Ғұмар Дүйсембаев өңірдің өзекті проблемасына айналған су мәселесіне де тоқталды.
Қазақстан мен Ресей Үкіметтері арасындағы Жайық (Орал) трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау жөнінде келісім бар. Атыраулық сенатор Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау жөніндегі Қазақстан–Ресей комиссиясының мүшесі ретінде әрдайым Жайықтың тағдырына алаңдаулы.
Оның айтуынша, өзеннің ең жоғарғы арнасында орналасқан көрші Ресейдің Орынбор облысы мен Жайықтың бастауындағы Башқұрт Республикасының өзі су тапшылығын сезіне бастады.
Сондықтан ұшы-қиырына көз жетпейтін алып Ириклинский су қоймасы аздай, енді башқұрттар да өздеріне су қорын жинап алып отыр. Оның бер жағындағы егін мен мал шаруашылығымен шұғылданып отырған шаруалар үшін аса қажетті су каналдары қаншама?! Мұндай жағдайда атыраулықтарға жалғыз Жайыққа қарап отыра беруге болмайды. Сол себепті комиссия жұмысына осы саланың ғалымдары да тартылып, мәселенің мән-жайын шешу жолдары қарастырылып жатыр.
Су тапшылығы ауыл шаруашылығына да ауыр тиіп отыр.
- Арналардың тайыздығы салдарынан қыста мал суаратын өзен-көлдер қатып қалып, малдың ішетін суы болмай қалуда.
Осының өзі көп нәрсені айғақтаса керек. Бұл бара-бара мал мен егін шаруашылығының болашағына қатер төндіруі мүмкін. Сондықтан сенатор Ақтөбе облысындағы Көкжиде жерасты су қоймасына көп үміт артатынын жасырмады.
Қазір аймақта халық саны жыл сайын артып, мұнай компанияларының өндірістік көлемі де кеңейіп келеді. Мұндай жағдайда «ҚазТрансОйл» компаниясының ескі құбырлары бәріне бірдей қатты қысыммен су айдап, тасымалдауға жарамай қалуы мүмкін.
Сол себептен де тәулігіне 173 мың текше метр су бере алатын Көкжиде суын Атырау халқына жеткізу жұмыстары қолға алынатыны хабарланды.
Аталған тұщы су көзі өткен ғасырдың сонау 60-жылдары зерделенген. Бірақ, арада өткен жарты ғасырдан астам уақыт оған қосымша зерттеуді қажет етті. Сондықтан Ғұмар Исламұлы бұл мақсатқа 1 млрд. 161 млн. теңге қаржы бөлуге ықпал еткен.
Ал, осы саланың мамандары Көкжиде суының ауыз су ретінде тұтынуға жарамды екенін анықтаған.
Бұл жұмыстар халық арасында туындаған алыпқашпа әңгімелерге нүкте қою үшін де жасалды. Өйткені, Көкжиденің маңында мұнай өндірумен айналысатын 13-ке тарта компания бар екен. Жұртшылық «аталған құрылымдар жерасты суын ластап жатыр» деген қауесет таратқан. Бірақ, соңғы зерттеулер бұл болжамның шындыққа сәйкес келмейтінін анықтады.
Ендігі мақсат – су қоры үш облысты қамтамасыз етуге толықтай жететін Көкжиденің тұщы суын тезірек Атырау жаққа құбыр арқылы тарту.
Ол үшін негіздеме жасап, іске кірісу керек. Жайықтың қазіргі жағдайы мен Қиғаштан келетін құбырдың ахуалы бізден осыны талап етеді.
Аталған жоспарлы іс-шаралармен қатар жүргізіліп жатқан жұмыстың бірі – Жайық пен Қиғаш өзендерінің түбін тереңдету. Каспий теңізінің тартылып, өзен суының сарқыла бастауы кемелердің тоқтап қалуына да себепші болуда.
Бұл мақсатқа Ғұмар Дүйсембаев лимиттен тыс 2 млрд. теңге қаржы бөлгізуге жұмыстанған. Соның нәтижесінде Атырауда бұл бағыттағы жұмыстар жүріп жатыр.
Ербол ҚОШАҚАНОВ