
Сайлау – өзгеріске алғашқы қадам
Атырау қаласына қарасты Еркінқала ауылының тұрғыны, бірінші топ мүгедегі Наурызбек Шакиев сайлау науқанында №245 сайлау учаскесіне келіп белсенділік танытты. Ол сайлауға қатысудың маңызын түсініп, әрбір дауыс – ауылдың келешегіне қосылған үлес деп санайтынын жеткізді. Наурызбек мырза бұл азаматтық міндетін кішкентай қызымен бірге келіп орындады. Оның бұл қадамы – жас ұрпаққа үлгі, әрі ел болашағына деген сенімнің жарқын көрінісі болды
– Сайлауға қатысқандардың көп болғаны көңіл қуантады. Бұл – тұрғындардың өз болашағына бей-жай қарамайтынын көрсетеді. Ауылдық округтің дамуы үшін әлі де атқарылатын жұмыстар аз емес. Мысалы, көшелерге жарық шамдарын орнату, жаяу жүргіншілер жолдарын салу, балаларға арналған ойын алаңдарын жасау сынды маңызды мәселелер тұр. Мұның барлығы әкімнің қолындағы іс. Ал сол әкімді өзіміз сайлаймыз, — дейді ол.
Сайлаудың тек дауыс беру процесі ғана емес, халық пен билік арасындағы алтын көпір екенін айтқан тұрғын бұл науқанға үнемі қатысатынын айтты.
– Өзім сайлаудан қалмаймын. Әр сайлау – мен үшін маңызды оқиға. Өйткені бұл – тек елдің емес, өз ауылымның да келешегі үшін жасалатын нақты қадам, — дейді ол.
Қоғам белсендісі қазіргі уақытта «Атырау облыстық мүгедектігі бар жандардың қоғамы» қоғамдық бірлестігінде жұмыс істейді. Оның айтуынша, мұндай ұйымдар арқылы мүмкіндігі шектеулі жандар да қоғам өміріне белсенді араласа алады. Ал сайлауға қатысу – олардың азаматтық ұстанымын білдірудің бір жолы.
Алмас ҚАБДОЛ