Сайлауда әр дауыс маңызды
Сайлау күні тура таңғы сағат 07.00-де қаладағы Зейнолла Қабдолов атындағы №40 мектепте орналасқан №91 сайлау учаскесінің есігі айқара ашылды. Мұнда сайлауды өткізуге қатысты жағдайлардың бәрі жасалып, дауыс берудің заңдық талаптары қамтамасыз етілген.
Қазақстан Республикасының Гимні орындалған соң сайлау учаскесіне ертелетіп келген 63 жастағы Багит Альмуханов пен зейнеткер Сəлімжан Кубаев (суретте) дауыс берді. Аға ұрпақтың өкілдері Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы үшін дауыс бергендерін, аса маңызды саяси науқаннан оң өзгерістерден күтетінін айтты.
– Бүгінгі сайлауда әр дауыс маңызды. Мен бүгін дауысымды өзім таңдаған партия мен үміткерге бердім. Жалпы, сайлау учаскесіне барып, дауыс беру әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы деп білемін, — деді бізбен сұхбаттасқан Сəлімжан Құбаев.
Аталған учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Жанаргүл Атчибаеваның айтуынша, сайлау учаскесінде 1831 сайлаушы тіркелген. Алғашқы екі сағатта олардың 30 пайызы өздерінің таңдауын жасаған. Үйден дауыс беруге арналған жылжымалы жәшікке əзірге өтініш түспепті.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА