Сайлау

ҚАР БАРЫСЫ, ДИВАН-БАТЫР, НИНДЗЯ-ТАСБАҚА, АДЫРАСПАНДЫ ӘЙЕЛ ДАУЫС БЕРДІ (+ВИДЕО)

Бүгін елімізде Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау өтіп жатыр. Сағат 14.00-ге дейін сайлаушылардың 46,84% дауыс беріп үлгерген. Олардың арасында ерекше образымен есте қалған тұрғындар да бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Мәселен Қонаев қаласының тұрғыны Нұрбек Орманов сайлауға облыс орталығының бас белгісіне айналған барыстың костюмін киіп келген. «Егеменді ел ертеңі жастардың қолында, біз жастар ұшқыр ойлы, жасындай жарқылдап тиянақты еңбек етсек Отанымыздың болашағы биікте болмақ. Мен барыс киімін киген себебім бүгінгі сайлауға өзгеше ажар бергім келді және Қонаев қаламызға деген биік құрметті символы арқылы суреттеуді қаладым. Бірақ бүгінгі әр азамат өз таңдауын жасаған айрықша сәтте бұл маңызды емес, мәндісі дауыс беру алаңынан ешбір тұрғынның қалыс қалмауы, өз таңдауы арқылы бедерлі болашаққа жол жалғауы болмақ», – дейді ол. Ал талдықорғандықтар сайлау учаскесіне желмаямен жеткен. Түйеге мініп, дауыс беруге келгендер арасында 35 жастағы Ұлан Байзақов та бар. Ол соңғы 15 жылда түйе асыраумен айналысып келеді. Ұланның айтуынша, бұл жануарды асырау оңай емес, дегенмен қос өркешті қастерлі малдың иесі болу бір ғанибет. «Аптаның демалыс күндері түйемді орталық саябақтарға алып шығамын. Үстіне мінгеніне қуанған балаларды көрудің өзі бақыт. Осындай қызмет көрсетуден тапқан қаражатты түйенің жем-шөбіне, дәрі-дәрмегіне жұмсаймын. Бүгінгі сайлауға ертелетіп келіп, дауыс бердім. Себебі күні бойы түйе бағымына қатысты атқаратын шаруам көп», – дейді Ұ. Байзақов. Петропавлда көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында қар шығару жұмыстары қызған. Сондықтан коммуналдық кәсіпорын жұмысшысы сайлауға қатысуға тракторымен келген. Болатбек Кәрімов таңдауын жасасымен-ақ дереу жұмыс орнына аттанған. «Тракторшы болып еңбек еткеніме 20 жыл. Бізге жақсы өмір сүру үшін көп нәрсе керек емес, алдымен елде тыныштықтың болғанын тілейміз. Бала-шағамызды асырау үшін тұрақты жұмыс, ең бастысы ертеңге деген сенім керек. Өзім сайлаудан қалмауға тырысамын. Бүгін де жұмыста жүрсем де жарты сағатқа сұранып, өз таңдауымды жасап кеттім», – дейді Болатбек Кәрімов. Сондай-ақ, Астананың №10 сайлау учаскесіне «ниндзя тасбақалар» дауыс беруге келген. Осылайша, Леонардо, Рафаель, Донателло, Микеланджело Қазақстандағы саяси өзгерістерге «бей-жай қарамайтынын» білдірді.

Тағы бір астаналық ер адам сайлауға Диван батыр кейпінде келді. Оның образынан үй киімін, қуаттағыш сымы бар телефонын және жамбасына жабысқан қызғылт диванын байқауға болады. Бұл сайлауда елордалық тұрғындардың әзіл-қалжыңы ерекше байқалады. Желіде Астанадағы сайлау учаскелерінің бірінде Адыраспан түтеткен әйелдің де видеосы тарады. Бұл әрекетімен тіл-көзден, бәле-жаладан нақты кімді қорғағысы келгені белгісіз. Астананың Оқушылар сарайындағы №139 учаскеде бір топ қыз-жігіт жартылай жалаңаш, жаздық киіммен дауыс беруге келді. Оны қоғам белсендісі Насима Қорғанбекова жариялады. «Астанада қар жауып тұр! Бұл суреттің күштілігін бағамдай беріңіз», – деп жазды Н. Қорғанбекова.

Related Articles

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button