Жарнама
Сайлау

Сайлауға дайындық қалай?

Алдағы жексенбіде облыс бойынша 412 165 сайлаушы Қазақстан Республикасы Мәжілісі мен мәслихаты депутаттарын сайлайды. Осыған байланысты Атырау қаласында кезектен тыс саяси науқанды өткізу мәселелері мен тәртібі бойынша семинар-кеңес ұйымдастырылып, дайындық барысы талқыланды.

Заңдылық сақталуы тиіс

Семинар-кеңестің жұмысына қатысқан Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавхат Өтемісов бұл жолғы сайлаудың ерекшелігіне тоқталды. – Биылғы сайлаудың басты ерекшелігі – Конституциядағы жаңа өзгерістерге байланысты мажоритарлық жүйе бойынша өткізілуі. Учаскелік комиссиялардың мүшелеріне ерекше ауыртпалық түскелі тұр. Бұрын бір-екі бюллетеньнен болатын болса, енді өңірлердегі әрбір дауыс беруші 5 бюллетень алады. Осы жағдайларды ескеріп, практикалық форматта семинар өткізуді жөн көрдік. Аймақтарды аралағанда жиі кездесетін кемшіліктердің қатарында сайлау учаскесі орналасқан ғимаратта тиісті ақпараттық мәліметтердің болмайтындығы немесе толыққанды толтырылмайтындығы байқалады. Кейбір жерде кандидаттар туралы мәліметтер де жеткіліксіз болады. Сайлау учаскесіне келген әр адам өзіне қажетті ақпаратпен танысуы қажет. Байқаушылар отырған жерге сайлау жәшігі жақын болуы керек. Өйткені, байқаушы әрбір салған бюллетеньді көріп отыруы міндетті. Сондықтан, байқаушыларды сайлау процесіне қатысатын әріптес қана емес, көмекші ретінде қабылдауымыз қажет. Қай жерде байқаушылардың жұмысы дұрыс ұйымдастырылса, сол жерде сайлау таза әрі ашық өтеді, — деді Шавхат Өтемісов.

Оның айтуынша, бұл сайлауда заңдылықтардың қатаң орындалуы бақыланады. Учаскелік комиссия мүшелерінен бастап, сайлау процессіне қатысатын адамдар өз құқықтары мен міндеттерін жетік білуі тиіс. Сондықтан да электоралдық оқыту мәселесі қолға алынған.

Семинарда практикалық жұмыстар жүргізіліп, туындаған мәселелерді талқылап , оны бірлесе шешу жолдары қарастырылды. Қазіргі талапқа сәйкес, республикалық деңгейдегі байқаушы ұйым өз өкілдерін Орталық сайлау комиссиясынан, ал, жергілікті жердегі ұйымдар аумақтық комиссиялардан аккредиттеуден өтуі қажет.

Бүгінгі таңда өңірлерде аумақтық сайлау комиссияларына 265 ұйым байқаушы болуға өтініш білдіріп, оның ішінде 201-інің өтініші қанағаттандырылған. Бұл жұмыс сайлау күніне дейін жалғасады. Атырау облысы бойынша 12 ұйым өтініш білдіріп, 5 қоғамдық бірлестік байқаушы болып тіркелген. Атап айтқанда, «Жастар таңдауы Атырау» ҚБ, «Атырау облысының Кәсіп одақтар орталығы» аумақтық» ҚБ, «Атырау облысының Азаматтық Альянсы» ЗТБ, «Жәрдем Атырау» КҚ, «Азаматтық қоғам» ҚҚ аккредиттеуден өтті. Халықаралық байқаушылар тарапынан да сайлауға қатысуға қызығушылық байқалып отыр. Бүгінде 12 халықаралық ұйым, 41 шет мемлекеттен 793 байқаушы аккредиттелді. Ұзақ мерзімге келген байқаушылар облыстарға шығып, жұмыстарын атқарып жатыр. Атырау облысында АҚШ пен Нидерландыдан келген халықаралық деңгейдегі 2 байқаушы бар. Семинар барысында облыс әкімі аппаратының басшысы Болат Исақов сайлауды ұйымдастыру және материалдықтехникалық жағдайы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті. Оның айтуынша, облыс бойынша 269 сайлау учаскесі бар. Ал, оның 196-сы білім беру, 48-і мәдениет, 11-і денсаулық сақтау ұйымдарында және 13-і квазисекторда, 1-еуі Индер ауданындағы жеке тұрғын үйде орналасқан. Барлық учаскелер материалдық-техникалық құралдармен жабдықталған.

Тәртіп – басты міндет

Семинарда облыс прокурорының бірінші орынбасары Бекжан Ермұханбетұлы сайлау науқанының барлық кезеңінде заңдылықтың сақталуын қадағалауды қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс туралы баяндады.

– Сайлау құқықтарына қатысты осы және басқа да әкімшілік істерді қозғау прокурордың айрықша құзыретіне жатады. Бұл ретте, азаматтар өздерінің сайлау құқығы бұзылған жағдайда, өз бетінше тікелей сотқа жүгіне алады. Мұндай жағдайда аталған санаттағы істерді бірден соттар міндетті түрде прокурордың қатысуымен қарайды. Бүгінде мониторинг жұмыстарының нәтижесінде облыс прокуратурасы сайлауға байланысты 2 заң бұзушылық фактісін анықтады.

Бұл деректер бойынша прокуратура арқылы тиісті әкімшілік жауаптылық мәселелері қаралуда. Бұдан өзге, сотта прокурордың қатысуымен сайлау комиссиясының әрекеттеріне қатысты 7 іс қаралды. Облыс прокуратурасына сайлауға қатысты 4 арыз түсіп, қаралды, — деді Бекжан Ермұханбетұлы.

Одан соң, облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ерлан Биғамбаев сайлау кезеңіне дайындық жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында департаменттің арнайы штабы және жұмыс тобы құрылғандығын жеткізді. – Облыс бойынша 269 сайлау учаскесі белгіленді. Оның 127 объектісі қалада, 142 объектісі аудандарда орналасқан. Сайлау өткізу кезінде департаменттің жеке құрамы қоғамдық тәртіпті сақтап, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қызмет көрсету режимі күшейтіледі. Сондайақ, қоғамдық тәртіпті сақтап, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге полиция департаментінің 738 қызметкерін жұмылдыру жоспарланып отыр. Олардың 538 қызметкері сайлау учаскелеріне бекітіліп, 200 қызметкер жақын аумақтарда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Облыс бойынша 9 сигналдық бекет қойылды. Туындаған әрбір төтенше жағдайда дер кезінде шұғыл қимылдау мақсатында 200 қызметкерден тұратын резерв жасақталды. Алдағы сайлау науқанын өткізуге дайындық ісшаралары ерекше бақылауда, — деді Ерлан Валерийұлы.

Көшпелі семинардың екінші бөлігінде аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары үшін кейстік технология негізінде іскерлік ойын нысанында тренингтер ұйымдастырылды. Іскерлік ойын барысында аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері дауыс беру күнгі сайлау комиссияларының жұмысын таныстыра отырып, учаскедегі дауыс беру процесінің үлгісін көрсетті. Орталық сайлау комиссиясының мүшелері қатысушылардың қойған сауалдарына жауап берді.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button