Мәслихат неге мүләйім?
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа Жолдауында «Саяси жаңғыру аясында мәслихаттар жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі буынына айналуға тиіс. Сондықтан мәслихаттардың өкілеттігін нақты белгілеу қажет» деп атап өткен болатын. Мемлекет басшысының айтқанына үш жылға жуық уақыт өткенімен бұл тапсырма жүзеге асқан жоқ. Жергілікті Мәслихаттар әкімнің рұқсатынсыз ешбір шешім қабылдай алмайтын бұрынғы механизм, яғни мүләйімсіген күйінен өзгере қоймады.
Бұл мәселені республика Парламенті Мәжілісіндегі «Ақ жол» фракциясының мүшелері бұған дейін де өздерінің депутаттық сауалдарында көтерген болатын. Онда елде қабылданған «Күшті Президент–ықпалды Парламент–есеп беретін Үкімет» формуласын жергілікті деңгейде «ықпалды мәслихат–есеп беретін әкім» қағидасына жалғастырып, Мәслихатты әкімдікке тәуелсіз ету шараларын қарастыруды ұсынған еді.
Парламент Мәжілісінің депутаты, фракция мүшесі Серік Ерубаевтың айтуынша, сол кездегі Үкіметтің берген жауабында тек қолданыстағы заңнама нормаларын тізбектеп, Мәслихаттардың штаты жөнінде статистиканы ғана көрсеткен. «Ақжолдық» депутаттардың көтерген мәселесі бойынша ешқандай нақтылық байқалмапты. Ал, «мәслихат таратылған жағдайда депутат өкілеттігі тоқтатылған күннен бастап үш ай бойы жәрдемақы төлеуді көздейтін норма ұсынылады» деген жауап сауал жолдаған «ақжолдықтарды» мүлдем таң-тамаша қалдырды.
Сол себепті, республика Парламенті Мәжілісінің 18 желтоқсан күнгі жалпы отырысында Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев өзінің палатаның «Ақ жол» фракциясындағы әріптестері Азат Перуашев, Дания Еспаева, Ерлан Барлыбаев, Қазыбек Иса, Елнұр Бейсенбаевтармен бірге Премьер-Министр Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдап, Мәслихаттардың құзыреті мен олардың мәртебесін күшейтуді талап етті. Сауалда Үкімет тарапынан берілген алдыңғы жауапқа қанағаттанбағанын айтып,азаматтардың өкілетті билікке деген сенімін нығайтуды көздеп отыр.
Фракция мүшелері біріншіден, халық сайлаған Мәслихат депутаттарына тағайындалған әкімнің үстемдік етуі демократия принциптеріне сай келмейді деп есептейді.Өйткені, сайлау кезінде Мәслихат депутаттарының кандидатуралары тек әкімдіктің мақұлдауынан кейін ғана бекітіліп, оларды қолдау үшін барлық әкімшілік ресурстар іске қосылатыны белгілі. Мәжілістегі «ақжолдықтар» бұған заң жүзінде қатаң тосқауыл қоюды қажет деп санайды.
Одан әрі депутаттық сауалда фракция мүшелері:
«2) Заңнамаға сәйкес Мәслихаттың кезектен тыс сессиясы әкімнің ұсынысы бойынша шақырылады. Қалыптасқан тәжірибеге сай, егер әкім бастамашы болған жағдайда ол күн тәртібін қалыптастырады, ал депутаттар оған өзгеріс жасай алмайды. Соңғы отыз жылда Мәслихат депутатының ұсынысы бойынша кезектен тыс сессияның шақырылғаны кемде-кем;
3) Шағын кәсіпкерлерді қолдайтын мықты тетіктің бірі – бөлшек салығын екі есе төмендету құқығы Мәслихаттарға 2023 жылы берілген болатын. Алайда, осы норма енгізілген кезде, үш облыс қана осы құқықты пайдаланды. Өзге облыстарда әкімдік қарсы болғандықтан, мәслихаттар оны аттап өте алмады.
Тек барлық деңгейдегі «Ақ жол» партиясынан сайланған депутаттар бірнеше рет қайталап, облыс, қала, аудан әкімдеріне талап қойып, 30-дан астам сауал жолдағаннан кейін ғана Алматы қаласынан басқа аймақтардың барлығы бөлшек салығын 4 пайыздан 2пайызға азайту жөнінде шешім қабылдады;
4) Депутаттың өз өкілеттігін жүзеге асыратын құзыреттің бірі – депутаттық сауал. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске сай қарапайым азаматтан түскен сауалға мемлекеттік органдар 15 күннің ішінде жауап беруі тиіс. Ал, депутаттардың сауалына жауап беруге 30 күн уақыт белгіленген.
Демек заманауи байланыс технологиялары дәуірінде жауапты бір айға созуға қандай қажеттілік бар?
Біз «депутаттың құқығы кемінде азаматтармен тең болуы керек» деп санаймыз. Сондықтан, Парламент Мәжілісі мен Мәслихат депутаттарының сауалдарына жауап беру мерзімін 15 күнмен шектеуді ұсынамыз;
5) Әкімдер халық өкілдерінен өздерін биік қоймай, Мәслихат алдында есеп беретін атқарушы органның басшысы екенін ұмытпағаны жөн. Бұл тұрғыда Мәслихат пен әкімдік арасындағы қатынастарды Мәжіліс пен Үкімет арасындағы қатынасқа сәйкестендіруді қажет деп санаймыз» — деп өздерінің ұсыныс-талаптарын өткір жазып көрсеткен.
Әрине, Президент ұсынған конституциялық реформадан кейін Премьер-Министрдің және барша Үкімет мүшелерінің (министрлер) кандидатуралары әуелі Парламент Мәжілісінің салалық комитеттерінде талқылаудан өтіп, мақұлданады. Серік Ерубаев бастаған «Ақ жол» фракциясының мүшелері жергілікті басқарма басшыларының да кандидатураларын сол сияқты мәслихаттың салалық комиссиясында қарап, мақұлдауды ұсынып отыр.
«Сонда ғана атқарушы орган депутаттарға менсінбей қарамай, олар көтеретін мәселелерді бейтарап емес, мүдделі түрде ынтымақтастық қатынаста қарауға мәжбүр болады. Мұндай тәсіл Мәслихаттардың беделін көтеретін тетіктердің бірі бола алады деген ойдамыз», — дейді олар.
Ойын осылайша түйіндеген Парламент Мәжілісіндегі «Ақ жол» фракциясы Үкімет басшысы Олжас Бектеновтен 2022 жылғы конституциялық реформаларда қарастырылған жергілікті өкілетті органның мәртебесін көтеру мақсатында әкімдіктердің Мәслихат алдында есептілігін шынайы қамтамасыз ететін және олардың өкілеттіктерінің ара-жігін айыру бойынша ұсынысын беруін сұрады. Алайда, ол жауаптың қаншалықты нақты болатыны әзірге беймәлім.
Қуандық ШӘКІРОВ