Баспана тапшылығын азайту – басты міндет
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының тізімі бойынша Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат Мақсұт Насибулов Астанада жұмыссыз жүрген азаматтармен кездесті.
Кездесу барысында жұмыспен қамтумен қатар, азаматтардың несие берешегі туралы мәселелер көтерілді. Кандидаттың мәліметінше, 7,4 млн азаматтың басында кем дегенде бір несие бар. Жыл сайын бұл көрсеткіш артпаса, төмендеген емес. Мәселен, соңғы 12 айдың қорытындысы бойынша несие алған отандастарымыздың саны 962 мыңға артқан.
– Бұл мәселені тұрғындардың әлеуметтік жағдайын арттыру арқылы реттеуге болады. Ол үшін нарықта сұранысқа сай мамандықтарды оқытуды мықтап қолға алған жөн. Оқу ақысын субсидиялау сияқты қаржылық проблемалардың да шешілуі маңызды, – деді Мақсұт Насибулов.
Кездесуде жастарды баспанамен қамту мәселесі де сөз болды. Еліміздің бараз өңірінде, соның ішінде Алматы қаласында жастар үшін баспана – ең өзекті мәселе. Қалада пәтердің бағасы тым жоғары. Әрине, еңбек жолын енді ғана бастаған жастар бірден пәтер сатып ала алмайтыны түсінікті. Бірақ солай екен деп еш қарекетсіз қол қусырып отыруға болмайды. Жастардың баспана алуына жан-жақты жағдай жасау керек. Бұл – мемлекеттің басты міндетінің бірі. Осы орайда Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы жергілікті әкімдіктер тиімді тәсілдер ойластыруы керек деп есептейді.
– Әкімдік жалға берілетін тұрғын-үй салу үшін инвесторларға тартымды болатын тиімді тәсілдерді ойластыруға тиіс. Бірақ жалдамалы үйлер тым қымбатқа түспеуі керек. Ондай пәтерлер, ең алдымен, қолжетімді болуға тиіс. Жалпы, жастар үшін баспаналы болу қол жетпес арманға айналмауы керек. Басында баспанасы бар жастардың ертеңгі күнге деген сенімі артады. Қалаларда тұрғын-үй тапшылығын азайту – аса маңызды міндет, – дейді кандидат.
Мақсұт Насибулов халықтың басым бөлігінің кедейлігі туралы мәселені көтерді. Оның айтуынша, халықтың жаппай кедейлігі мемлекетке өте қымбатқа түседі. «Бұл ретте, мәселені шешу үшін тың тетіктерді іске қосу маңызды», деді ол.