Сайлау
ЕРЛАН ҚОШАНОВ ӨЗ ТАҢДАУЫН ЖАСАДЫ
Бүгін Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлауда елордада «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов дауыс берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Е. Қошанов Астанадағы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының ғимаратында орналасқан №110 сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасады. «Сайлауды ұйымдастыру өте жоғары деңгейде. Халық дауыс беруге белсенді түрде барып жатыр. Халықтың саяси өмірге араласуы қарқыны да жақсы», — деді партия төрағасы. Осы орайда ол сайлаудың әділ өтетініне сенімді екенін айтты. «Сайлаудағы дауыс беру процесін байқаушылар егжей-тегжейлі қарап отыр. Сондықтан сайлау әділ өтетініне еш күмән жоқ», — деді Е. Қошанов. Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Қазақстанда Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау басталды.