Сайлау

Қайта өңдеудің қайыры

«Ауыл» партиясынан Парламент Мәжілісіне кандидат Серік Егізбаев, Ерболат Саурықов, Болатбек Қыстауов, Ілияс Досқожаев және жергілікті жердегі мәслихатқа кандидаттар Ақтөбе облысына барды. Олар «Айбек» ауыл шаруашылығы кооперативі мен «Новоальжан ұн комбинаты» ұжымымен кездесті.

2008 жылы құрылған «Айбек» ауыл шаруашылығы кооперативі кешенді жұмыс істейді. Кәсіпорын құрамында мал өсіру, бор­дақылау, сою, ет комбинаты, ет бұқтыру, қал­бырлау зауыты бар. Ет бағытындағы малды 4 шаруашылық өсірсе, бордақылау алаңында жылына 600 басқа дейін ірі қара бордақыланып, сойылады. Ет бұқтыру зауытында оны қалбырлаумен қатар, тұшпара тәрізді жартылай фабрикаттың 6-7 түрі шығарылады. Аталған зауыттың өз мүмкіндігі тәулігіне 48 мың банкі шығаруына шикізаттың аздығы қолбайлау болып тұр. Кәсіпорын бүгінде 80-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.

«Ауыл шаруашылығының үлкен көлемдегі аумағы еліміздің батыс өңірінде. Бірақ олар шашыраңқы орналасқандықтан өнімдерін өңдеу орындарына жеткізу өте қиын. Еліміз ауыл шаруашылығы өнімі шикізатын өңдеуді әлі толық иегере алмай жатқанының бір себебі осы. Әр аудан­да кем дегенде бір өңдеу мекемесі болу керек. «Ауыл» партиясының мақсаты шаруашылық өнімдерін өңдеп, сауда-саттық орындарына делдалсыз жеткізу. Ол дегеніміз – қосымша пайда. Өнім шикізат күйінде сатылса ол болмайды. Қайта өңдеу кәсіпорындары сол үшін керек. «Ауыл» партиясының мақсаты – осы саланың тамырына қан жүгірту. Қайта өңдеу мекемелерін мемлекет тарапынан қолдау деңгейі сұранысқа сай емес. Олар ойдағыдай жұмыс істеп, нәтиже көрсетуі үшін мемлекет оған аямай қаржы салып, көп көлемде инвестиция құю қажет. Бәрін бизнес өкілдерінің мойнына артып, қарап отыруға болмайды. Мемлекет қолдау тетіктерін жетілдіріп, қайта өңдеу мекемелерін қамтамасыз етуге тиіс. Сол кезде ғана экономикалық тиімділік болады. Қайта өңдеуші кәсіпорындарды қол­дап, олардың өнімдерінің шетелге саудалануы­на жағдай жасау керек. Шетелге шыққан тауар валюта әкеледі. Валюта көбейген сайын кәсіпорынның да әлеуеті артып, қосымша жұмыс орнын ашады», деді Ерболат Саурықов.

Related Articles

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button