Баяғы «БЫТКОМБИНАТ» дегендер қайда?

xxl СарапTime

СОНАУ КЕҢЕС ДӘУІРІНДЕ КӨПШІЛІК ОНЫ-МҰНЫ ЗАТЫН ЖӨҢДЕТУ ҮШІН ТҰРМЫС ҚАЖЕТІН ӨТЕУ КОМБИНАТЫ – «ДОМ БЫТА» НЕМЕСЕ «БЫТКОМБИНАТҚА» БАРУШЫ ЕДІ. АТАЛҒАН МЕКЕМЕ АУДАН ОРТАЛЫҚТАРЫ МЕН ҚАЛА БАСЫНДА БОЛАТЫН. ОЛАР КИІМ ПІШІП-ТІГУ, ШАШТАРАЗ, ФОТОАТЕЛЬЕ, ТЕЛЕДИДАР, САҒАТ ПЕН АЯҚ КИІМ ЖӨНДЕУ, БАСҚА ДА ТҰРМЫС ҚАЖЕТІН ӨТЕЙТІН ҚЫЗМЕТТЕР КӨРСЕТЕТІН.

Айтқандай, жұртшылық арасында «быткомбинат» деп аталып кеткен тұрмыс қажетін өтеу үйлері əр аудан, ауылда да болды.

Сол кезді Қызылқоға ауданындағы Сағыз ауылының тұрғыны Жаннат Есжанова былайша еске алады: – Интернатта жатып оқимыз. Ата-анамыз алып берген киім-кешек үлкендеу болса немесе бір жері жыртылып қалса, дереу «быткомбинаттағы» Қалдекен, Күнсұлу апаларға шауып баратынбыз. Ол кісілер ойлағанымыздай етіп кішірейтіп, сөгілген не жыртылған жерін бүтін деп беретін. Неге екенін білмеймін, қызық па, əлде қажеттіліктен бе, сынып болып та немесе бірнеше оқушы болып та суретке түсуге Темірғали ағаға жиі барушы едік. Ол бір тамаша кездер болатын, шіркін!..

ЕТІКШІНІ БІЗІ АСЫРАЙДЫ

Бұрынғы колхоз базары бағытындағы Мəскеу көшесінде жергілікті аяқ киім фабрикасы болды. Гурьевтіктер одан өздеріне қажетті аяқ киім сатып алатын, болмаса тапсырыспен таза былғарыдан етік, туфли тіктіретін. Оларды жергілікті шеберлердің қолынан шыққан дүние демесеңіз, сапасы тым тəуір еді. – Аяқ киімді сапалы жөндеу – өте күрделі жұмыс. Бұл салада еңбек ету үшін мықты күш-жігер мен төзімділік керек. Бір орында ұзақ, күні бойы тапжылмай отыру қиын-ақ. Бірақ, сүйікті ісімен айналысатын етікшілер бұған əбден көндігіп кеткен. Сол фабрикада мен отыз жылдай еңбек еттім. Бастапқыда шебер, инженер, бас инженер болып жұмыс жасап, кейін басшылығына дейін жоғарыладым. Жекешелендіру саясаты кезінде бұл

Қазір, əр базарда етік тікпесе де, аяқ киімнің жыртылғанын тігіп, ұлтаны мен өкшесін жаңартып беретін етікшілер бар. Бірақ, олардың қызмет сапасы да, еңбегі үшін алатын ақысы да əртүрлі.

ҚҰЛАҒЫ ТҮСКЕН КӨЗІЛДІРІК, ЫСЫРМАСЫ БҰЗЫЛҒАН СӨМКЕ

Көрші облыстарда осындай ұсақ-түйек көрінетін, істен шыққан тұтыну заттарын жөндейтін арнайы орындар бар. Ал, атыраулықтар бір құлағы түскен көзілдіріктері мен ысырмасы бұзылған сөмкелерін қоқыс жəшігіне лақтыруға мəжбүр. Өйткені, өңірде оларды жөндейтін шеберханалар жоқ.

– Мектепте оқитын екі баламның да рюкзактарының замогы бұзылды. Басқа жерінің міні құрамаған, əп-əсем. Содан не істерімді білмей, екі рюкзакты «Дина» базарында орналасқан тігін бутиктеріне апардым. Олар «біз ысырманы тек киімге саламыз, сөмкелердің материалы қатты болғандықтан сала алмаймыз. Біздің тігін машиналар ондай қалың-қатты затқа арналмаған…» деп шығарып салды. Үйге келіп, балаларыма «сол ысырманы өзім-ақ қолдан салып берейін» десем, екеуі азар да безер болып, «онда біз оларды ұстамаймыз!» дейді. Басқа жері бүп-бүтін сөмкелерді лақтырып тастауға көзім қимай, үйдің бір бұрышына жинап қойдым, – дейді көп балалы қала тұрғыны Зəуре Мұқанқызы.

Зəуренің басында болған жағдай бір қарағанда уақ-түйек көрінуі мүмкін. Бірақ, көп балалы отбасында құрыққа сырық жалғап күн кешпесе, қазіргідей қымбатшылықта тіптен қиын-ақ!..

ҚЫРЫҚ ТҮРЛІ КӘСІП БАР…

Шынында, қазір кəсіптің қырық түрі бар екені рас. Əр қадам сайын дəріхана, тіс емханасы, азық-түлік, киім дүкендері, пиццерия, шаштараз, етік пен сағат жөндеу шеберха[1]налары – қойшы, қайсыбірін санап тауысарсыз. Жалпы облыста 50 201 жеке кəсіпкер тіркелген болса, соның 47 362-сі кəсіптерімен айналысып отыр. Дегенмен, жоғарыда Зəуре айтқандай, сөмкенің құлағын салып, бұзылған ысырмасын ауыстыратын жер жоқ. Осындайда, əттең баяғы «быткомбинаттар-ай, қайта тірілтер ме еді өздерін!» деп кіжінесіз ішіңізден.

Еліміздің бас газеті – «Egemen Qazaqstan» Абай облысында өткен бизнес-форумда Семей қаласының бұрынғы əкімі Мейрамхат Айнабековтың сөйлеген сөзін келтіріпті. Экс-əкім: «…Біздің облыста 1 млн-ға тарта халық тұрады. Егер бір адам жылына үш аяқ киім пайдаланатынын ескерсек, онда 3 млн-дай аяқ киім өнімі қажет екенін байқауға болады. Бір аяқ киімнің бағасын шартты түрде 10 мың теңгеге бағаласақ, онда жылына 30 млрд. теңгеге аяқ ким өнімін тігуге болатынын көресіз. Қазір осы 30 млрд. теңге Қытайға, Түркияға жəне Ресейге жіберіліп отыр. Өйткені, өзіміз өндіріп, шығарып жатқанымыз жоқ. Сондықтан ауыл шаруашылығын көтере отырып, тамақ жəне жеңіл өнеркəсібіне шикізат дайындауды мақсат тұтсақ, ұтарымыз көп болады деп ойлаймын…» – деп көп көкейіндегі ойды дөп басады.

  • ШЫНДЫҒЫ ОСЫ. ЖЕРГІЛІКТІ ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІПТІ ДАМЫТПАЙЫНША, ӨЗІ АЗҒАНТАЙ ҚАРАЖАТ ЖАН-ЖАҚҚА КЕТЕ БАРАДЫ. БІЗДІҢ АТЫРАУ ӨҢІРІНДЕГІ «ДАМУ» ҚОРЫНАН БІЛГЕНІМІЗДЕЙ, ТІГІН ЦЕХЫН АШУҒА ҚҰЛШЫНЫС ТАНЫТҚАНДАР БАР ДА, АЯҚ КИІМ ӨНДІРІСІН ҚОЛҒА АЛҒЫСЫ КЕЛЕТІНДЕР ЖОҚ ЕКЕН. ЖАЛПЫ ҰСАҚ-ТҮЙЕК ЗАТТЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУГЕ АРНАЛҒАН КӘСІПТІ АШУҒА КӘСІПКЕРЛЕР ҚҰЛЫҚСЫЗ КӨРІНЕДІ. БӘЛКІМ ОДАН ТҮСЕТІН ТҮСІМ ЖЫРТЫҚҚА ЖАМАУ БОЛА АЛМАЙ МА ЕКЕН?..

Лиза СЕЙТІМОВА

Жуып бер десем, жыртып берді

Қыс өткен соң, курткамды тазалап беретін орынға тапсырдым. «Бізде тапсырыс көп. Бір жетіден кейін келіңіз» деді. Барсам, о, тоба, курткамның жеңі жыртылып қалған. – Мынау не, енді мұны қалай киемін? – десем, қабылдап-тапсырушы келіншек: – Осылай əкелгенсіз ғой… – деп қарап тұр. «Жалғыздың үні шықпас…» деп мен кеттім. Өзім курткамды тігін цехына апарып, жыртылған жерін тіктіртіп алдым. Осы оқиғадан кейін киім тазалау орындарының сапалы қызметіне сенімім азайды.

Əсел ИМАНБАЙҚЫЗЫ, Атырау қаласының тұрғыны

Тұтынушы құқығы қайткенде қорғалады

Сауда-саттық, қызмет көрсету саласында түрлі қиындықтың орын ала[1]тыны жасырын емес. Солардың біразында тұтынушы құқығы бұзылып, олар ірілі-ұсақты шығынға ұшырап жатады. Алдымен айтарымыз: егер сіздің тұтынушы ретіндегі құқыңыз бұзылды деп ойласаңыз, онда сіз сол бизнес өкіліне жазбаша шағым қалдыруыңыз міндетті. Ол сол шағымыңызды қарап, тиісті жауап қайтарады. Биылғы қаңтар айынан бастап тұтынушылар құқығын қорғауға арналған Бірыңғай ақпараттық жүйе – «e-tutynushy.kz» арнайы порталы жұмыс жасап келеді. Атынан белгілі, оған тұтынушылардан түрлі арыз-шағым түседі. Олардың дені сапасыз тауар, оларды ауыстырып алу, сатушылардың салғырттығы, тауар құжаты мен сертификатының көрсетілмеуі, тұтынушыға сапасыз қызмет көрсету, келісім-шарт жасаудағы келеңсіздіктер, форс-мажорлық жағдайда арадағы шартты бұзу жəне басқаларына арна[1]луда. Осы порталға тіркелу кезінде шағымданушының байланыс телефоны, электрондық адресі жəне ЖСН-і көрсетілуі керек. Егер сатушы немесе жеке кəсіп иесі шағымданушының өтінішін қанағаттандырмаса, онда ол тұтынушы құқығын қорғай алатын басқа да мемлекеттік органдарға өтініш ете алады. Бір сөзбен, тұтынушы құқығы қайткенде қорғалатын болады.

Балжан ДОСМҰХАМБЕТОВА, Атырау облысы бойынша тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдық ұйымының жетекшісі

Маман не дейді?

Облыста 21 шағын ЖШС жəне 100-ден аса жеке кəсіпкер жеңіл өнеркəсіп саласында қызмет атқарады. Оның ішінде: «Өнерпаз», «ЭРТРИ», «Sari suppliers», «Sіff ety Sistems», «Беркут Секьюрети» жəне басқалары. Жеңіл өнеркəсіп саласында биылғы бірінші жарты жылдықта 2,4 млрд. теңге көлемінде (107,2%) өнім өндірілді. Оның ішінде: – тоқыма бұйымдарын өндіру – 1,5 млрд. теңге (98,2%), – киімнен басқа, үй шаруашылығына арналған дайын тоқыма бұйымдары – 1,4 млн. дана (83,3%), – төсек жаймалар – 900 дана (91,6%), – киім өндіру – 855 млн. теңге (112,5%), – тоқылған трикотаж сырт киімдер – 205 дана (185%), – трикотаждан басқа өзге де сырт киімдер – 257 дана (182,3%).

Сонымен қатар, кəсіпкерлердің үлкен проблемалары нарықта бəсекелеске төтеп беріп, өнімдерін өткізу. Бұл тұрғыда кəсіпкер алдымен тауарын сапаға сəйкестігін дəлелдейтін жəне Қазақстанда жасалғанын дəлелдейтін сертификаттар алуы тиіс. Содан кейін тендерге қатысуға мүмкіндік алады. Кəсіпкерлерден де түрлі шағым түседі. Ол қандай шағымдар? Дені – өздері өндірген өнімді өткізе алмау. Бұл тұрғыда ақпараттық насихаттау, өнімдерін сертификаттау, тендерлерге қатысу бойынша түсініктер беріледі. Сонымен қатар, ірі кəсіпорындар мен мемлекеттік органдарға, өзге облыстың əкімдіктеріне өңірде өндірілетін өнімдер туралы үнемі ақпарат беріліп отырады. Көрмелер, семинарлар, кеңестер, жүзбе-жүз кездесулер ұйымдастырылады.

Ақбөбек ШАРҒАБАЕВА, Атырау облысы индустриялық-инновациялық даму басқармасының өнеркəсіпті дамыту бөлімінің басшысы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз