Жаңа есімдердің шығуына мүмкіндік береді

azamatov sailau e1679229525629 600x400 1 Сайлау

​Бүгінгі елімізде өтіп жатқан Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы еліміз үшін тарихи сәт. Былтырғы ата-заңымызға енгізілген өзгерістерден кейін өткізіліп жатқан алғашқы сайлау. Қазіргі заңнамаға сәйкес, бұл жолғы саяси доданың басты артықшылығы – сайлаудың аралас сайлау жүйесі бойынша өтуі. Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізімнің пропорционалдық жүйесі бойынша, ал 30 пайызы мажоритарлық жүйе бойынша іріктелетіні мәлім. Облыстық мәслихаттар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттары деңгейінде депутаттық корпус 50/50 пайыздық арақатынаста құрылады. Осылайша облыстық мәслихаттар толығымен мажоритарлық жүйе бойынша сайланады.
​Мажоритарлық жүйе ешқандай саяси партияға мүше емес белсенді азаматтарға, әлеуметтік желі белсенділеріне, қоғамдық-саяси өмірге араласып жүрген белсенділерге саяси ұпай жинауға мүмкіндік береді деп есептеймін. Себебі, бұған дейін депутат атану үшін белгілі бір саяси партияның мүшесі болу керек болатын болса, осы жолғы сайлауда өзін-өзі ұсынушылар, бір мандаттық округтер бойынша өз алдына депутат атануға мүмкіндігі бар. Бұл өз кезегінде көп азаматтардың саясатқа келуіне, өзін-өзі басқару мәселесіне араласуына жақсы мүмкіндік деп білемін. Мәслихаттар арқылы осындай азаматтар көптеп келсе, бюджеттің тиімді пайдаланылуы, аумақтың, қаланың, ауданның даму бағдарламалары бойынша өзінің ұсыныстарын беруге жақсы мүмкіндік береді. Сайлау науқаны қызыққа және тартысқа толы болды деп айтуға болады. Бұған дейін бір мандаттық округтен адамдар қатыспағаннан кейін, көп адамдарды танымайтын едік. Әлеуметтік желі арқылы, үгіт-насихат жұмыстары арқылы таныс бола бастадық. Алайда, соңғы жағына қарай тұрғындардың, сайлаушылардың үгіт-насихат жұмыстарынан шаршағандығы байқалған секілді. Өйткені, көп ақпарат бір мезетте берілген кезде кімнің қандай бағдарлама ұсынып жатқандығын шатастырды деп есептеймін. Осы сайлау жүйесі бұрын саяси аренада болмаған тұлғаларды шығаруы әбден мүмкін. Бүгін бастау алып жатқан сайлаудан сондай азаматтардың танылуына зор мүмкіндік деп санаймын.

Арман АЗАМАТОВ, қоғам белсендісі

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз