
Ауыл халқы әкімін өзі сайлайды
Ауыл әкімдерін халықтың тікелей дауыс беруі арқылы сайлау үрдісі демократиялық қоғам құру жолындағы маңызды қадам саналады. Ол 2021 жылы бастау алған еді. Биыл шілде айында алғашқы болып сайланған әкімдердің өкілеттік мерзімі аяқталып, жаңа сайлау өтпек. Атырау облысында 12 ауылдық округ бойынша әкімдер қайта сайланады немесе жаңадан сайланады. Осыған орай біз облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әсия Қыстаубаевамен сұхбаттасып, сайлау процесінің негізгі кезеңдері мен ерекшеліктерін білмек болдық.
– Әсия Баянқызы, алдымен осы жолғы сайлаудың ауқымы туралы айтып өтсеңіз. Қай округтерде сайлау өтеді?
– Қазақстанда іске асырылған Конституциялық реформалардың нәтижесінде жергілікті әкімдерді халықтың өзі сайлайды. Бұл – халық пен биліктің арасын жақындататын үлкен өзгеріс. 2021 жылдан бері облысымызда аудандық маңызы бар 68 қала, кент, ауыл және ауылдық округ әкімдері халықтың тікелей дауыс беруі нәтижесінде сайланды.
Сол жылдың шілде айында 18 әкім, қараша айында бір әкім сайланған еді. Осы әкімдердің 4 жылдық өкілеттік мерзімі биыл аяқталуына байланысты 13 шілде күні кезекті сайлау өтеді. Бұл жолы Атырау қаласының Қайыршақты ауылдық округі, Жылыой ауданының Қара Арна, Индер ауданының Жарсуат, Исатай ауданының Аққыстау, Құрманғазы ауданының Ақкөл, Асан, Орлы, Сафон, Теңіз ауылдық округтері, Қызылқоға ауданының Қызылқоға және Махамбет ауданының Ақжайық ауылдық округінде сайлау өткізіледі.
Сонымен қатар 2022 жылы сайланған Атырау қаласының Еркінқала ауылдық округі әкімінің өз өтінішіне сәйкес, өкілеттік мерзімі уақытынан бұрын тоқтатылды. Сондықтан бұл округте де 13 шілдеде сайлау өтеді.
– Кандидаттарды ұсыну тәртібі қандай? Қай күнге дейін ұсынуға болады?
– «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес, кандидаттарды ұсыну 5 маусымда басталды және 17 маусым күні сағат 18:00-де аяқталады.
Кандидаттар үш жолмен, яғни саяси партиялар өз мүшелері арасынан, азаматтар өзін-өзі ұсыну арқылы ұсынылады. Сонымен қатар егер белгіленген мерзімге дейін екіден кем кандидат ұсынылса, жоғары тұрған әкім өз тарапынан кандидатты ұсынуға құқылы.
Өзін-өзі ұсынған кандидат округ сайлаушыларының жалпы санының кемінде 1 пайызының қолдауына ие болуы керек. Бұл – қол жинау парақтарын толтыру арқылы жүзеге асырылады. Қол жинау парақтарының үлгісін Орталық сайлау комиссиясы бекіткен.
– Кандидаттарға қандай талаптар қойылады?
– Ауылдық округ әкімдігіне үміткер адам міндетті түрде Қазақстан Республикасының азаматы болуы, 25 жасқа толған, бәсең сайлау құқығына ие, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарына сай болуы керек. Бұл талаптарға еңбек өтілі, арнайы тексеруден өту және сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық жауапкершіліктен таза болуы жатады.
Сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңның 36-бабына сәйкес, бір адам ауылдық округ әкімі болып қатарынан екі реттен артық сайлана алмайды.
– Сайлауды өткізетін сайлау комиссиялары туралы айтып өтсеңіз.
– Бұл жолғы сайлауға 7 аумақтық және 36 учаскелік сайлау комиссиясы қатысады. Жалпы саны – 307 комиссия мүшесі. Барлық комиссиялар сайлау өткізуге толық дайын.
Учаскелік комиссия мүшелеріне арнап 4–12 маусым аралығында арнайы оқыту семинарлары өтуде. Бұл семинарлар Атырау қаласы мен аудандарда аумақтық сайлау комиссияларының ұйымдастыруымен жүргізілуде.
– Соңғы сұрақ, халық бұл сайлауға неге қатысуы керек деп ойлайсыз?
– Сайлау – азаматтардың елдің саяси өміріне, мемлекеттік басқару ісіне қатысуының басты нысаны. Ауыл әкімі – халыққа ең жақын басқарушы тұлға. Оның қабылдаған шешімдері тікелей жергілікті тұрғындардың өміріне әсер етеді. Сондықтан әрбір тұрғын өзінің дауысын беру арқылы ауылдың болашағына үлес қосады.
13 шілде күні өтетін сайлауға жоғарыда аталған ауылдық округтердегі жерлестерімізді белсенді қатысуға шақырамын. Бұл – әр адамның ел дамуына қосар нақты үлесі.
Сұхбаттасқан Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ