БИЫЛ ОБЛЫС ЕГІНШІЛЕРІ КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫН ЖЫЛДАҒЫДАН БІР ЖАРЫМ АЙҒА КЕШІГІП БАСТАУҒА МӘЖБҮР. ҚАР ЕРТЕ КЕТКЕНІМЕН, ЖҰМЫС КҮШІНІҢ АЗДЫҒЫНАН ЖЕР ЖЫРТЫП, ТҰҚЫМ СЕБУ ЖҰМЫСТАРЫ КЕШЕУІЛДЕП ЖАТЫР. БҰҒАН ДЕЙІН ОБЛЫСТАҒЫ 650-ге ТАРТА ШАРУАШЫЛЫҚ ӨЗБЕКСТАННАН КЕЛЕТІН АЗАМАТТАРДЫҢ ҚОЛ КҮШІН ПАЙДАЛАНЫП КЕЛГЕН ЕДІ. БИЫЛ ЕҢБЕК КВОТАСЫНЫҢ ЕКІ ЕСЕГЕ ҚЫСҚАРУЫ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫНА ДА ҚОЛБАЙЛАУ БОЛДЫ.
Соқа-сайманы мен техникасы дайын тұрса да, шаруагерлер жер жыртуға әлі кіріспеген. Біз аралап көрген «Дастан» шаруашылығында 350 гектар егіс алқабы бар. Былтыр оның 200 гектары игеріпті. Биыл ол меженің де ауылы алыс болатын сыңайлы. Себебі, сәуір туса да, алқаптан тірі жанды таппайсыз. Себеп – егетін тұқым дайын емес. Жылыжайларда жұмыс енді ғана басталып жатыр.
– Мысалы, тәтті бұрыштың тұқымы қатты болады. Оның қауызы ашылып көктеуі үшін бір апта уақыт қажет. Әр тұқымның өзіндік ерекшеліктері бар. Бұрын ақпан айында тұқымды отырғызып, осы мезгілде егіс алқабына шығара бастаушы едік. Биыл жағдай күрделі, әлі күнге жылыжайдан шыға алмай жүрміз. Қысқасы, дала жұмыстарын 15-20 күнсіз бастай алмаймыз, — дейді агроном Айдос Байниязов.
«Дастанның» тұқым бағында 500 мың түп өсіріледі. Мұнда 12 түрлі көкөніс пен баубақша дақылы бар. Ақпанда арнайы көшеттерде өнген өскін осы уақытта егіс алқабына отырғызыла бастайтын. Биыл жұмыс күшінің жоқтығынан қыруар жұмыс тұралап қалған. Осы мезгілде жыл құсындай оңтүстіктен ағылатын ала тақиялы ағайындардың зары өтіп тұр. Қазіргі келгені – 28 адам. Оның алдында жылыжай үшін 6 егіншіні Өзбекстаннан шаруашылық ұшақпен алдырыпты. Қымбат, бірақ басқа амал жоқ. Себебі, жер кеуіп кетсе, қыруар еңбекпен келген тұқым да, тыңайтқыш та рәсуа болады.
– Биыл 200 гектарға егін егуді жоспарлап едік. Енді қанша тырыссақ та үлгермейтінімізге көз жетті. 100-120 гектарды игерсек те олжа. Қазір тұқымбақтың ішінде аяқ басар орын қалған жоқ. отырғызылған әрбір көшет-тақта жеке-жеке тұруы тиіс. Сонда өскін күн сәулесімен тез жетіліп, жақсы бой алады. Ал, біз уақыттың тығыздығынан бірінің үстіне бірін қатарлап қойып отырмыз. Егетін көкөністің барлығы жылыжайда бапталып, егіс алқабына өскін күйінде отырғызылады. Сонда ол тез жетіледі. Нәтижесінде біздің өнім маусымның аяғынан бастап тұтынушыға жете бастайды. Бірақ оған көп қол күші керек. Биыл 90 адамдық жұмыс күші керек болды. Берілген тапсырыстың тек тең жартысына ғана рұқсат етті. Өзбекстаннан келетін бұл ағайындардың алды 20, соңы 10 жылдан бері біздің шаруашылықта тер төгіп жүр, әрқайсысы өз жұмысын жақсы меңгерген мамандар. Соларға иек сүйеп алған жергілікті жігіттер өз бетімен іс тындыра алмай далбасалап жүр. Облыс басшылығы әлі де квота қарастыруды жоспарлап отыр. Сол ғана көңілге медеу, — дейді шаруашылық жетекшісі Қоныс Ерманов.
Көктемнің бір күні – жылға азық екенін ескерсек, биыл атыраулық егіншілер қыруар пайдадан қағылғалы тұр. Себебі, жай егілген егіннің кеш пісетіні анық. Ол кезде шетелден келетін көкөніс, картоп пен бау-бақша түрлері жергілікті нарықты жаулап алады. Тасып әкелген тауардың бағасы да қымбат болары даусыз. Бірақ «көкше байлық – бір айлық» демекші, кім-кімнің де жеңсік өнімді маусымында жегісі келіп тұратыны сөзсіз. Онсыз да азықтүліктің 60 пайыздан астамын сырттан тасымалдайтын мұнайлы өңір енді өз жеріндегі барды ұқсата алмаса, кімді кінәлауға болады?!
Жер жеткілікті, мемлекеттен қолдау бар. Ендеше осы мүмкіндіктерді пайдаланып, тер төгу керек. Рас, климат қатал болғандықтан, жаз бойы аңызақаптап дем алдырмайды. Бірақ оның да тілін тауып, бұған дейін өнім жинап келдік емес пе?! Мысалы, «Таңдайдың қарбызы», «Сарайшықтың картобы», «Сарытоғайдың алмасы» деген брендтер тек Атырауға емес, батыс өңірге жақсы танымал еді ғой. «Теңдік», «Память Ильича», «Первомайский» қыруар өнім жинап, облысты қамтитын, өздері де пайдаға қарық болатын. Бұл – өткенді аңсау емес, барды ұқсата алмай жүргенімізге ашыну ғана. Сол егіс алқаптарын ешкім атына өңгеріп әкеткен жоқ, текке тусырап жатыр. Тек азыншоғын қожалықтар ғана егіске ден қойған. Олардың да жағдайы аса мәз емес.
Атырау облысында барлығы 3 мыңдай ауыл шаруашылығы құрылымы болса, соның егіспен айналысатыны 15 пайызға да жетпейді. Себебі, біз дала жұмысынан біртіндеп алыстап бара жатқанымыз шын. Ыстыққа қақталып, шаң жұтып шалдығуды ар санаймыз. «Дайын асқа – тік қасық» дегеніміз де осы! Ақиқатында, қазір дала жұмыстары шетелдік озық технология дендеп енгізілгелі айтарлықтай жеңілдеді.
Бүгінде тек тұқым себу емес, өнім жинаудың өзі механикаландырылған. Егіске берілетін су мен тыңайтқыштың мөлшерінде компьютер қадағалайды. Бірақ адами фактор дала жұмысында басым болып қала бермек. Тек сол шаруаға қыры бар еңбекқор жанды табу жыл санап қиындап барады. Мысалы, былтыр осы шаруалықта 90-ға тарта адам еңбек етіпті. Соның тек 15-і ғана – жергілікті тұрғындар. Тек күзгі терімге ғана араласатын оларға қаптап картоп беріп, «қалған өнімнен де қолыңды қақпаймыз» деп жалынып жүріп жалдайды екен. Өйтпесе, жаз бойғы төгілген тер текке кетеді. Соның өзінде осы «Дастанда» былтыр 30 тоннаға жуық қызанақ, 4-5 тонна пияз егіс даласында қалған. Жинап үлгере алмағандықтан, қайран өнімді «қазан ұрыпты». Егінге адам тартуы үшін шаруа жетекшілері қолдан келгеннің барлығын істеп бағуда.
Биыл дала қосында еңбек ететіндердің айлығы да өсті. Шамамен 120-160 мың теңге аралығында, одан бөлек төрт мезгіл тегін тамағы бар. Ал, ауылда екі қолы алдына сыймай, кәсіпсіз жүрген ағайын асығар емес. Сөйте тұра, Үкіметке шығып, сырттан адам жалдаймыз. Ал, оларға бөлінген еңбек квотасы жыл санап қысқарып келеді. Біз аралаған шаруашылыққа қазір 50-ге тарта шетел жұмысшысы келіпті. Олардың әрқайсысының жолақысы, басқа да шығыны 250-300 мың теңге шамасында. Осыны айтқан шаруашылық басшысының сөзін тыңдап тұрып, енжарлықтың бодауына кететін есіл миллиондарға ішіміз удай ашыды!.. Биыл Атырау облысы бойынша 9700 гектар жерге тұқым себіледі деп күтілген. Алайда, «Дастан» секілді көптеген іргелі шаруашылықтар егіс көлемін еріксіз шектеуге мәжбүр. «Сен салар да, мен салар…» деп санасып жүріп көктемді өткізсек, ертең күзде сырттың өніміне амалсыз алақан жаймасқа әддіміз бар ма? Амалсыздан Астраханнан қырыққабат тасып, Керекуден картоп сұрап шапқылаймыз. Саладағы осындай олқылықтар салдарынан ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы түспей келеді.
Алыпсатарға қараған күн қашан да қараң. Олар өзгенің өнімін әкеліп тұрып, «әкесінің құнын» сұрайды. Алып жүрміз, алмасқа басқа амал да жоқ. Барды бағалай алмасақ, басқаға айтар назыңды кім тыңдар? Рас, бұл тек Атырауда емес, еліміздің ауыл шаруашылығына қатысты өзекті проблема. Бәлкім, болашақта біртіндеп шешімін тауып та қалар. Облысқа бөлінген еңбек квотасы бойынша 300 шетелдік азамат шаруашылықтардың сұранысына сәйкес таратылып берілді. Бірақ ол жеткіліксіз. Сондықтан, жергілікті билік Үкіметтен оны әлі де көбейтуді сұрап отыр. Осылайша, жергілікті халықтың 4,5 пайызы жұмыссыз жүрсе де, сырттан адам жалдап амалдап келеміз.
Арыстанбек КЕНЖЕ
Махамбет ауданы