АТЫРАУДАҒЫ КОНЦЕРТ ЗАЛЫ ҚАШАН АШЫЛАДЫ?
АТЫРАУДА ҚАДАСЫ ҚАҒЫЛЫП, ҚАБЫРҒАСЫ ҚАЛАНҒАНЫМЕН, «ҚАҢТАРЫЛЫП» ҚАЛҒАН НЫСАНДАР АЗ ЕМЕС. КЕЙБІРІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛҒАНЫНА 10 ЖЫЛДАН АСТЫ. АЛАЙДА «САҚАЛДЫ» ҚҰРЫЛЫСҚА АЙНАЛҒАН НЫСАНДАР ҚАШАН ҚАТАРҒА ҚОСЫЛАДЫ? БҰЛ САУАЛ ӘЗІРГЕ ЖАУАПСЫЗ ҚАЛЫП ОТЫР.
Мұнайлы шаһарда 12 жыл бұрын концерт залының құрылысы жедел жүргізіліп еді. Оның құны – 3 млрд 681 млн теңге. Әрине, аз қаржы емес. Бірақ қабырғасы әйнекпен көмкерілген концерт залының құрылысы 2012 жылы күрт тоқтады. Сол жылдан бері аталған нысанның айналасында қыбыр еткен жан көрінбейді. Басқаша бейнелегенде, он жыл бойы төрт аяғы шідерленген аттай «қаңтарылып» тұр. Құрылыстың тоқтауына не себеп болғаны да ашып айтылмайды. Он жылдан бері облысты басқарған әкімдер бұл нысанның құрылысын қайта жандандыруға асық болғаны жасырын емес. Сол үшін бюджеттен тағы қаржы шығаруға дәті бармады ма, әйтеуір бұл нысанға инвестор іздеумен келеді. Қаржы салуға ниет білдірген инвесторлар табылғанымен, олардың тарапынан нақты әрекет байқалмады. Құрылыс саласына жауапты шенеуніктер концерт залын бастапқыда сауда-ойын-сауық орталығына айналдыруды көздеді. Кейін кәсіпкерлер тарапынан оны мектеп, не балабақша ретінде қайта жобалауға ұсыныс айтылған болатын. Алайда мұның бәрі тек ұсыныс түрінде айтылып, «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалды. Концерт залымен «құрдас» тағы бір нысан бар. Бұл – монша-сауықтыру кешені. Екеуі де бір көшенің бойында орналасқан. Монша-сауықтыру кешенінің жобалық құны – 840 млн теңге. Аталған нысанның да құрылысы 2012 жылдан бері қайтадан қолға алынбады. Бұған байланысты бастапқы мақсатында пайдалануға беру, не жеке емханаға бейімдеу туралы екі нұсқа айтылғанымен, «бәлду, бәлду – бәрі өтіріктің» кебін киіп тұр.
– Қазір тоқтап қалған құрылыс нысандарының саны анықталып жатыр. Сондай нысандардың қатарында мәдениет ошақтары, тұрғын үйлер бар. Қазір нысандар құрылысының не себепті тоқтатылғанын зерделеп жатырмыз, – дейді облыс әкімі Серік Шәпкенов.
Облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрберген Құсайыновтың мәліметінше, қазір бюджет қаражаты есебінен құрылысы жүргізіліп жатқан 28 әлеуметтік нысан бар. Оның ішінде 10 нысанға байланысты проблема туындады. Сондай нысандардың қатарында 1 мектеп, 4 мектептің жапсаржайы, 2 мәдениет үйі, 2 дәрігерлік амбулатория, 1 спорт залы бар. Бұл нысандардың төртеуіне қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Мәселен, Қызылқоға ауданының Мұқыр ауылында мәдениет үйінің құрылысы тоқтағалы жылдар жылжып барады. Құны 301 млн теңгеге бағаланған нысанның құрылысы 2017 жылы басталды. Сол кезде ауыл тұрғындарының қуанышында шек болмады. Өйткені жаңа мәдениет үйі 2018 жылдың күзінде пайдалануға берілетіні жоспарланған еді. Алайда енді оның пайдалануға берілетінінен бұрын қашан қайта жанданатыны нақтыланбай отыр. Ауылдың келбетін бұзған сұрықсыз нысанға айналған мәдениет үйінің шатыры жабылмаса да жиырмаға жуық терезе орнатылыпты. Сонда шатыры жоқ нысанға терезе неге керек? Тіпті бір бөлмесінде терезе жобаланбаған. Іргетасы жарылып жатыр. Осындай кемшілігі де көп, құрылысы да тоқтаған нысанның зарын ауылдағы мәдениет саласының қызметкерлері тартып келеді. Мұқыр ауылдық клубының директоры Асқар Есенғалидың айтуынша, 15 жылдан бері мектептің акт залын жалға алған. Музыкалық аспаптары қуықтай бөлмеде тұр. Өздері де сонда отырады.
– Мектептің акт залын ауылдық клубтың жалға алғаны бізге оңай болмай тұр. Өйткені мектептің де өткізетін тәрбиелік іс-шаралары бар. Клуб пен мектеп бір мезгілде іс-шара өткізуді жоспарласа, бір-бірімізге кедергі келтіретінімізді жасыра алмаймын, – дейді Мұқыр орта мектебінің директоры Венера Мырзағали.
Дәл осындай жағдай Махамбет ауданындағы Сарытоғай ауылында да қайталанып отыр. Қазақпен бірге бірнеше этностың өкілі тұратын ауылдағы жаңа мәдениет үйінің құрылысына 260 млн теңгеге жуық қаржы қаралған. Алайда бөлінген қаржы аздық етті ме, әлде өзге себебі бар ма, мәдениет ошағының құрылысы тоқтағалы бес жылға жуықтады. Қазір жаңа ғимараттың «қаңқасынан» басқа ештеңе жоқ. Нысан құрылысына екі рет мердігер тартылғанымен, жұмыс ырғағы байқалар емес. Ал ауылдағы 70 жылдай бұрын салынған мәдениет ошағына жөндеу жүргізілгенімен, ескінің ескі екені әбден сезіліп тұр. Сол ескі ғимаратта 80 өнерпазды біріктірген бес өнер ұжымы жұмыс істейді.
Ал Исатай ауданында 2019 жылы құрылысы басталған 60 пәтерлік үш тұрғын үйдің құрылысы әлі аяқталар емес. Үш үйдің құрылысына 1 млрд 765 млн теңге бөлініпті. Осы салаға жауапты шенеуніктер тұрғын үй «жырының» созылуына екі себепті алға тартып отыр. Біріншісі – коронавирус инфекциясының өршуі, екіншісі – Ақтөбе облысынан қажетті кірпіштің уақтылы жеткізілмеуі. Дәл осындай 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы Мақат ауданында да мерзімінде аяқталмай қалғаны анықталып отыр. Басқасы басқа, тұрғын үй құрылысына немқұрайды қарауға бола ма?
– Егер мердігер кестеге сай жұмыс істей алмаса, келісімшартты тоқтатып, басқа мердігерді іздеуі керек. Осылай жұмыс істейтін болсақ, кәсіпкерлер де осы тәртіпке үйренеді. Құрылыс жүргізу ісі қолынан келмейтін болса, келесі жолы мұндай жұмыстарға араласпайды. Қазір кейбір елді мекендерде клуб та, мектеп те, спорт залы да, асхана да жоқ. Ауылдардың тұрғындары осындай әлеуметтік нысандардың пайдалануға тез берілгенін күтіп жүр. Мердігерлер тарапынан құрылысты сапасыз аяқтау мәселесіне көңіл бөлінеді. Сондықтан осындай келеңсіздіктерге жол бермес үшін нақты алгоритм дайындап, соған сәйкес, жұмыс істейміз, – деп талап қойды облыс әкімі Серік Шәпкенов.
Әрине, әкім орынды талап қойып отыр. Алайда мердігерлер бұл талаптың үдесінен шыға ала ма? Бұған төреші – уақыт. Ал өңір жұртшылығы әсіресе, әлеуметтік нысандардың құрылысы сапалы әрі мерзімінде пайдалануға берілгенін күткелі қашан?
Жолдасбек КӨШЕРБАЙҰЛЫ