
Қызылқоғада әкім сайлауы өтіп жатыр
Қызылқоға ауданына қарасты Қызылқоға ауылдық округінде орналасқан №153 сайлау учаскесінде бүгін таңғы сағат 07:00-де округ әкімін сайлау науқаны басталды. Аталған учаске округ орталығы Қарабау орта мектебінің ғимаратында орналасқан. Тұрғындар да таңертеңнен бастап учаскеге келіп, өз дауыстарын беруге асықты.
Дауыс беру процесінің заң талаптарына сай әрі ашық өтуін қамтамасыз ету мақсатында 5 адамнан құралған учаскелік сайлау комиссиясы жұмысын бастады.
Аталған округте 782 сайлаушы тіркелген болса, оның ішінде 276 сайлаушы дауыс беруге қатысып үлгерген. Сонымен қатар сайлауда 17 мүгедектігі бар жан мен 14 қарт адам да өз таңдауын жасап, дауыс беру құқықтарын пайдаланды.
Учаскеге алғаш келген дауыс берушілерге құрмет көрсетіліп, жылы лебіздер айтылды. Сайлаушыларға қолайлы жағдай жасалып, дауыс беру кабиналары толық жабдықталды, сайлаушылар тізімі нақтыланып, азаматтардың кедергісіз дауыс беруіне мүмкіндік берілді.
Тоғжан ЕРМЕК