Бұл сайлаудың ерекшелігі көп…
Атырау өңірінде сайлау жоғары деңгейде өтті. Биылғы науқанның мәні де, маңызы да бұрынғыдан зор.
Біріншіден, үміткерлердің сайлауалды бағдарламалары өте нақты әрі болашағы зор. Оның ішінде ауыл шаруашылығын дамыту, азық-түлік қауіпсіздігі, әлеуметтік мәселелер, бәрі қамтылған.
Екіншіден, елдің ертеңі үшін жаны ашитын азаматтарға өзін-өзі ұсынуға мүмкіндік берілді.
Үшіншіден, дауыс берушілерге бес бірдей бюллетень берілді. Яғни, сайлауға түсу үміткерлерге оңайға түскен жоқ. Мәжіліс депутаттығына тіпті оннан астам үміткер болды. Кіл мықтыдан кім мықты, мұны анықтау халық үшін де оңай болмады. Бұл сайлаудың барынша әділ өтуіне негіз болды. Осының өзі халықтың саяси сауатын арттыруға үлкен үлесін тигізді деп есептеймін.
Бастысы, Атырауда заңбұзушылықтар тіркелген жоқ. Еліміздің басты саяси науқаны тыныш өтті.
Бірақ, бір ғана өкініштісі, сайлауға қатысу үлесі сәл аздау болғанын мойындауымыз керек. Атыраулықтардың шамамен тек жартысы ғана дауыс берді. Демек, бұл сайлауға тәжірибе ретінде қараған дұрыс. Яғни, кем-кетіктері болса, сабақ алуымыз қажет деген сөз.
Сонымен, дауыс бергендер неге аз болды? Меніңше, көбінесе, облыс орталығындағы тұрғындар қатысқан сияқты. Себебі, атыраулықтардың бір бөлігі вахталық әдіспен жұмыс жасайтыны белгілі ғой. Олар арнайы талон алуы керек, бұл да өз әсерін тигізбей қоймасы анық. Бірақ, есесіне, қалаға қарасты ауылдық округтерде белсенділік өте жоғары болды. Тіпті, 12 мың адам дауыс берген ауылдық округтер де болды.
Сайлаудың соңғы ерекшелігі – бақылаушылардың көптігі. Бұл да өз кезегінде сайлаудың ашық және кемшіліксіз өтуіне септігін тигізді деп ойлаймын. Қалай болғанда да, халық ел игілігі үшін, өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін дауыс беріп, өз таңдауын жасады деп ойлаймын.
Серік ҚАДЫРОВ,
Атырау облысының кәсіподақтар орталығы «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы, тәуелсіз сарапшы