерекелері туралы аса көп мәлімет кездеспейді. Ұлттық бірлігі қалыптаса қоймаған, тайпалық жүйемен шашыраңқы кейіптегі бұл кезеңде тек әр рудың өз дәстүріне қарай мерекелері болғаны байқалады. Әр тайпаның жоқ дегенде бір пұты және әр пұтқа арналған құттықтау рәсімдері жасалған. Сол күндері базар не жәрмеңке ұйымдастырылып, діни мерекелер өлең, ішімдік және әйелдер аралас аталып өтілетін. Көп тайпаларға ортақ бірден-бір мереке Хижаз аймағының әсіресе Меккенің ең ірі мерекесі болып табылған қажылық еді. Зилқағда айында бірі Указ, екіншісі Мәжаннада екі базар не жәрмеңке құрылып, арты Зулмажаз жәрмеңкесіне ұласып, сосын Арафатқа шығатын. Осы күндері қарақшылық шабуылдар мен ұрыстарға тоқтам салынатын. Халық ең жақсы киімін киіп, Меккеліктер алыстан келген «Қағба қонақтарын» қарсы алып күтетін. Мекке маңында жылына бір рет Зату Әнуат мерекесі аталатын. Зату Әнуат жапырағы жайқалған үлкен ағаш болатын. Арабтар жыл сайын сонда келіп, қылыштарын бұтақтарына ілетін, маңайындағы ғибадатханада табынып, құрбан шалатын. Қағбаны айналатын кезде де шапандарын соның бұтақтарына ілетін. Харам аймағына осылай аяқ басу арқылы өздерінің құрметін білдіретін. Бұлардан бөлек, басқа бір жылы бір рет Зәмзәм құдығының маңайында мереке өтіп, жыл бойы суы түгесілмеуін ырымдайтын. Мәдиналықтардың да ұлттық мерекесі жоқ еді. Олар ирандықтардан келген көктемгі Наурыз (жаңа күн) мерекесі мен күзгі Михрижан (күз) мерекесін атап өтетін. Мәдиналықтар иудейлер мен христиандардан өткен Жетінші күн (яумус сабғ) мерекесі де болған. Дегенмен бұл мерекелерде не істегені турасында жеткілікті мәліметтер жоқ. 

Исламның келуі

Ардақты Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.) Ислам сенімін жаюымен Араб түбегінде әр салада көптеген өзгерістер орын алды. Күнделікті тұрмысы жаңа өмірге бейімдеп, салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрыптарының кей тұстары исламға қарай қайта өңдеуден өтті. Жаңа өзгерістер арабтардың мерекелеріне де ықпалын тигізді. Хазірет Әнас  (Алла оған разы болсын) сахабаның әңгімелеуінше, «Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға келгенде, жергілікті жұрттың екi мерекесi болатын. Пайғамбарымыз: «Бұл қандай күндер?» – деп сұрайды. Жанындағылар «Жаһилия кезінде осы күндердi ойын-күлкiмен өткiзетiн едiк», – деседі. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла Тағала осы екi күндi олардан да жақсы Құрбан және Ораза айт күндерiмен алмастырды», – деп, исламдағы жаңа екі мерекенің орнын атап көрсетеді (Нәсәи хадистер жинағы). 

Ораза айт

Кеңес өкіметі 1926 жылдан күштеп тоқтатқан мұсылмандар мерекесі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алғаннан кейін қайта жанданып, ресми мәртебе берілді. Бүгінде Айт мерекесін халқымыз имандылықты, жақсылық пен кең пейілділікті, мұсылман ұлттар арасындағы достықты, қоғамға мейірімділікті дәріптейтін, күллі қазақстандықты біріктіре алатын ерекше мереке ретінде қабылдайды. 

Ораза айт рухани жаңарудың символы іспетті қасиетті Рамазан айының аяқталғанын білдіреді. Ол күллі әлем мұсылмандары үшін айрықша қастерлі мейрам, еліміз үшін бірлік пен тұтастықты сақтауға зор септігін тигізеді. Мұсылман қауымы отыз күндік оразаны аман-есен атқарып, шүкіршілік жасап, соңында мерекелік көңіл күймен аяқтайды. Мереке күндері тұтас игі істерге, ізгі ойлар мен мейірімділікке толы. Әрбір мұсылман бұл уақыттарда ерекше ынтамен жақсы істер жасауға, жақындарына қуаныш сыйлап, мұқтаж жандарға көмектесуге тырысады. Исламға тән бейбітсүйгіштік, жанашырлық пен бауырмалдықтың терең мән-мағынасы осы шуақты күндерде айқын сезіледі. Жүрекке әрдайым бейбітшілік пен жасампаздықтың жылуын ұялатады. 

Айтта жасау сүннет я ұнамды кейбір істер

Ораза айт күнi ертерек тұрып ғұсыл алып, әдемі киініп, мешітке Айт намазына хош иiс себініп бару, тәкбір айту ұнамды іс. Абдулла ибн Масұдтан (р.а.) жеткен хадисте: “Мүмiн пенделер Рамазан айының оразасын толық ұстап, айт күнi намазға бет алғанда, Алла тағала перiштелерге: “Ей, перiштелерiм, адамзат бейнет  атқарса ақысын талап етедi. Пенделерiм Мен парыз еткен оразаны атқарып, ақысын алуға мешiтке бет алды. Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн. Сендер куә болыңдар, оларды мағфират еттiм”, – дейдi. Сүннет бойынша мұсылман адам намазға шығар алдында құрмадан дәм татуы керек. Бұл оразаның аяқталғанын білдіреді. 

Бұл күні ерекше қуаныш, көтеріңкі көңіл күймен көпшілікпен араласқан жөн. Хадисте: “Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) айт күнi мешiтке барған жолмен қайтпай, басқа жолмен қайтатын едi”, – делiнген. Бұған қоса, Айт мейрамында ата-ана, туған-туыс, дос жаран, ауру-сырқаудың қалын сұрау үлкен сауапты iс. Бұдан да басқа жақсы амалдар қатарына бала-шағаға айт күнiне арнап сыйлықтар, жаңа киiм-кешек әперу, қыдырту т.б. жатады.  

Пітір садақасын беру

Пiтiр – шариғатымыздағы маңызды садақаның бiрi. Хадисте: “Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) пiтiр садақасын ораза ұстағанның айтқан пайдасыз сөзiнiң, басқа жағымсыз амалдарының ластығынан тазалаушы және мұқтаждарға азық ретiнде уәжiп еттi” (Әду Дәуіт риуаяты), – делiнген. Бұл күні қоғамдағы мұқтаж жандарды қуантқан жақсы. Сондықтан пiтiр садақасын беру отбасындағы әрбiр жанға уәжiп. Пітір садақасы Рамазан айында, яғни Рамазан айы басталғаннан бастап айт намазына дейінгі аралықта берілуі қажет. Айт намазынан кейін берілген пітір садақа жай садақа есебінде. Пітір садақасының мөлшері жыл сайын шариғат бекіткен азық-түліктердің бағасына байланысты өзгереді. Биылғы пітір садақа жан басына 500 теңге көлемінде бекітілді. 

Құрбан айт

Исламдағы ұлық мерекенің екіншісі ол Құрбан айт. Ол хижра – мұсылман күнтізбесі бойынша Зүлхижа айының оныншы жұлдызында (Арафа күнінен кейін) және Ораза айт мейрамынан 70 күн өткеннен кейін басталады. Бұл мереке таң ата мешіттерде айт намазы оқылады. Айт намазын оқығаннан кейін жағдайы барлар құрбандыққа арнаған малдарын шалады. Құрбан шалумен мұсылмандар тақуалық танытуды, Аллаға жақындауды, күнәларын кешіруді үміт етеді.  Бұл мереке сонау ерте заманнан бастау алады. Алланың түсінде аян етуімен Ибраһим пайғамбар (а.с.) өзінің сүйікті ұлы Исмаилды құрбандыққа шалуы керек болды. Әкесі мен баласы бұл бұйрыққа қарсы келмей, зор бағынушылық көрсетіп, сынақтан сүрінбей өте білді. Алла оларға өз құзырынан құрбандық орнына көктен қошқар түсіреді. Сол уақыттан бері осы діни дәстүр жалғасын тауып келеді. 

Адамдарды бейбітшілік пен бірлікке, мейірімділік пен ізгілікке үндеуде, өзара адамгершілік пен рухани құндылықтарды насихаттап, түрлі ұлт пен дін өкілдері арасындағы ауызбірлік пен сыйластықты арттыруда жақсылықтың жаршысына айналған бұл мерекенің орны ерекше. Айт күндері әрбір адам игі істер жасап, рухани тазаруға, құрбан шалып, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуға тырысады. Халқымыз Айт күндері арнайы дастархан жасап, көршілер мен туыстарға дәм татыруды әдет еткен. Көшені аралап, бір-бірінің үйіне бас сұққандар «Айт қабыл болсын!», «Айт құтты болсын!» деп бір-бірін құттықтайды. Көтеріңкі көңіл-күйде болып, тек жақсы тілектер айтысады.  Араздасқандар бұл күні бір-бірін кешіріседі. Бұл күні құрбандық етін тарату, науқас жандардың көңілін сұрау, жетім-жесір, мұқтаж жандарға көмектесу, туыстарға және қабірге зиярат жасау, бала-шағаға арнайы сыйлық ұстату сауапты іс. 

Қорыта келгенде, әлем мұсылмандары үшін исламдағы Ораза айт пен Құрбан айттың орны ерекше. Ислам дінінің жасампаз әлеуетін көрсететін бұл екі мереке талай ғасырлардан бері мұсылман қоғамында гуманистік дәстүрлерді нығайтуға, рухани-адамгершілік құндылықтарды дамытуға елеулі үлес қосып, қоғамдағы имандылық бастауларды күшейтіп келеді. 

Алтынбек Ұтысханұлы,

Атырау облысының бас имамы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз