ЖҰМЫСКЕР ТҰРҒЫНДАРЫ ДА ТАҢДАУ ЖАСАДЫ
«Жұмыскер» ықшамауданындағы №244 сайлау учаскесіне 2600-ге жуық сайлаушы тіркелген. Солардың бірі – мемлекеттік қызмет саласының ардагері Тамара Амантурлина. Көп жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеген ол осы жолы кандидаттар арасындағы бәсекелестің жоғары болғандығын айтты. Үгіт-насихат жұмыстарының да тек ресми жиынмен шектелмегеніне риза. Мажоритарлық және пропорционалды сайлау жүйелерінің қолданылуы — депутаттар корпусының жаңаруына жол ашпақ деген пікірде. — Тағы бір ерекшелік – бәсекелестік. Бір мандатқа бірнеше кандидаттың түсуі. Қыздарымыз көп жақсы қатысып жатыр. Бұрын ер адамдар қатысатын, қыздар аз болатын еді. Осы сайлауда күтетінім депутаттық корпус жаңарады. Жаңарған корпус сайлаушылардың мүддесі үшін жұмыс жасайды деген үміттемін, — дейді ол.