МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ БИЫЛҒЫ ҮКІМЕТТІҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН МӘЖІЛІСІНДЕ КӘСІПКЕРЛЕР ҮШІН БАРЛЫҚ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛҒАНЫН, ЕНДІГІ КЕЗЕКТЕ ЖЕРГІЛІКТІ ЖЕРДЕГІ ӘКІМДЕР САПАЛЫ ЖҰМЫСТЫ ҰЙЫМДАСТЫРУЫ ҚАЖЕТ ЕКЕНІН АЙРЫҚША АТАП АЙТҚАН БОЛАТЫН. ЕНДЕШЕ, ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ ӨҢІРЛЕРДЕ ҚАЛАЙ ЖӘНЕ ҚАНШАЛЫҚТЫ ОРЫНДАЛУДА? АТАКӘСІПТЕН НӘСІБІН ТЕРІП ОТЫРҒАН ҚАРАПАЙЫМ ШАРУАЛАРДЫ БҮГІНДЕ НЕ МАЗАЛАЙДЫ? БҰЛ САУАЛДАРҒА ЖАУАП ІЗДЕУ МАҚСАТЫНДА БІЗ АЛЫС АУЫЛДАРҒА БАРЫП, АРНАЙЫ РЕПОРТАЖ ҰЙЫМДАСТЫРҒАН ЕДІК.
Мақатта отырып, Қызылқоғаға қарайды
Мақат ауданындағы Белқұдық деген елді мекенде «Ербол» жəне «Жұмақұл» деген екі шаруа қожалығы бар. Бір қызығы, біреуі əкімшілік аумағы бойынша Мақат ауданына, ал, екіншісі қырдағы Қызылқоғаға қарайды. Біз алдымен осында 2004 жылдан бері жылқы мен түйе малын өсірумен айналысатын «Ербол» шаруа қожалығына табан тіредік. Оның иесі Ербол Ахметов осы жерде ширек ғасырдан астам уақыт тұрып келеді екен. Жігіт ағасы тəуелсіз ел атанғанымызға отыз жылдан асқанымен, əлі де жарық пен су мəселесінің шешілмегеніне қынжылыс білдіреді.
– Бұрын біздің шаруашылық аумақтық бөлінісі бойынша Қызылқоға ауданына қараса, қазір Мақат ауданына ауысты. Сондықтан қандай ма проблема туындай қалса, Мақат ауданының əкімшілігіне хабарласамыз. Ал, бізде мəселе жетерлік. Оның бəрін тізбелей берсек, айтып тауыса алмаспыз. Сондықтан тек маңыздыларын ғана атап өтейін. Егер мал шаруашылығына ең қажеттісі жарық пен су болса, бүгінде оның екеуі де бізде атымен жоқ. Қазіргідей жаз мезгілінде судан тапшылық көрмейді деп ойласаңыз, қателесесіз. Себебі, ми қайнатар шілденің шіліңгір ыстығында мал суаратын құдықтың суы тез бұзылады. Мұның үстіне, бұл – жер астынан шығып жатқан ащу су. Оны ішкен мал ауырмағанда қайтеді? Ал, оны емдеп алатын ветеринар тағы тапшы. Əйтеуір, мал аман болса, жан да тыныш болар деп жүре береміз. Əйтсе де, мəселені шұғыл шешпесе, оның залалы мен зардабы ұлғая беретінін ескеру керек, — деді ол.
Су тапшы…
Оның айтуынша, бұрын жерасты суына арналған қазаншұңқыр (котлован) болған екен. Бірақ, уақыт өте келе мал саны көбейіп, бəрі осы жерден су ішкен соң, бұл котлованның да көзі бітеліп, суы сарқылған. Өйтпегенде ше?! Өткен ғасырдың 80-ші жылдары қазылған бұл шұңқырға енді ешкімнің өкпесі жоқ шығар. Бір жағынан, бұған кезінде қазаншұңқырдың айналасын қоршап, жалғыз су көзін сақтай алмаған тұрғындардың да немқұрайлығы кінəлі! Енді мал көбейген сайын су тапшылығы да өткір сезіліп отыр. Аталған ауылда атакəсіппен айналысып отырған онға жуық қожалық бар екен. Олардың жетекшілері де жергілікті жерде мал шаруашылығын дамытып, одан табыс тапқылары келетіндерін айтады. Ал, бұл үшін су керек. Онсыз тіршілік те жоқ.
«Қазір мал бағатын адам жоқ дейміз, — дейді кәсіпкер. – Ал, мұның себебін іздеп, зерттеу жүргізген біреу бар ма? Меніңше, кез келген адамның ауыл шаруашылығымен алаңсыз айналысуы үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуы тиіс. Рас, əркім кəсіпті өзі үшін ашып, өзі үшін кеңейтеді, көркейтеді. Өйткені, оның жемісін жейтін – өзі. Осы орайда, мемлекетке алақан жайған да артық. Əйткенмен, Үкімет бір реттік болса да көмек ұйымдастыруы қажет сияқты. Жаңа əндердің бірінде «ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» деген тамаша сөздер бар ғой. Ауыл – алтын бесік. Сондықтан оны көркейту тек сонда туып-өскендердің ғана міндеті емес. Ішерге су, жағарға жарық жетпей жатса, бəрімізге де сын деп қабылдауымыз қажет. Менің айтқым келгені, ауылға барып, еңбек еткісі келетін жандар жоқ емес. Тек оларды жазда жайлаумен, қыста қыстақпен қамту мəселесі ақсап тұр».
Иə, бір тамшы су үшін шаруаның шырылдауы өте орынды. Оның ойынша, мал ішетін суды құбыр арқылы жүргізу экономикалық жағынан тиімсіз. Расымен де, құбыр тартып, шығынға бататындай бұл ауыз су емес қой. Сондықтан мал өсіріп отырған шаруалардың айтып отырған ұсынысы – шамамен жүз метрдей тереңдікте жатқан тұщы суды пайдалану. Оның нақты қай жерде жатқанын білу үшін де ұңғыма керек. Ал, мұндай күрделі жұмыстарды ұйымдастыру санаулы шаруаның қолынан келе қоймайды. Демек, бұған мемлекеттен қаржылай қолдау қажет.
Жарық жоқ…
Жоғарыда айтқанымыздай, ауылды атакəсіппен асыраймын деген жанның алдымен материалдық[1]техникалық мүмкіншілігін молайту керек. Соның ішінде, ең маңыздысы – инфрақұрылым жүйелерін жүргізу. Əсіресе, электр қуаты шаруашылық үшін ауадай қажет. Біз осы ауылға жақын жерде Жолдыбай кен орны бар екенін білдік. Ендеше, тоқтың тұмсығы тиіп тұрмаса да, оны тарттырып алуға тың технологияның мүмкіндігі жететін шығар?! Белқұдық тұрғындары жақын арада су мəселесі шешілмесе, шаруашылықтың күйі кететінін айтып отыр. Əйтпесе күзгі соғымға сояр тұяқ табылмай қалуы мүмкін. «Жалпы, Мақаттың өзінде мал өсіру қиын шаруа. Себебі, онда жол қозғалысы қызып тұр. Яғни, мал көлікке қағылып өледі. Сондықтан шаруалар малды қырда ұстауға мəжбүр. Ал, онда жарқырап тұрған жарық та, қара су да жоқ. Сонда қайтпек керек? Шаруалардың əрқайсысы өсіріп отырған елу жылқы мен алпыс түйенің күйі кетсе, оларды кім сатып алады?» деп ашынады тұрғындар.
Әкімдіктен қолдау болса…
Ал, жоғарыда сөз еткен «Жұмақұл» шаруа қожалығы өз жұмысын бұдан тура 22 жыл бұрын бастаған екен. Қожалық жетекшісі Жұмақұл Жолдасқалиев жылқы, мүйізді ірі қара мен қой санын көбейтуді мақсат еткен.
– Шаруашылығым Мақат ауданында орналасқанымен, Мұқыр ауылдық округіне қарайды. Бізді де қинайтыны – су тапшылығы. Əсіресе, жаз мезгілінде су таппай сандаламыз. Қай жерде мал іше алатындай тұщы су бар екенін де нақты білмейміз. Кез келген жерді қаза бермейміз ғой. Бағыт-бағдар алу үшін мамандардың да ақыл-кеңесі керек. Бір ғана шаруаның қолынан не келеді? Соңғы кезде жерасты суы да тартылып кетті. Бұл тек бізде ғана болып жатқан жағдай емес. Табиғаттың күтпеген «тосынсыйлары» өзге өңірлерде де байқалып жатыр. Жасыратын несі бар, Жайықтың жағасын жайлаған жұрт қазір таза судың бағасын білмей отыр. Ал, алыс ауылдағы біз секілді шаруалар мал ішетін қара судың қадірін де енді түсініп жатқандаймыз, — дейді кəсіпкер.
P.S.
- …БІР ҚУАНАРЛЫҒЫ, ҚЫСҚЫ МАЛ АЗЫҒЫН ДАЙЫНДАУДА ӘЗІРГЕ ҚИЫНДЫҚ ЖОҚ ЕКЕН. ЖАЙЫЛЫМДЫҚ ЖЕР ДЕ, ШАБЫНДЫҚ АЛҚАПТАРЫ ДА ЖЕТКІЛІКТІ КӨРІНЕДІ. КЕРЕГІ ТЕК ЖАРЫҚ ПЕН СУ ҒАНА. ЕНДЕШЕ, ЖЕРГІЛІКТІ ӘКІМДІКТЕГІ ЖАУАПТЫ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ҚҰЛАҒЫНА АЛТЫН СЫРҒА! АЛ, ҚАЛҒАНЫН ШАРУАЛАР ӨЗІМІЗ ОҚСАТАМЫЗ ДЕП ОТЫР.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ