ҰСЫНЫСТАРЫН ПАРЛАМЕНТКЕ ЖОЛДАМАҚ

Қазақстан Коммунистік Халық партиясы Атырау облыстық комитетінің ұйымдастыруымен «Қазақстандық өндіріс: Сапа. Бәсекеге қабілеттілік. Болашақ» деген тақырыпта «дөңгелек үстел» өтті. Жиынға ұстаздар мен студенттер және партия мүшелері қатысты.

 

Тұтынушы үшін өнімді кімнің және қай елдің шығаратындығы маңызды емес. Олар үшін ең бастысы – бағасы қолжетімді, әрі сапалы болуы. Осы ретте Еуроодаққа мүше елдер қазақстандық тауар өндірушілерге баға мен сапа жағынан мықты бәсекелес болып үлгерді. Қазақстан 2016 жылы ДСҰ-ның (Дүниежүзілік сауда ұйымы)  толыққанды мүшесі болғанда біздің кәсіпкерлердің жағдайы не болмақ? «Дөңгелек үстелде» отандық өнеркәсіптің дамуына тұсау болып отырған көптеген кедергілер туралы сөз болды.

Басқосуда «Даму» қорының өкілі Ж.Әлімгереев аталмыш қордың атқаратын қызметі туралы, сондай-ақ осы мекеме арқылы субсидия беру механизмі және кепілдікке ие болу мүмкіндіктері туралы жан-жақты түсіндіріп өтті.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы А.Иманов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Қ.Жанқуатов та «дөңгелек үстелде» қозғалған мәселелерге қатысты өз ойларын ортаға салды.

 Жиынның ресми бөлімінде ҚКХП Атырау облыстық комитетінің бірінші хатшысы Е.Дәулетқазиев облыс әкімінің мүгедектердің мәселелері жөніндегі кеңесшісі М.Абдрахимовке «Партия ардагері» төсбелгісін табыс етті. Сондай-ақ, партия мүшесі, техника ғылымдарының кандидаты, профессор М.Ликаров саяси ұйымның Құрмет грамотасымен марапатталды. Ал, Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының профессоры К.Меңдігереев партия қатарына қабылданды.

«ҚР Парламенті Мәжілісіндегі партиямыздың депутаттарына нан бағасына қатысты және жергілікті жерлерде жұмыс орындарын көбірек ашу туралы ұсыныстарымызды жолдамақшымыз. Сондай-ақ, долларға тәуелділіктен арылып, өз елімізде теңгеміздің тұрақты айналымда болуы да – өзекті мәселенің бірі» дейді Е.Дәулетқазиев.

 Бағила

 САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз