Жарнама
СарапTimeФОТОГАЛЕРЕЯЭкономика

Ауылда жүгері өсіріп отыр! (+ФОТО)

ҚАЙ САЛАДА БОЛМАСЫН ОЗЫҚ ТӘЖІРИБЕ МЕН ТИІМДІ ТӘСІЛДІҢ КӨПКЕ ОРТАҚ ЕКЕНІН ТӘЖІРИБЕ КӨРСЕТІП КЕЛЕДІ. АТЫРАУ ОБЛЫСЫНДА АЛҒАШҚЫЛАРДЫҢ САПЫНДА ҚҰРЫЛЫП, ҮЛГІЛІ ІСІ, ТЫҢ БАСТАМАЛАРЫМЕН ӨЗГЕЛЕРГЕ ТАНЫЛҒАН ШАРУАШЫЛЫҚ ҚҰРЫЛЫМДАРЫНЫҢ САНАТЫНДА «ДАСТАН» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫН АЙТУҒА БОЛАДЫ.

Жиырма жыл бұрын Махамбет ауданының Ақжайық ауылдық округінде Қоныс Ерманов есімді еңбекқор азаматтың жетекшілігімен құрылған бұл қожалық бүгінде екі сала – егін мен мал шаруашылығын қатар дамытып келеді. Әсіресе, егіншілікте еншілеген жетістіктері аз емес. Бұған дейін картоп пен көкөніс-бақша дақылдарынан мол өнім жиып, мол табысқа кенелген қожалық тағы бір тың бастаманы қолға алыпты. Кеңес дәуірінде құнарлы мал азығының құрамдас бөлігі саналған жүгері дақылын былтыр 1 гектар алқапқа егіп, байқап көрген еді. Биыл оның көлемін 5 гектарға ұлғайтты.

Жайқалып өскен жүгері бір-екіден, қайсыбірі үшеуден собығын байлап үлгерген. Диқандар тілімен айтқанда, бұл – дақылдың пісіп-жетілгені. «Жақсыны – көрмекке» демекші, жақында облыс өңірлеріндегі осы саланың өкілдері «Дастан» шаруа қожалығының базасында бас қосып, «Дала күнін» өткізді. Көптің игілігіне айналар озық тәжірибемен бөлісіп, өзара пікір алмасу, өміршең бастамаларды қолдау мақсатында ұйымдастырылған шараға облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев арнайы келді.

– Бұрынғы жылдармен салыстырғанда, облыста жыл санап егістік жердің көлемі ұлғайып келеді, биыл бұл көрсеткіш 10 мың гектарға жуықтады. Әрине, салыстырмалы түрде бұл аз көрінгенімен, Атырау өңірінің ерекше табиғи-климаттық жағдайында мұның өзі біршама мол дүние. Мәселе барды ұқсатып, мол да сапалы өнім жиюға қол жеткізуде болып отыр. Бұған махамбеттік «Дастан» шаруа қожалығының тәжірибесі қай жағынан алып қарасақ та, үлгі боларлықтай. Бұл шараның осында өткізілуінің бірден-бір себебі де осында. «Мың рет естігеннен бір рет көрген артық» демекші, тәжірибе алмасу бағытындағы семинар-тренингтер, атаулы күндер мен фестивальдерді өткізу еліміздің өзге өңірлерінде, Ресейдің іргелес аймақтарында берік дәстүрге енген. Ендеше, бұл үрдісті жалғастырып, игілікті іске айналдыру өзімізге байланысты. Ал, облыс әкімдігі, осы салаға жауапты жергілікті органдар мен мүдделі құрылымдар бұл бағытта көмек көрсетіп, қолдау білдіруге әркез әзір. Әсіресе, бірінші кезекте керекті тұқым мен тыңайтқышты, жанаржағар май мен ауыл шаруашылығы техникаларының қолжетімді бағамен берілуіне, шаруашылықтардың заң шеңберінде субсидиямен қамтамасыз етілуіне ықпал жасау, басқа да мәселердің оң шешімін табуына септесу жөнінде қолымыздан келгенше жұмыстанып отырмыз, — деді Қайрат Есқабылұлы.

ТЫҢ ӘДІСТІҢ ТИІМДІЛІГІ

Ж и н а л ғ а н ә р і п т е с т е р і н шаруашылықтың тыныс-тіршілігімен, егін алқабында өсірілетін дақылдар және техника түрлерімен таныстырған «Дастан» шаруа қожалығының жетекшісі Қоныс Ерманов әрқайсысының өзіндік ерекшелігіне тоқталып, мол өнім алудың әдіс-тәсілдерін айтты. Содан соң басқосудың басты тақырыбына айналған жүгері жөнінде әңгіме өрбітті. Қожалықтың нақты егін көлемі – 115 гектарға жуық. Оның 90 гектарына көкөніс-бақша дақылдары егілген, 18 гектар картоп, 5 гектар жерге жүгері тұқымы өсіп тұр. Жүгерінің тұқымы мамыр айында отырғызылса да, қазір сабағы жайқала бой түзеп, әудем жерден көздің жауын алады. Әбден пісіп-жетілген.

– Мамандардың пайымдауынша, алғашқы кезеңнің өзінде-ақ, дақылдың бұлай собық байлауының өзі оның барлық агротехникалық талаптарға сай келетінін, яғни ойдағыдай өнім жинауға мүмкіндіктің мол екенін көрсетеді. Соның куәсіндей, былтыр байқап көрмек болып салғанбыз, әжептәуір өнім алдық. Осы жолы да одан кем түспейтінімізге сенім кәміл. Көзіміздің жеткені – бұл дақыл тың жерден гөрі бұрын егін егілген танапқа жақсы өседі екен. Яғни, кестеге сәйкес суарылса тезірек бой алып, жетілетінін аңғардық. Жасыратыны жоқ, алдыңғы жылы осы жерге пияз ексек, былтыр картоппен алмастырдық, енді міне олардың орнын жүгері басты. Мұның да шығымы жаман емес. Минералды тыңайтқыштармен қоректендіргенде де зияны тимейтіндей қарапайым қағидалар мен ережелер сақталды. Ең маңыздысы – тәжірибеде тиімділігі дәлелденген тамшылатып суару технологиясының қолданылуы. Осындай кешенді жұмыстардың арқасында жоғары нәтижеге қол жеткізу мүмкін болды. Көзделіп отырған негізгі мақсат – биыл бәрі ойлағанымыздай болса, алдағы жылдары біртіндеп көлемін көбейтіп, малға қажетті құнарлы азық қорын жасақтау. Бағымдағы сауын сиырларды іріктеп шағын тауарлы сүт фермасын құрып, соның қажеттілігін өтеу, — деп сабақтады сөзін Қоныс Ертұрлыұлы.

ҰҚСАТА БІЛГЕН ҰТАДЫ

Семинарға қатысушылардың бірі, Махамбет ауданындағы Алға ауылдық округінен келген шаруа қожалығының басшысы Қамидолла Орынбаев өз тәжірибесімен бөлісіп, пікірін айтты. Оның айтуынша, егер малға сүрлем араластырып берсе, малға қажетті азықтың құнары жоғарысы, нағыз төресі осы жүгері болып табылады. «Сиырдың сүті – тілінде» демекші, әсіресе сауын сиыр үшін бұл шынымен бірінші орында тұратын, таптырмайтын азық көзі.

– Бұған кеңшар кезінде өзіміз де талай көз жеткізіп, куә болғанбыз. Ол уақытта егіндікке су қолдан соғылған ортақ суағар жүйесімен, кейін жаңбырлатқыш агрегаттың күшімен жеткізілетін. Кейде оның да «қанаты» алқапты толықтай қамтуға жетпей, қиындық туғызатын. Сонда да діттеген межеден көрінуге талпынатынбыз. Бүгінде шаруашылықтар жекешеленіп, дербестігін алып кеткенімен, есесіне техника мен технологияның небір тиімді де заманауи түрі өмірге келді. Тек соны ұтымды пайдаланып, барды ұқсата білгенге бәрі де оңтайлы, қолжетімді деп есептеймін, — деді ол.

Сайып келгенде, қай салада да табысқа жетудің оңтайлы жолы – өндірістің ғылыммен ұштасуында. Бұл бір жағынан шаруа адамының әр ісінде өзіндік нәтижесін көріп, табысқа жететініне сенімін арттырады. Екіншіден, мемлекеттен ұсынылатын жеңілдіктер мен қолдау түрлерін иеленуіне белгілі бір дәрежеде септесері сөзсіз. Басқосуда өз ойын бөліскен «Оңтүстік-Батыс» мал және егін шаруашылығы ғылымизерттеу институты» ЖШС Атырау филиалының кіші ғылыми қызметкері Тимур Мусиннің пікірінің түйіні де осы болды. Семинар-кеңестің жұмысын облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев қорытындылады.

Дәулетқали АРУЕВ

nkenkenk
rpopropro
rolrolr
ppppppppppppppppppppp

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button