Халқы үшін күрескерді ұмытпайық
«…Қайраткер есімі елдің есінде қалсын, зердесіне жазылсын, жас ұрпақ біле жүрсін деген ниетпен жасалып жатқан насихат пен құрмет шаралары тек көше берумен аяқталмайды деген үміттеміз» – деп басталыпты Жадыра Шамұратованың Әлімхан Ермеков туралы мақаласы. Мен де осы үмітке қосыла отырып, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия оларды ақтап қана қоймай, әрқайсысының елінің тұтастығына күрес кезінде сіңірген еңбектерінің дәрежесін анықтап, баға берер деп ойлаймын. Егер осылай баға берілсе, Әлімхан ағамыздың бағасы жоғары дәрежеде болуға тиіс.
Олай дейтінім – «Қазақ» газетінің, ғалым М.Ескендірұлының «Алаш Орда министрлері» кітабындағы, профессор Ж.Қыдыралинаның монографиясындағы ұстаздық қызметі туралы мағлұматтар, профессор И.Арыстанның «Ескірмейтін еңбек» атты мақаласындағы, Н.Әбутұрапованың деректі фильміндегі Әлімхан Ермековтің еңбектері мен өміріндегі мәліметтер шындық болса, ол кісінің есімі көшелер мен шағын білім орындарына берілуімен шектелмеуі керек шығар.
Әлімхан – білімді, шешен, өткір, халыққа қызымет етуді парыз санаған жігерлі азамат болыпты. Сонымен қоса, Орыс географиялық қоғамы Семей бөлімшесіне мүше болған. Қазақ автономиясы шекарасының біртұтастығын жанқиярлықпен қорғаған. Осы қызу айтыста В.И.Лениннің төрағалығымен өткен Халық комиссарлары Кеңесінің мәжілісінде баяндама жасап, бұлтартпас дәлелдерімен Каспийдің теріскейіндегі мұнайлы өлкені, Ертістің сол жағалауындағы біраз жерді Қазақ еліне қайтарды. Қарқаралыда екі сатылы мектеп пен педагогикалық техникум ашқан. Бірнеше жоғарғы оқу орындарында ұстаз, кафедра меңгерушісі болған. Жоғары оқу орындарында арналған алғашқы қазақ тіліндегі математика оқулығын жазған. Ғалымның «Ұлы математика курсы» оқулығы бірнеше мың данамен басылып шыққан. Бұл кісі істі болған кезде осы кітаптардың бәрін әдейі жойып жібереді. Тек бір данасы ғана аман қалып, кейін шәкірттері қайта бастыртып шығарады. Ұлттық математиканың негізін қалаушы ретінде танылыпты. Осы кезде «Қазақ тілінің математика терминдері» атты түсіндірме сөздігін шығарады. 1935 жылы КСРО Жоғары аттестациялық комиссиясы бұл кісіге теориялық механика мен математикадан профессор дәрежесін береді.
Ол елімізге келешекте білімді азаматтардың қажет болатынын ескеріп, келешегі мол жастарға қамқорлық жасайды. Соның айғағы – кейін ұлы ғалым болған Қаныш Сәтбаевты жетектеп апарып, Томскіге оқуға түсіреді. Келешегінен зор үміт күттірген қазақтың ақиық ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың осы қалада оқуына қолдау көрсетеді. Менің жазып отырғаным – ол кісінің еңбектері мақалаларда ғана көрсетілгендері. Ал, жазылмай қалғандары қаншама?!
Туған халқына осыншама еңбек сіңіріп жүрген азаматты Кеңес өкіметі қуғын-cүргінге салып, үш рет түрмеге отырғызып, 18 жыл темір тордың аржағында бейнет көріп, елге оралғаннан кейін осының бәріне мойымай ұстаздық қызыметін жалғастырған. Ол адамгершілік қасиетін, ұлтжандылық бағытын, ғалымдық, ұстаздық болмысына кір шалдырмай, сақтай білген ағамыз неге көлеңкеде қалып жүр?!
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған кезде біздің зиялы қауым қорықты ма, осындай ұлы кісінің қайтыс болғанын жария етпей жерлей салғаны және елеусіз жатқан христиан бейітіне қоюына не себеп болды екен?!
Әрине, бұл – өткен шаруа, онымен қоса бұл азаматтың артында беделді қолдаушысы болмаған сияқты. Ең бірінші, бейітін әруақ риза болатындай қалыпқа келтірген жөн. Сосын Әлімхан Ермекұлын ұлттық математиканың негізін қалаушы ретінде танытып, математикадан танылған еңбектері оқу орындарында пән ретінде енгізілу керек. Сөйтіп, қазір танылып аталып жүрген Алаш қайраткерлерімен есімі бір қатарда тұруы үшін ел шекарасын бекітудегі еңбегі жоғары бағаланып, келешек ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеуге кеңінен қолданылғаны ләзім. Халық бұл кісінің есімімен жақсы таныс болуы үшін белгілі оқу орындарына атын бергені дұрыс болар еді. Әсіресе, өзі туып-өскен және қызмет атқарған Қарағанды облысы осыған зор мән беруі қажет. Өзі ұстаздық еткен политехникалық университетке немесе облыстың бір ауданына есімін беру өзінен-өзі сұранып тұр.
Осы сияқты атыраулықтар да бұл мәселеден шет қалмағаны дұрыс болар еді. Егер Әлімхан ағамыз В.И.Ленин бастаған комиссияға толық дәлелдеп бермегенде, мұнайлы өлкенің біраз жері Ресейдің қармағында қалатын еді. Атырау облысының зиялы қауымы бұл кісінің осы еңбегін бағалап, бір беделді білім ордасына есімін берер деп үміттенемін.
Еркін Дәуешұлы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі