ЭЛЕКТРМЕН ЖАБДЫҚТАУ – ТЕК АТЫРАУ ӨҢІРІНДЕ ЕМЕС, БҮКІЛ ЕЛІМІЗДЕ КҮН ТӘРТІБІНЕН ТҮСПЕЙТІН ӨЗЕКТІ ПРОБЛЕМАНЫҢ БІРІ. КЕЙІНГІ КЕЗДЕ ЖҰРТШЫЛЫҚТЫҢ ЖАНАЙҚАЙЫНА АЙНАЛҒАН ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІҢ ЖАРЫҚПЕН ЖАБДЫҚТАЛУЫН ЖАҚСАРТУ БАҒЫТЫНДА ОБЛЫСТА ЖАСАЛҒАН ЖҰМЫСТАР АЗ ЕМЕС. СОҒАН ҚАРАМАСТАН, МӘСЕЛЕ ӘЛІ КҮНГЕ ДЕЙІН ТОЛЫҚҚАНДЫ ШЕШІМІН ТАПҚАН ЖОҚ. БҰҒАН ЖАҚЫНДА ЖАРИЯЛАНҒАН ХАЛЫҚҚА ЖОЛДАУЫНДА МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ДА БАСЫМДЫҚ БЕРІП, МАҢЫЗДЫ БАҒЫТТАРДЫҢ ҚАТАРЫНДА АТАП ӨТТІ.
Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі жəне автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Əлібек Мұханбетəлиевтің айтуынша, 2020- 2021 жылдары бұл салада қалыптасқан күрделі ахуалды сауықтыру мақсатында ауқымды жұмыстар жасалды. Алайда, одан жағдайдың түпкілікті оңалып кете қоймағаны да белгілі. Бұған себеп – қолданыстағы электр желілерінің басым бөлігі əбден тозып, жарамдылық мерзімі өткен. Оның үстіне, «Атырау Жарық» АҚ[1]мен бірлескен мониторингті к тексеру кезінде электр желілерінің бір бөлігі тұрғындардың жеке қаражаты есебінен тартылғаны, сол себепті олардың белгіленген параметрлерге сəйкес келмейтіні анықталыпты.
ЖАҢА КАБЕЛЬ ЖАҒДАЙДЫ ЖАҚСАРТА МА?
– Былтыр қала аумағында жаңадан орнатылған 50 трансформаторлық подстанция жағдайды едəуір жеңілдетуге септігін тигізді. Қазір бұл жұмыстар одан əрі жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда шұғыл шешімін күткен өзекті мəселелердің қатарында Атырау қаласының «Нұрс ая», «Самал» шағынаудандары тұрғындарынан электр қуатының берілуінде үзілістің жиі болатынына көбірек шағым айтылады. Жағдайды ескере отырып, бұл мəселені айрықша бақылауда ұстап отырмыз, — дейді Əлібек Мұханбетəлиев.
Осы жағдайды қалыпқа келтіру үшін қала бюджетінен бөлінген қаржыға жасалып жатқан жаңа трансформаторлық подстанцияның жобалық-сметалық құжаттамасын келесі жылдың соңына дейін аяқтау межеленген. Айтпақшы, «Лесхоз» шағынауданындағы №100 подстанция арқылы «Нұрсая» мен «Самалды» электр қуатымен жабдықтайтын жерасты кабелі өтеді екен. Алайда, жерасты суының құрамында тұз көп болғандықтан кабель тозып, тотығып кеткен. Оған қоса, сол жерден үй салынып, кабельдерді бүлдіріпті. Сол себепті, жаңадан жүргізілетін кабельді темірбетон науаларға салу көзделген. Мамандар кабельдің сырты полиэтилен материалмен де қапталатынын айтады. Ол желінің жарамдылық мерзімін мейлінше ұзартып, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кепіл болады екен. Оның үстіне тиімділігі мен монтаждау кезіндегі үнемділігі жағынан да жаңадан төселетін кабельдің артықшылықтары көп екен. Дамыған елдерде көптен бері қолданылып келе жатқан күштік кабельдерді 40-50 жылға дейін алаңсыз пайдалануға болатынын тəжірибе көрсетіп отыр. Қалалық бөлім басшылығының есебінше, бұл бағытта жоспарланған жұмыстарды 2023 жылы толықтай аяқтау межеленген.
ИЕСІЗ ЖЕЛІ БОЛМАУЫ ТИІС
Атырау қаласының əр ауданында қолданыстағы электр желісінің бойында кернеудің тапшылығы – бүгінгі таңдағы үлкен проблемалардың бірі. Күні бүгінге дейін мұндай нүктелердің саны 40-қа жеткен. Ол үшін осынша трансформатор сатып алыныпты. Қала əкімдігі енді сол станцияларды қосалқы бөлшекпен жəне қосымша жабдықтармен толықтыру мақсатында мемлекеттік сатып алуға ашық электронды конкурс жариялаған. Оның нəтижесі жылдың соңына қарай белгілі болмақ. Атырау теміржол бөлімшесіне қарасты ЭЧ-4 кəсіпорнының теңгеріміндегі элект р желілері де жөндеуді қажет етеді. Қала аумағындағы «Қара депо», СМП-163 шағынаудандары мен Махамбет көшесіндегі желіні жаңарту облыстық энергетика жəне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының құзырында. Қазір жобалау-сметалық құжаттама жасауға қажетті қаражат бөлініп, электро-монтаждау жұмыстарын атқаратын мердігер мекеме де анықталған. Жұмыс келер жылдың соңында аяқталған соң ЭЧ-4 мекемесінің теңгеріміндегі электр желілері қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі жəне автомобиль жолдары бөлімінің балансына өтеді.
АПАТТЫҢ ЖИІЛЕУ СЕБЕБІ…
Ашығын айту керек, соңғы кезде атыраулықтардың бірнеше сағат, кейде тіпті тəулік бойына жарықсыз қалатын сəттері жиіледі. Мұның басты себептерінің бірі ретінде бөлім басшысы Əлібек Мұханбетəлиев бірнеше жекеменшік т рансформаторлық подстанцияның қалалық электр желілеріне қосылуынан екенін атап көрсетті. Техникалық талаптар бойынша олар да белгілі бір мерзімде маман дандырылған мекемемен арадағы келісім-шартқа сəйкес, жай жөндеуден өткізіліп тұруы тиіс. Десек те, жекеменшік подстанция иелері түрлі сылтауды алға тартып, одан бас тартады да, жоспарлы жөндеу шаралары кейінге шегеріліп, желілер ақауға ұшырайды. Ақыры, апат кезінде электр қуатын тезірек іске қосуға қолбайлау болатыны жасырын емес. Осылайша, салғырттық пен жауапсыздықтың салдарынан трансформаторлар кез-келген сəтте істен шығып, тұтастай шағынаудандар мен елді мекендер жарықсыз қалады. Тұтынушылардың орынды реніші осыдан туындайды.
– Егер бір ғана подстанция істен шықса, «Атырау-Жарық» АҚ-нан бөлінген авариялық бригаданың ақаудың қайсысынан орын алғанын анықтау үшін барлық подстанцияны тексеріп шығуға мəжбүр. Бұл қыруар уақыт алады. Келеңсіздіктің қайталанбауына кепілдік беретіндей, жекеменшік подст анциялардың қожайындарына қатысты қатаң шара алу үшін қала əкімдігі энергоқадағалау қызметінің атына арнайы хат та жолдады. Онда мəселенің түпкілікті шешімін табуы үшін келісім-шартты қайта қарап, оның мүлтіксіз орындалуын бақылауға алу қажеттігі қаперге берілді, — дейді Əлібек Мұханбетəлиев.
Бүгінгі күннің басты тақырыбына айналып отырған өзекті мəселеге орай, «Атырау-Жарық» АҚ-ның вицепрезиденті Мейірбек Ғұбашев те өз ойын ортаға салды. Оның айтуынша, кəсіпорынның теңгеріміндегі жалпы ұзындығы 9,5 мың шақырым əуелік электр желісі ұзын саны 1686 подстанцияға топтастырылған екен. Мұның сыртында қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі жəне автомобиль жолдары бөліміне қарасты 1867 шақырым электр желісінің 45,7 шақырымы (кернеу мөлшері 110 кВт) жəне қосалқы жинақтаушы 831 подстанция бар. Сондай-ақ, ЭЧ-4 мекемесінің электр шаруашылығы мен 3132 ведомстволық жəне жекеменшік подстанцияның техникалық күтімі де «Атырау-Жарықтың» міндетіне кіреді. Бір анығы – «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, пəленің бəрі трансформаторлық станцияларды меншігіне алғанмен, тиесілі міндетін орындамай отырған заңды тұлғалардың жауапсыздығынан туындап отыр, ол айна-қатесіз ақиқат. Ал, заңдылыққа сəйкес жəне белгіленген ереже талаптары бойынша əрбір станцияның қожайыны қолында жөндеу жұмыстарын жүргізуге арнайы рұқсат қағазы бар мамандандырылған мекемемен келісім-шартқа отыруға міндетті. Оған бейіл бермесе, өзі штатқа осының бəрін жасайтын маман алуы тиіс. Айтпақшы, осының барлығын жіпке тізіп, республика Энергетика министрлігі атомдық жəне энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша департаментіне хат та жолданыпты. Алайда, шағын жəне орта бизнес субъектілерін тексеруге қатысты жарияланған мораторийді бетперде қылып ұстанған кəсіпкерлер бұған мүдделілік танытпақ түгілі, заңды талапқа да құлақ аспай жүрген көрінеді.
ҮЙ ЖАҢА, ЕРЕЖЕ ЕСКІ
– Сан мəрте айтылып, сабақ боларлықтай шарасын алу жөнінде ұсыныс берілгенімен, əрқайсысы меншіктеп алған трансформаторды құлыптап қойып, қажет кезінде орнынан табылмай қинайтын салалық кəсіпкерлерге неше жерден айыппұл салынып, қателігі бетіне басылса да айылын жияр түрі жоқ. Ал, апат болса, бар ауыртпалықты арқалап, азабын тартатын баяғыша сол энергетиктер. Тəжірибеден байқап жүргеніміздей, жарықсыз қалатын көбінесе жаңа шағынаудандар мен жеке тұрғын үй секторы. Бұларды қамтитын да негізінен кəсіпкерлерге сенімгерлік басқаруға немесе жекеменшікке берілген подстанциялар. Ал, қаншалықты ескіріп, тозығы жетті десек те, əуелден «Атырау-Жарық» АҚ мен қалалық электр жүйесіне қарайтын желілер қайткенде де сыр бермей, шыдап бағады, — деп түсіндірді Мейірбек Ғұбашев мəселенің мəнісін.
Жасыратыны жоқ, елімізде қабылданған құрылыс нормалары мен ережелері бойынша көп пəтерлі жаңа үйлерге 1,6-2,2 Квт-тық электр желісі тартылуы тиіс. Негізінде, осының өзі электр қуатымен қалыпты қамтамасыз етуге жеткілікті. Алайда, бір пəтерде кемінде сплит-жүйелі екі салқындатқыш орнатылғанын ескерсек, бұл аздық етеді. Есептеп қарасақ, дəл осындай жағдайда бір ғана пəтердің тұтынатын электр қуатының көлемі əдеттегіден үш-төрт есе өсіп, 7 Квт-қа дейін жетеді. Ал, ескі ережеге сүйенген монтажташылар жаңа үйлерге желі тартқанда, нақты қажеттіліктің көлемін қаперге алмайды. Тіпті, электр кабельдерінің ток өткізгіштік қабілеті де ескеріле бермейді.
ҚАУІПСІЗДІК ПЕН СЕНІМ – БАСТЫ НЫСАНА
Əңгімеміздің əлқиссасында айтқанымыздай, басқа ларымен салыстырғанда проблемасы басымдау «Нұрсая» жəне «Самал» шағынаудандарын сенімді қуат көзімен қамтамасыз етіп, қалыпты жағдайға келтіру үшін əуелі мұндағы кабельдердің мəселесін шешіп алу керек. Өткен жылдары іске қосылған 50 трансформаторлық подстанция шаһардағы электр желілерінің жүктемесін айтарлықтай жеңілдеткені де рас. Биыл тағы да 40 трансформатор қойылмақшы. Əйткенмен, əу баста кешенді түрде, кең ауқымда жоспарланбағандықтан, тағы бір түйткілді мəселе шығып тұрғанын да компанияның өкілі жасырмады. Ол – ескі кабельдерді жаңарту жайы. Мұндай кабельдің жалпы ұзындығы – 135 шақырым. Енді осы жобаның жүзеге асуын тұрғындар да, мамандар да асыға күтіп отыр. Дегенмен, бұл жерде де ескерілер жайлар аз емес. Ең алдымен, кабельді жүргізгенде əр өңірдің табиғи климаттық ерекшелігін қаперге алған дұрыс. Мəселен, Атырау, Ақтау мен Павлодар қаласын өзара салыстыруға келмейді. Бізде жаз айрықша ыстық болғандықтан, электр энергиясын тұтыну деңгейі де күрт өсіп, тапшылық пайда болады. Мысалы, қала аумағындағы Талғайраң ауылына ток тасымалдайтын жоғары кернеулі желінің бойында кернеу шамадан тыс төмендеп кеткендіктен ұзақ уақыт жарықсыз қалуға мəжбүр болды. Қазір қалада 5 авариялық жөндеу бригадасы жұмыс жасайды. Қолданыстағы электр желілеріндегі ақаулықтарды ретке келтіріп, қалыпты жұмыс режимін сақтауға осы құрам жеткілікті. Десек те, табиғаттың тосын құбылыстарына, төтенше жағдайлардың орын алуына байланысты, яғни апатты жағдайлар орын алғанда бұлардың саны 20-ға дейін көбейтіледі. Қайткенде де бар күш пен мүмкіндік жұмылдырылып, тұрғындарды жарықсыз қалдырмаудың қамы жасалады. Энергетиктердің алдында тұрған басты міндет – жағдайдан уақытша ғана шығып кетуге қарекет қылумен шектелмей, энергиямен жабдықтауды сапа жəне қауіпсіздік тұрғысынан жақсарту. Ол үшін жергілікті жəне сырттан тасымалданатын энергияның көлемін ұлғайтып, сенімді қор жасақтау керек. мұны қамтамасыз ету үшін Атырау облысын еліміздің бірыңғай энергетика жүйесіне біріктіру мəселесі де əзірге жоба күйінде қалып отыр.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – жарықтың жарылқаған күні жоқ. Сəл шегініс жасасақ, екі мыңыншы жылдардың басындағы, дəлірек айтқанда 2001 жылғы статистикалық мəліметтерге көңіл бөлсек, көп дерекке қаныққан болар едік. Сол кездің өзінде облыс орталығы өзі 7 ауданға немесе учаскеге бөлінген екен. Қала бойынша бірыңғай энергия өткізу (қазіргі «Атырауэнергосату» мекемесі) қызметі сол кезде құрылған. Қызметкерлердің штаттық саны көбейтіліп, бақылау күшейтілді жəне абоненттермен жұмыс жолға қойылды. Нəтижесінде, тұтынушылардың нақты пайдаланатын энергия көлемі ұлғайтылып, қызмет көрсету мəдениетінің деңгейі жақсарды. Тұрғындардың қызмет көрсетуші кəсіпорынға берешегі азайып, ақысын тұтынғанына қарай төлейтін болды. Жылумен жабдықтауда да осындай оң қадамдар жасалды. Алайда, жыл санап электр қуатын тұтыну нысандарының (негізінен, көп қабатты үйлер мен жеке сектор) көбейіп, энергиямен жабдықтайтын компаниялардың мүмкіндігі шектелуі салдарынан елеулі қиындықтар туындады, күрмеуі күрделі проблемалар қордаланды. Өкінішке қарай, түрлі жоба-жоспарлар қабылданып, жұмыстар жасалса да, жүйені түбегейлі өзгертуге қол жеткен жоқ. Энергиямен қамтуда түзетер кемшілік, орнына келтірер олқылық əлі де бар. Бұған жол бермес үшін жоспарлы да жүйелі іс, əлеуетті арттырар əрекет керек екенін тағы бір мəрте қайталағанның сөкеттігі болмас. Өйткені, Президенттің халыққа Жолдауында жүктелген маңызды міндет, басымдық берілген бағыттың бірі де осы екенін естен шығармағанымыз абзал.
Дəулетқали АРУЕВ